Британдық компания өкілдерімен кездесті

Дүйсенбі күні Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омардың төрағалық етуімен британдық «British Fastrak» компаниясы өкілдерімен кездесу болып өтті.

20131206_02_01

Кездесу негізінен қаламыздың аумағында салынатын жаңа заводтың жобасымен танысуға бағытталған. Оған Лондоннан арнайы келген «British Fastrak» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Пол Антони Джарвеис пен «Vado Group» инвестициялық тобының төрағасы Вадим Опескин, осы компанияның аймақтық өкілдігі «British Fastrak Buildings» ЖШС-ның бас директоры Ғалым Еденбаев, осы серіктестіктің консультанты Талғат Матишев, ал жергілікті органдардан әкім орынбасарлары мен құрылыс, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары мен мамандары, қаламыздағы екінші деңгейлі банктердің басшылары қатысты.

Алдымен қала басшысы қадірлі меймандарды және әріптестерін Тұңғыш Президент күнімен құттықтай келіп, кездесудің жай-жапсарымен таныстырды.

– Бүгін біздің қала тарихы үшін ерекше оқиға болғалы отыр. Көптен бері күтіп жүрген үлкен бір істің орындалар орайы келіп тұрғандай. Өздеріңізге мәлім, қаламызда тұрғын үй және өзге де нысандар құрылысына қажетті қондырғылар мен құрастырмалар шығаратын завод ашу мәселесін көтерген едік. Осы заводты салу үшін өздерінің жобаларымен таныстыруға Лондоннан «British Fastrak» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Пол Антони Джарвеис пен «Vado Group» инвестициялық тобының төрағасы Вадим Опескин мырзалар арнайы ат арылтып келіп отыр. Бұған дейінгі болған кездесуде аталмыш компанияның аймағымызда арнайы өкілдігі болып саналатын «British Fastrak Buildings» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылған болатын. Сондай-ақ, жаңа завод салынатын орын да белгіленген еді. Меймандар бүгін осы мәселені пысықтай келіп, өздерінің жұмыс бағытын сіздердің назарларыңызға ұсынбақ, – дей келіп, әкім Әнуар Омар алыстан ат арылтып арнайы келген қонақтарға кеншілер қаласының экономикалық әлеуеті жайлы да қысқаша айтып өтті.

Өз кезегінде сөз алған «British Fastrak» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Пол Антони Джарвеис әуелі өзінің Қазақстан жайлы көзқарасы мен алған әсерлерін бүкпесіз баяндап берді.

– Мен өзімнің Қазақстанға мемлекеттегі маңызды мерекелердің бірі – Тұңғыш Президент күні тойланып жатқан сәтте келуімді тағдырдың берген үлкен сыйы деп білемін. Елінің Елбасын қалай құрметтейтінін көзіммен көрдім. Мемлекет басшысы да еліне барлық жағдайларды жасап жатыр. Біздің Қазақстанға келуіміздің өзі Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның сарабдал саясатының жемісі. Осындай Президенті бар Қазақстан халқы бақытты. Мен баршаңызды осы Президент күнімен құттықтаймын. Отбастарыңызға бақыт, береке тілеймін, – дей келіп, Пол Антони Джарвеис мырза компанияның тарихын қысқаша айтып өтті.

Оның айтуынша, әлемнің әр түкпірінде өзінің бизнес жобасы бар аталмыш компания жылжымайтын мүліктер салуда 40 жылдық тәжірибе жинақтапты. 20 жыл бойы Европадағы ірі консалтингтермен әріптестікте болған. 1970 жылы Парижде өз фирмасын ашқан Пол Антони Джарвеис үлкен құрылыстар салумен айналысып, мол тәжірибе жинақтаған. Кейін Ресейде ірі құрылыс фирмаларымен іскерлік байланыста жылжымайтын мүліктер құрылысымен айналысып, талғамды талап биігінен көріне алған.

Осындай мол тәжірибесі бар компания енді Қазақстанда, оның ішінде біздің кеншілер қаласында бизнес жобасын жасамақ. Бұл жобаның Қазақстан бойынша тұңғыш екенін ескерсек, оның біз үшін мәртебесі де, мерейі де зор болмақ. Кездесу барысында делегация тарапынан металды құрастырма заводын салу жобасы мен оны инвестициялау, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.

Аталған өндірістік нысан жобасында тұрғын үй және өзге де жылжымайтын нысандар салу, оларға қажетті металды құрастырмалар шығару, орналастыру көзделген. Сондай-ақ, британдық тарап өңірімізде басымдық берілетін бағыттарды барынша қамтуға, жергілікті билік ұсыныстарын қаперге алуға мүдделі екенін жеткізді.

Қала басшысы Әнуар Серікбайұлы завод құрылысына және оның кейінгі толыққанды жұмыс істеуі кезінде өндірістік орындарда жергілікті мамандарды оқыту және оларды жұмысқа орналастыру ойын да алға тартты. Сонымен қатар, бұл жобаның еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның кейбір бағыттарын жүзеге асыруда тиімді жоба болатындығын да атап өтті. Алайда, өндірістік нысандар жобасына инвестиция тарту мен құрылыс мерзімі мәселелерін пысықтауды ұсынды.

Кездесуде әкім орынбасарлары мен бөлім басшылары өздерін толғандырған сауалдарды да бүгіп қалмады. Салынатын тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттардың жергілікті аймақтың ауа райына төзімділігі, құрылыстарды салу мерзімі, сапасы екі жақты әңгіменің өзегіне айналды.

Кездесу соңында қала әкімі Лондоннан келген қонақтарға алғыс білдіріп, олардың ұсыныстары қала үшін маңызды екендігін атап өтті. Қос тараптың мамандары жобаның экономикалық мәселелерін жіті қарауы қажеттігін айтты. Кездесуді қорыта келе, қатысушылар екі жақты әріптестік орнатуға үміт білдірді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.