Құқықтық білімдерін толықтырды

Жақында №27 орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Бектібаеваның ұйымдастыруымен кәмелетке толмағандар арасында заң ұғымдарын түсіндіру, жасөспірімдердің заң аясындағы білімін жетілдіру мақсатында ата-аналар, мұғалімдер, 8 сынып оқушылары арасында «Мен және менің полицейім» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің қонақтары ретінде мектеп инспекторы Д.Каменов, №5 мектеп инспекторы Н.Қалиев, мектеп психологы Р.Алиева және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Баймуханова қатысты.

Дөңгелек үстел «Күнделікті көрініс», «Мен заңды қаншалықты білемін?», «Ешқандай заңы жоқ арал», «Қызыл, сары, көк ауыл», «Қылмыскер бала қайдан шығады?» деген бөлімдерден тұрды.

Оқушылардың құқықтық білімін тексеру мақсатында балаларға «Жеке адамның құқығы дегеніміз не?», «Құқықтың қандай түрлерін білесің?», «Адамның негізгі құқығы қандай?», «Бізге құқықпен бірге бостандық беріледі», «Бостандық деген не?» сияқты сұрақтар қойылды. Оқушылардың жауаптарын полиция инспекторлары толықтырып, заң тұрғысындағы жауапкершілік, құқық туралы қосымша мәлімет берді.

«Күнделікті көрініс» бөлімінде құқық бұзушылық туралы ситуациялық тапсырмалар беріліп, оқушылардың ой-пікірі тыңдалды. «Мен заңды қаншалықты білемін?» бөлімінде бүгінгі күні қоғамды алаңдатып отырған жағдайлардың бірі – мектеп жасындағы балалардың қылмыс жасауының себептері талқыланды. Жалпы іс-шараның оқушыларға берері мол болды. Олар құқықтық білімдерін толықтыра түсті.

Дөңгелек үстел ата-аналардың жауапкершілігін ұмытпай, балаларының құрбы-құрдастарына да мән бергені дұрыс деген оймен қорытындыланды.

Г.Бектібаева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Комментарии закрыты.