Қалада жәрмеңке өтті дүрілдеп…

Бұл күнгі сенбінің таңы кеншілер қаласында әдеттегіден ерекше атты. Соңғы кездері жәрмеңке өткізіледі деп арнайы жабдықталған алаңда қарақұрым халықтың қарасы көп. Арзан азық-түлікті алуға асыққан қала халқы артынып-тартынып жеткен ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің товарларын сатып алуда. Тіпті, Кеңес кезіндегідей ұзын-сонар кезекте тұрғандар да жетерлік.

20131206_20_01

Тұңғыш Президент күніне орай­лас­ты­рыл­ған шараға қаламызға қоңсылас жатқан ауылдардың товар өндірушілері біркісідей келіпті. Солардың қатарында қаламыздағы ірі шаруашылық серіктестіктері мен саяжайлары бар тұрғындар да сөрелерін жайып тастаған.

Бұл күнгі жәрмеңкеде бәрі бар. Бір жерде келілеп сатылып жатса, енді бір жерде қаптап саудалануда. Ет сататын алаңдағы елдің қа­расы бұрынғыдан да көбейе түскендей. Өйткені, мұнда жіліктелген етпен бірге соғымға деп сойылып, қатырылған тұтас малдың еті де тұр. Жабағы мен тайыншадан бастап сиыр мен жылқының тушасын таңдап ала беріңіз. Бағасы да былтырғыдан анағұрлым төмен сыңайлы.

– Бүгінгі жәрмеңкеге көңілім толды. Сиырдың бір санын сатып алдым. Бағасы базардағыдан әлдеқайда төмен. Елбасы күнінің құрметіне ғана емес, сенбі сайын баға осындай төмен болса халыққа да қолайлы болар еді, – дейді қала тұрғыны Жаңыл апа.

Қала халқының қуанышына айналған жәрмеңке осылайша елдің нәпақасын айырып отыр. Биылғы ауа райының қолайлы болуын жақсылыққа жорыған жұртшылық ауыл шаруашылық өнімдері бағасының арзандарына да сеніммен үміттене қарайды.

Айтпақшы, бұл жәрмеңкенің өзгелерден айырмашылығы әуелете шырқалған әнмен әрленуі болды. Жәрмеңке кезінде қаламыздың көркемөнерпаздары, мәдени сауық орталығының әншілері мен ардагерлер хоры ұжымы халыққа әннен шашу ұсынды.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.