Біріншілік жүлдесі өрт сөндірушілерде
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орайластырылып өткізілген волейболдан қалалық біріншілік мәреге жетті. Қаладағы мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен бұл сайысқа 8 құрама топ қатысып, бақ сынады.
Салауатты өмір салтын насихаттап, спорттың осы түрін дамыту бағытында ұйымдастырылған біріншіліктің ІІІ орнын мәдени-спорттық сауықтыру орталығының командасы иеленсе, ІІ орынды қалалық әкімдік қызметкерлері жеңіп алды.
Төрешілер №44 өртке қарсы қызмет мекемесі мамандарынан құралған топтың ойын барысында көрсеткен кейбір ерекшеліктерін ескере келе, ұжымды біріншіліктің жүлделі І орнымен марапаттады. Сонымен қатар, ойында ерекше көзге түскен кейбір жекелеген ойыншылар да марапатқа ұсынылды.
Барлық жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды.
Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.