Аймақтық конференция

Қазақстан – пәрмендә әрі демократия қағидаларына қайшы келмейтін Ата Заң жасай алған мемлекет. Осы Конституция ел ішіндегі бірлікті, халықтар достығын нығайтуға, барлық әлеуетті ортақ идеяға бағыттауға, ішкі және сыртқы саясаттыға табыстарды бекем етуге, сөйтіп әлем жұртшылығының алдындағы Қазақстан беделін танытуға қызмет жасап келеді. Бұл – аса маңызды іс. Қазақстанның ОБСЕ сияқты халықаралық беделді ұйымға төрағалық етуінің өзі мемлекетіміздің ішкі құрылымы мен сыртқы саясаттағы ұстанымының дұрыс екендігін айғақтайды. Ал мұндағы негізгі күш, сөз жоқ, Қазақстан Республикасының сындарлы Конституциясы.

Ата Заңымыздың 15 жылдығына орай өткен саяси маңызы бар шараның бірі – Сәтбаев қаласының әкімдігі ұйымдастырған аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция болды.

«Қазақстан Республикасы Конституциясы – этноаралық татулық пен келісім кепілі» атты тақырыппен өткен мәжіліс №4 Абая атындағы орта мектепте пленарлық түрде өткізілді.

Конференцияның жұмысына Жезқазған, Сәтбаев қалаларының жоғарғы және орта оқу орындарының, мектептерінің оқытушылары, ұлттық-мәдени орталықтардың төрағалары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Құрметті қонақ ретінде «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасары Б.Б.Ақышбеков пен Сәтбаев қалалық сотының төрағасы Р.Қ.Мұқатаев шақырылды. Жиынды ашқан қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева келе жатқан Конституция күнімен құттықтап, конференцияның жұмысына нәтижелі жеміс тіледі.

Құрметті қонақтар Руслан Мұқатаев пен Берік Ақышбековтың құттықтау сөздерінен кейін кезек баяндамашыларға берілді.

Осы шараны ұйымдастыру барысында ұсынылған 39 ғылыми жұмыстың 11-і ғалым-эксперттің сараптауынан өтіп, пленарлық мәжілісте тыңдауға жіберілді.

«Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң» тақырыбында Жезқазған политехникалық колледжі тарих пәнінің оқытушысы Бақытжан Көпбаев, «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» – Мәуия Бекмағанбетова, Сәтбаев қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, «Өркениеттер тоғысындағы ұлт мәселесі» – Ғабдол Әуезхан, Жезқазған қаласындағы №5 мектептің тарих пәнінің мұғалімі, тағы да басқа «Қазақ тілінің мәртебесі», «Ассамблея народов Казахстана – уникальный институт демократии», «Мемлекеттік тіл – ұлтты біріктіруші күш», «Ата-бабамыздан қалған асыл мұра», «Наша цель – Сохранение и укрепление межнационального единства и согласия», «Тәуелсіз Қазақстанның мәдени жағдайы» тақырыптарында баяндама жасалды.

Аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция тыңдалған баяндамалардағы ұсыныстар мен пікірлерді, ғылыми тұжырымдарды негізге алып, ортақ ұйғарым жасай отырып, алдағы уақыттарда Қазақстан Республикасы Конституциясының мәні мен маңызын, оның ықпалды күші ретінде рөлін барынша насихаттау мақсатында қаулы қабылдады. Қаулының жобасымен ішкі саясат бөлімінің бастығы Каухар Сағындықова таныстырды.

Қала, аудан әкімдіктері, кәсіпорындары мен мекемелері үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, ұжым және қоғамдық орта арасында ҚР Конституциясының тарихи тағылымы мен маңызын бұдан әрі де пәрменді насихаттаудың жолдары мен түрлерін тәжірибеге енгізуді қарастыру. Осы мақсаттағы іс-шара түрлерінің жалпыхалықтық ықыласқа ие болуын назарға алу;

Конституция ролі мен маңызын насихаттаудағы іс-шаралардың жылдық кешенді бағдарламасы бекітіліп, тұтас жүйеге айналуын қарастыру;

Зиялы қауым өкілдерінің әлеуеті мен көзқарастары тоғысатын осындай ғылыми-тәжірибелік конференцияның ұйымдастырылуын дәстүрге айналдыру;

Осы сипаттағы ғылыми конференцияның оқушы жастар мен студент жастар арасында ұйымдастырылуын жоспарлау;

Кез келген мемлекеттің ішкі қуаты, оның саяси сынақтардағы беделі мен сол мемлекеттің әрбір мүшесінің білімі мен біліктілігіне байланысты. Әсіресе құқықтық біліміне байланысты. Заң және құқық нормаларын жан-жақты білетін, әрі оның орындалысын саналы түрде ұғына алатын қоғамдық орта қалыптасқан мемлекетте ғана жаңа тұрпатты даму мен жетістіктер болады. Демек, жастар арасында осы бағыттағы жұмыстардың жемісті болуына баса назар аударылуы қажет. Осы мақсатта қалалық, аудандық деңгейде семинарлар, пікірталастар, дәрістер сияқты тиімді шаралардың жүйелі өтуін қолға алу;

Жастарды қызықтыратын, солардың талғамы мен сұранысына сай келетін бағдарламалар жасау.

Ортақ мақсаттағы іс-қимылға ұйымдар мен орталықтардың, барлық мекемелердің мүмкіндіктерін жұмылдыруды күшейту.

Конференция жұмысын қорытындылаған М.Мәдиева баяндаманың авторларына арнайы сертификат берілетінін, барлық баяндамалар алдағы уақытта жарыққа шығатын ғылыми жинаққа енгізілетінін айтты.

М.Смағұлқызы.

Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.