Ән арқауы – елбасы

20131206_10_02_120131206_10_02_2Тұңғыш Президент күні қарсаңында Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Елімен бірге – кемеңгер Елбасы» атты патриоттық әндер фестивалі өткізілді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің негізін салудағы орасан зор еңбегі, салиқалы саясаты мен көшбасшылық қасиеттерін дәріптеуді көздеген ән мерекесінде республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпаз әншілері мен бишілері өнер көрсетті.

«Нұр шашу» би тобының орындауындағы мың бұралған бимен ашылған фестиваль әндер шеруіне жалғасты. Елімізде ауқымды көлемде екінші рет аталып отырған бұл айтулы шарада алғашқы сазды сәлемді фестиваль қонағы, Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған қалалық филармониясының әншісі Жанбол Көпбосынов жолдады.

Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздар Анита Гатиятова, Ақбота Ақбергенова, Гүлманат Қашқынбаева, Төлеу Халифа, Мадияр Құлашев, Оқушылар сарайы тәрбиеленушілерінің вокалды тобы, «Самоцветы» ардагерлер хоры «Два крыла», «Весна на заречной улице», «Туған жер» т.б. Елбасының сүйікті әндерін орындады. Фестивальда Нұрсұлтан Әбішұлының авторлық әндері де шырқалып, жиналған қауымның патриоттық сезімін серпілтті. Әсіресе, елге, жерге деген махаббатты білдіретін «Сері» триосының «Үш қоңыр», Салтанат Серкебаеваның орындауындағы «Город мой» әндері тыңдармандар жүрегінен орын тапты.

Кеш барысында көрермендер назарына бейне-слайд ұсынылып, онда әлем мойындаған бірегей тұлға, саясаткер, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың балалық, жастық шағына шолу жасалды.

Орындаушылар патриоттық әндер арқылы көпшілікке Ұлт Көшбасшысының ықпалды әрі құрметті саяси келбетін көрсетіп қана қоймай, шығармашылық тұлға, ақын, бірқатар әндердің авторы ретіндегі қырларын да танытты.

Фестивальді қорытқан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар тапсырды.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.