Ахтямовтың жүлдесі үшін белдесті

Өткен аптада «Жастар» спорт сарайында КСРО спорт шебері Наиль Ахтямовтың жүлдесіне грек-рим күресінен 1999-2001 жылы туылған жасөспірімдер арасында VI дәстүрлі Республикалық турнир өткізілді.

20131213-04-03-2

Турнирге Астана, Ақтөбе, Қарағанды қаласы «Дәулет» спорт мектебі, Ақмола, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары және Жезқазған, Сәтбаев қалаларының спортшылары қатысты.

20131213-04-03-1

Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар мен жарыстың бас төрешісі, КСРО спорт шебері Төлеутай Есенбеков жасөспірімдерді турнирдің ашылу салтанатымен құттықтады.

Ел ішінде салауатты өмір салтын сақтау үшін «Саламатты Қазақстан» атты жоба жүзеге асырылып келеді. Дені сау ұрпақтың игілігі мол жеңіске толы жетістіктерін көру мақсатында көптеген спорттық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Азия мемлекеттері ғана емес, Еуропа елдеріне де спорттан кенде емес екендігімізді дәлелдеп үлгердік. Жерлесіміз, КСРО спорт шебері Наиль Ахтямовтың да грек-рим күресінен жеткен биігін дәріптеп, жыл сайын осындай турнир өткізу дәстүрге айналды. Турнирдің негізгі мақсаты – жас палуандарымызды іріктеп, әлемдік боз кілемде бақ сынауларына мүмкіндік беру.

Екі күн қатарынан өткен турнирде 53, 59, 66, 73, 85 кг салмақ дәрежелеріндегі палуандар бақ сынасты. Дәл осы реттегі салмақ дәрежелері бойынша I-орындарға Қ.Дәулетхан, Қ.Жолдасов, С.Рыльский, А.Буриев, А.Махаури ие болды.

II-орындарға Е.Марат, А.Султекенов, В.Долгодуш, М.Әлімханов, В.Куприянов лайық деп табылды.

III-орындарды Б.Жумабеков пен Т.Айткенов (Жезқазған қ.), А.Әділов пен Г.Филипиди, Б.Ахметжанов пен М.Ержанов, Б.Көбей (Сәтбаев қ.) мен Д.Меньшиков (Сәтбаев қ.), А.Мырзалы мен Д.Садгабелашвили (Жезқазған қ.) өзара бөлісті. Сондай-ақ, «Үздік әдіскер палуан» номинациясымен Б.Ахметжанов (Қарағанды қ.), «Жеңіске деген жігерлілігі үшін» номинациясымен В.Долгодуш (Теміртау қ.) марапатталды. Әр өңірден келген команда өкілдеріне де естелік медальдар табысталды.

Турнирдің жабылу салтанатында Наиль Ахтямов пен білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Зухраб Даумбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға және жарысты ұйымдастырған білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі, балалар мен жасөспірімдер мектебіне алғыстарын білдірді. Барлық спортшылар Наиль Ахтямовтың арнайы кубогы мен медальдармен және қала әкімі Әнуар Омардың грамотасымен марапатталды.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.