Мұз айдынындағы мерекелік шара тұңғыш президент күніне арналды

Жексенбі күні қаламыздағы спорт-сауықтыру кешенінің мұз айдынында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналған салтанатты шара болып өтті. Оған әкім Әнуар Омар бастаған қала басшылығы мен депутаттар корпусы, ардагерлер мен қаланың Құрметті азаматтары, еңбек ұжымдарының өкілдері мен мектеп оқушылары, қала жұртшылығы қатысты.

20131206_10_01_0

Еліміз тарихында екінші рет тойланып отырған бұл мемлекеттік мерекенің өзіндік мәні бар. Қазақстанның әлем таныған қуатты мемлекет болып қалыптасуында оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі ерен. Осы арқылы Елбасымыз жер жүзіне танымал саясаткер, көреген басшы болып отыр. Сондықтан да, ел тарихындағы игі жақсылық істердің бастамашылы болып жүрген Тұңғыш Президент күнін атап өту үлкен жауапкершілікті жүктейді.

20131206_10_01_2 20131206_10_01_1Еліміздің қалыптасуы барысында стратегиялық және тактикалық ауқымды мәселелерді шешудегі қайтпас қайсар ерлік мінезі, елді экономикалық қиындықтардан аман алып шығу шеберлігі Президентімізді биік нәтижелерге көтерді. Барлық қазақстандықтар сияқты біз, сәтбаевтықтар да Ұлт Көшбасшысы, Президентімізбен бірге барлық кедергілерді іскерлікпен жеңе білгенімізге мақтанамыз.

Мұз айдынындағы мерекелік шараның шымылдығы Елбасының осындай еңселі биіктерді бағындырған елеулі жетістіктерін дәріптеген бейнефильммен ашылды. Бұдан соң қала әкімі Әнуар Омар қалалықтарды мерейлі мерекемен құттықтады.

– Құрметті сәтбаевтықтар! Баршаңызды еліміздегі маңызды мерекелердің бірі де бірегейі – Тұңғыш Президент күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! – деді қала басшысы.

– Еңбекте – табыс, игі істеріңізге сәттілік пен құт-береке тілеймін! Еліміз нығайып, өркендей берсін, ағайын! Бостандықты өз қолына алған Қазақстанымыз Ұлт Көшбасшысының арқасында алға сеніммен қадам тастауда. Елбасымыздың бастамасымен Орта Азиядағы, ТМД-дағы үлгі аларлық ел болдық. Құқықтық, әлеуметтік-экономикалық жақтан дамыған мемлекет атанып, халықтар арасында келісім мен азаматтық қоғам қалыптасты. Елбасының ақылы мен парасаты бізді биікке бастады. Елімізде дамудың дара жолдары қалыптасты.

Сәтбаев қаласы шағын қалалар санатына еніп, соның арқасында жаңғырту бағдарламасымен қаржыландырылуда. Қаламыз қайта түлей түсуде. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы өңірімізде етек жаюда, жұмыс бойынша кәсіпке оқытып алу үрдісі өмірге енді. Елбасымыз бен Үкіметіміз түрлі қамқорлықтарды жасауда. Сондықтан да, біз Елбасымен бірге талай биіктерді бағындыра береміз. Мереке баршаға құтты болсын!

Бұдан соң қала әкімі Әнуар Омар қаланың қоғамдық және саяси өміріне өздерінің елеулі үлестерін қосқан бір топ еңбек озаттарын Құрмет грамотасымен марапаттады.

Мерекелік жиында «Жезқазғантүстімет» ЖШС-нің техникалық директоры Талғат Мағзұмов сөз алып, қала жұртшылығын «Қазақмыс» корпорациясы басшылары мен кеншілері атынан құттықтады.

Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шараның соңы концерттік номерлерге ұласты. Мұнда қаланың жас әншілері патриоттық әндерден поппури орындады.

Салтанатты шараға жиналған мектеп оқушылары да босқа отырмады. Олар «Берік іргеміз – Елбасымен біргеміз», «Жасасын Қазақстан! Жасасын Елбасы!» деп ұрандатып, мұз айдынын жаңғырытып отырды. «Қазақмыс» корпорациясының «Қазақмыс-спорт» жастар мен балалар спорт мектебінің жас хоккейшілері Мемлекеттік Туды желбіретіп, мұз айдынында сырғанап өткенде ұрандаған оқушылар қолдарындағы жалаушаларын желбіретіп, жұртшылықтың рухын бұрынғыдан да көтере түсті.

Келесі кезекте мұз айнынына шыққан аталмыш мектептің жас мәнерлеп сырғанаушылары, республикалық чемпионаттың жеңімпаздары Русалина Мадымарова, Назар Әбдіраманов, Алина Антонова мұз мүстінде мың бұрала билеп, шеберліктерімен жұртшылықты тәнті етті.

Осылайша қала жұртшылығы Тұңғыш Президент күнін ерекше жағдайда атап өтті.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.