«Ар-Намыс пен Ұлттық мүддені жоғары қойдық»

20131213-04-01Талай боздақтың өмірін қиып, жастарға жазықсыз жапа шектірген желтоқсан оқиғасына биыл 27 жыл толмақ. Ширек ғасыр өтсе де бұл қырғынның ызғары оқиға куәгерлерінің өмірлерінен өшпестей орын алды. Тәуелсіздік туының тіктелуіне алып келген осы оқиға тек Алматы қаласында ғана емес, республиканың өзге қалаларында да бой көрсетті. Соның қатарында – сол кездегі Жезқазған облысының жалынды жастары да болатын. Бүгінде ел ағасы атанған Бағдат Оспанов сол оқиғаны өз көзімен көріп, «қазақ елін қазақ басқарсын» деп ұрандатқан жастың бірі болатын. Атаулы күн қарсаңында желтоқсан оқиғасының куәгерін әңгімеге тартқан болатынбыз:

–             1983 жылы Ұлытау ауданына қарасты Амангелді ауылындағы №3 орта мектепті бітірісімен, Жезқазған политехникалық институтының тау-кен факультетіне оқуға түстім. 1984-86 жылдар аралығында Германияда әскери борышымды өтеп келіп, оқуды 2 курстан жалғастырдым. Әлі есімде, 86 жылдың желтоқсан айында сабаққа барсам институт ғимаратының алдында жастар жиналып тұр екен. Жиналған топты көріп, «бұл топтасудың мәні не деп?» сұрадым. «Алматыда қазақ жастары Д.Қонаевты биліктен алып, Г.Колбинге ел билеу тізгінін беруге қарсы бой көрсетіп жатыр. Біз де сол жастарды қолдауымыз керек. Кім де кім Отанға, елге жанашырлықпен қарайды сол біздің қатарымызға қосылсын» деп ұрандатты әлгі жастар. Ол кезде жастар ар-намысты, ұлттық мүддені жоғары қоятын. «Ұрыста тұрыс жоқ» деген емес пе, Отанның тағдыры шешілгелі тұрған сәтте тасада қалуды ұят санадық та, солардың қатарына қосылдық. Барлық жастар институттың 5-ғимаратының алдына жиналдық. Қолымызда әртүрлі ұрандар жазылған лозунгтар бар. Қазіргі Алашахан даңғылымен өтіп, перзентханаға дейін ұрандатып, әндетіп бардық. Қатарымызға көше бойынан училищелердің студенттері де қосылып жатты. Бір кезде перзентхананың қасына келгенде құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоршауға алып, «тоқтаңдар, опық жегізер іске бармаңдар» деп тосқауыл қойды. Алдыңғы шептегі жастар бой бермеді. Алайда, қарсылық көрсеткендерді ұстап, ұл-қыз демей, ұрып-соғып, автобустарға салып жатты. Бір топ жігіттер Абай көшесіне қашып шығып, Сәтбаевқа қайтуға бел будық. Автостанция басында тұрған жігіттер хабарласып, «мұнда келмеңдер, айналасы толған милиция, ұсталып қаласыңдар» деді. Содан қашып-пысып, қаражолға шығып, жолай кетіп бара жатқан машиналарға мініп, түнгі 12-де үйге келдік.

Келесі күні сабаққа барғанда біраз жігіттер мен қыздарды оқудан шығарып жіберіпті. Бізді бір құдай қаққан шығар, ешқандай кедергі болған жоқ. Алайда, ұлтының болашағы үшін алаңдаған жастарды ұрып-соғып, жала жапқандары, оқудан шығарғандары жанға батты.

Сонда бізді алаңға алып шыққан ерекше бір күш болды. Ол Отанға деген патриоттық рух болатын. Бойларында Отанға деген сүйіспеншілік сезімі ерекше сол жастардың қатарында елім деп, жерім деп құрбан болғандары қаншама?!

Тәуелсіздікке жол бастаған бұл желтоқсан оқиғасы жадымызда әлі жаңғырып тұр. Мен өз басым бұл оқиғаға қатысып, үн қосқаныма әсте өкінбеймін. Кейде отырып ойға батқанда біздің бұл ісіміз жастарға үлгі болса екен деп ойлаймын.

Еліміздің Көк Туының аспан көгінде желбіреп, қыран құсы қалықтаған сәтін талай замандасымыз көре алмай кетті. Алайда, олар армандаған азаттық таңының да атқанына биыл – 22 жыл.

Қазіргі жастар елінің, туған қаласының патриоты болса деп тілейміз. Кемеңгер Елбасы Н.Ә.Назарбаев басқарып отырған қазақ елі әлемдік дәрежеде мойындалды. Біз осыны мақтан тұта отырып, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында көздеген межеге жетуге біркісідей, атсалысса деймін. Әсіресе, осындай бастаманы жастар тарапынан көргіміз келеді, – дейді патриоттық сезімді жоғары қоятын Бәкең.

Тау-кен мамандығын игеріп шыққан Б.Оспанов кейін өзі бала кезінде армандаған құқықтық сала мамандығына оқуға бел шешеді. Сөйтіп, заң факультетінің де дипломын еншілеп, 27 жыл қаламыздағы ІІБ қылмысты іздестіру бөліміне қарасты бөлімшеде еңбек етеді. Бүгінде құрметті демалыста, отставкадағы майор.

Еңбексіз бір күнін өткізгісі келмейтін Бәкең «Халық Банкінің» қырағы қорғаушысы. Күзет саласында еңбек етіп жүр. Ұжымында абыройлы азамат отбасында жан-жары Ағайша жеңгей екеуі Рустам, Дастан есімді азаматтарды ер жеткізіп, үйлендіріп отыр. Ағайша жеңгей қалалық емханада медбибі болса, үлкен ұлдары Рустам «Қазақмыс» корпорациясында инженер, Дастан №15 орта мектепте информатика пәнінің мұғалімі.

– Бостандық таңы атып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда тіршілігіміздің түтіні түзу ұшып, еліміз асқар асуларды еңсере берсін. Қазақ жастарының ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігі артып, қуатты Қазақстанның дәулеті еселенуіне тілектеспін, – деп Тәуелсіздік күніне арнаған мерекелік құттықтауын да жеткізген ағамыз, ел тұтастығын сақтауда, оны гүлдендіру жолында бұла күші тасыған жастарға көп сенім артатынын айта келе, әңгімесіне нүкте қойды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.