«Электронды партия» жобасы іске қосылды

Ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың аясы ұлғайып, дамуына байланысты елімізде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Электронды Үкімет» жобасы қолға алынып, сәтті жүзеге асуда. Осы жобаның аясын бүгінде еліміздегі бас партия мәртебесіне ие – «Нұр Отан» партиясы да ұлғайтып, жаңашылдыққа бетбұрыс жасап, азаматтардың өтініштерін енді электронды түрде тіркеуге қол жеткізді.

Қараша айында партияның «Электронды партия» жаңа жобасы іске қосылды. Еліміздің барлық аумақтарындағы партия филиалдары осы жобаны халық игілігіне жаратуды көздеп отыр. Осы орайда бұл жобаның «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалында қалай жүзеге асып жатқаны жөнінде және жобаның тиімділігі төңірегінде қалалық филиал төрағасының орынбасары Нұрлыбай Наурызбаев әңгімелеп берген болатын:

– Партияның қызметін жаңғырту бағытында бірнеше шаралар қолға алынып отыр. Соның бірі – партия жұмысының сервистік принципін қамтамасыз ететін «Электрондық партия» жобасы. Бұл жоба партия туралы объективті әрі жедел ақпарат ұсыну бойынша инновациялық құрал, партия өміріне атсалысудың тіке жолы болып табылады. Қазақстандықтар электрондық режимде жеке өтініш (арыз, шағым) беруге, өз өтінішінің орындалуын қадағалауға, қоғамдық қабылдауға жазылуға мүмкіндік ала алады. Ол үшін партияның www.nurotan.kz немесе Қоғамдық қабылдаудың kk.nurotan.kz сайттарына кіру қажет. Халықпен байланыс үшін тәулік бойы тегін жұмыс істейтін бірыңғай 59-78-50 нөмірі енгізілген. Осы байланыс телефоны арқылы үйден шықпай-ақ, өтініш беріп, кеңес алуға болады. «Электрондық партия» аясында партияның барлық өңірлердегі қоғамдық қабылдауларына жіберген азаматтардың өтініштері Астанадағы Бірыңғай үйлестіру орталығына келіп түседі.

Сондай-ақ, жобаның енгізілуіне байланысты мекеме, ұйым және кәсіпорындармен негізгі мәселелер жөніндегі хат алмасу да электрондық құжаттама жүйесі арқылы жүргізіледі. Соның нәтижесінде қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік туды.

Қалалық партияда да бұл жобаны іске асыру тетіктері пысықталып, қазір нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұдан былай партия филиалына жолданған барлық шығыс құжаттарыңызды электрондық нұсқада zh.daribaev@nurotan.kz электрондық поштасына жіберулеріңізге болады.

Жазып алған Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.