Еңселі елдің тірегі

20131213-02-02Еліміздің тәуелсіздік алған күндерінен бастап қол жеткізген жетістіктерінің шегіне жету мүмкін емес десе де болады. Елбасымыздың бастамасымен жыл сайын орын алатын әлемдік деңгейдегі оқиғалар, шаралар Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылуда. Соңғы жылдардың өзінде-ақ Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Қысқы Азиаданы өткізуі, Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымына төрағалық етуі және «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесін 2017 жылы Астанада өткізуді жеңіп алуы – осының айқын мысалдары.

Ал ішкі қоғамдық-саяси, мәдени өмірдегі жарқын жаңалықтардың, өзгерістердің алар орны бір бөлек. Тәуелсіздіктің табалдырығын аттаған жылдарда елдің болашаққа деген бағдаршамы болған «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасы он жылдың ішінде толық орындалып, өз нәтижелерін берді. Елдің оң бағасына ие болды. Республика көлемінде қабылданған «100 мектеп, 100 аурухана», «Ауыз су» бағдарламалары шеңберінде салынған нысандар халықтың жағдайын көтеріп, олардың әл-ауқатын арттыруға көмегін тигізді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында денсаулық саласындағы қызмет көрсету сапасы артып, еліміздегі ауруханалар әлемдік жаңа технологиялармен қамтамасыз етілді. «Мәдени мұра» бағдарламасының іске қосылуымен көптеген жылдар бойы үстем идеологияның құрбандары болған ата-бабаларымыздың, ұлт басшыларының есімдері халыққа белгілі болып, жағылған күйеден, жалған жаладан арылды. «Нұрлы көш» бағдарламасының арқасында тағдыр тауқыметіне ұшырап, туған жерлерінен көшуге мәжбүр болған қандас бауырларымыз еліне оралу бақытына қол жеткізді. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына көрсетілетін әлеуметтік көмектер көлемінің артуы, зейнетақы мен жәрдемақыларды көтеру, жұмыссыздықты жоюға бағытталған шаралар, тұрғын үймен қамтамасыз ету саласындағы жетістіктер Тәуелсіздіктің берген жақсылықтарының аз ғана мысалы деуге болады.

Мұндай игілікті істерден біздің кеншілер қаласы да қалыс қалып отырған жоқ. Соңғы жылдары қаламызда жаңадан заманауи мектептер, балалар бақшасы, емхана салынып, пайдалануға берілді. Халыққа қызмет көрсететін орындар да жыл сайын қанатын кеңге жайып келеді.

Тәуелсіздіктің жиырма екі жылын артқа тастаған Қазақстан бүгінде жаңа меже, жаңа бағыт ұстанды. «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасын басшылыққа алған еліміз «Шағын қалаларды дамыту», «Қолжетімді баспана», «Жұмыспен қамту» «Бизнестің жол картасы» сияқты ауқымды жобаларды жүзеге асыруға  нық  қадам басты. Жаһандану заманының сын-қатеріне төтеп беруге бағытталған елді үдемелі индустриялық-инновациялық  дамыту бағдарламасы да  өз нәтижесін бере бастады. Соның бірі – өз қаламыздағы «Рудсервис» ЖШС-ның компрессорлық қондырғылар шығара бастауы. Тәуелсіздік күні қарсаңында осы өндіріс салтанатты түрде іске қосылмақ.

Елбасы ұсынған бағдарламалардың қай-қайсы болмасын кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Жастар тарапынан да Елбасының тапсырмалары мен жаңа бағдарламаларын жүзеге асыруға деген ынта айтарлықтай. Соңғы кездері жастарымыз заңгерлік, қаржы, экономика салаларындағы  мамандықтарға ғана емес, техникалық және медициналық мамандықтарды игеруге бет бұра бастады. Әрине, мұның бәрі осы бағыттағы үгіт-насихат  пен идеологияның дұрыс жұмыс істеуінің нәтижесі. Бұл тұрғыда қаламыздағы ақпараттық-насихат топтарының ел тәуелсіздігі мен оның нәтижелері, атқарылып жатқан жұмыстар мен алда тұрған межелерді ел назарына уақытылы әрі шынайы жеткізіліп жатқанын атап айтуға болады.

Тәуелсіздік әкелген тағы бір соны жаңалық – мемлекеттік қызмет саласындағы оң өзгерістер. Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі жаңа моделінің тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес мемлекеттік қызмет ұғымы өзгертіліп, кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Басқарушылардың жаңа корпусы қалыптастырылып, оларға әртүрлі саладағы маңызды мәселелерді шешу міндеттері жүктелді.

Тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекет ретінде өзінің ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, заман талаптарына жауап беретін, халықаралық стандарттарға сай мемлекеттік қызмет үлгісін қалаптастыруға қол жеткізудің өзі де Тәуелсіздігіміздің арқасында келген жетістіктердің бірі деп санауға тұрады.

Бүгінгі жетістіктеріміз әр қазақстандықтың, оның ішінде қай кезде де ерен еңбектің үлгісі болған Сәтбаев қаласы тұрғындарының қажырлы еңбегі мен туған елге деген шынайы сүйіспеншілігінің арқасы деп білемін.

Баршаңызды еліміздің  басты мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтаймын! Егемен еліміздің жасампаздық жолындағы игі істері табысты болсын!

Каухар Сағындықова, Сәтбаев қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Комментарии закрыты.