Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін күрес күніне орай қараша айының 25 мен желтоқсан айының 10 аралығында акция жарияланды. Акция аясында №25 орта мектебі үлкен іс-шара өткізді.

Ұйымдастырушылар тарапынан 8-10 сынып оқушыларына арнайы дәріс оқылды. Қаламызда орын алған 2005 жылғы ұрланған оқушының оқиғасы мысалға келтіріліп, қайталанбау үшін әркімнің өз-өзіне жауапкершілікпен қараулары сұралды.

Бейбітшілікте бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Қоғамның айнасы, ұлттың болашағы болып саналатын әйелдердің құқығын қолдау үшін мемлекет гендерлік саясатқа, олардың теңқұқылы еңбек етулеріне, отбасында, қоғамда тыныш өмір сүрулеріне баса назар аударылды. Тәуелсіздігімізді алып, ұлттық болмысымызды айдай әлемге паш еттік. Алайда, батыстың ызғарлы ықпалы қазақ жерін айналып өтпеді. Әлемде белең алып жатқан түрлі оқиғалардың куәсі ретінде бір қазанда біте қайнасып отырмыз. Елімізде әйелдеріне зорлық-зомбылық көрсететін еркектер, адам саудасымен айналысатын ұйымдасқан топтар пайда болды. Осы шектен шыққан көріністермен жұмыла күреспеске амал жоқ.

Кейбір отбасында келіспеушіліктен туындайтын зорлық-зомбылықтың түрлерін мектепке арнайы келген қалалық ішкі істер бөлімінің полиция капитаны Гауһар Жүнісова, «Шаңырақ» дағдарыс орталығының өкілі Қаламқас Әбдуалиева оқушыларға слайд арқылы көрсетіп берді. Физикалық, психологиялық, экономикалық, жыныстық зорлық-зомбылықтың болмауы үшін мемлекет тікелей атсалысып жатқанын да атап өтті олар. Түрлі зорлықзомбылыққа ұшыраған әйелдерге Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының тарапынан ұсынылған «Қызыл алма» жедел байланыс желісіне, Сәтбаев қаласының ішкі істер бөлімі «Шаңырақ» дағдарыс орталықтарына хабарласып көмек алуларына кеңес берілді.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.