Торқалы тойға тарту

20131213-14-02-120131213-14-02-3Өткен жұма күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында ел Тәуелсіздігінің 22 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында жас ұрпақтың елжандылық сезімін оятып, олардың патриоттық рухын қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін ашу мақсатында құрылып, жұмыс жасап келе жатқан қалалық мәдени-сауық спорт орталығының шығармашылық кеші өтті.

Кеш барысында орталыққа қарасты аула клубтарының  тәрбиеленушілері мен ұстаздары торқалы тойға ән, билерін тарту етті.

Шығармашылық кештің шымылдығын балалар хорының орындауындағы «Жас ұлан» әні ашты.

Орталықтың бұл бастамасына қолдау білдіре келген қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш мерекелік құттықтауын жеткізіп, ұжымға шығармашылық өрлеу тіледі.

Қамбар Урмузов жетекшілік ететін «Тұлпар» алу клубының «Көңілашар» ансамблі «Тепең көк» күйін орындаса,  Алматы қаласында өткен «Ақ көгершін» Х республикалық байқаудың ІІІ орын жеңімпаздары «Қайрат» аула клубының «Маюри-Девдас» би тобы шығыс билерін  тарту етті.

«Сұңқар» аула клубының шәкірті Назым Болат ұстазы Айым Қыздановамен бірігіп ән шырқаса,  мүмкіндігі шектеулі балаларға үйден көмек беру әлеуметтік орталығы жанынан құрылған «Үміт» клубының тәрбиеленушісі Ерлан Жандос «Арман жолдар» әнін орындады. Дәл осы орталықтың бишілері заманауи үлгідегі билерден поппури тарту етті.

Кештің аясында жаңа әндердің де тұсауы кесілді. Аймағымызға танымал күйші Қамбар Урмузовтың «Сағыныш жылдар» әнін Гүлсім Қойшығараева алғаш рет орындады.

Одан кейін сахна төріне «Гүлдер» ансамблі шығып, «Құстар қайтып барады»  әнін орындаса, «Сарыарқа» клубының шәкірті Перизат Әбдірасылова «Ертегілер» әнімен көпшілікті тәнті етті.

«Тұлпар» аула клубының «Zentpal KZ» тобының әншісі Мұхтар Алдаш қаланың қырық жылдық мерейтойына арналған рэп бағытындағы әнін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Өнерпаз жастардың шығармашылығын әр аула клубында жаттығып жүрген спортшылар жалғастырды. Олар бокс, ауыр атлетика, дзюдодан өздерінің дайындықтарын көрсетті. Республикалық спорт додаларын айтпағанның өзінде, халықаралық дәрежеде спорттың сан алуан түрінен бақ сынап жүрген жерлестеріміз аз емес. Осы кеш барысында жас спортшылардың есімдері құрметпен аталды.

Шығармашылық кештің шымылдығы  А.Қызданованың орындауындағы «Тәуелсіздік толғауы» әнімен жабылды.

Ән мен биден мерекеге тарту жасалған кеште сондай-ақ, аула клубтарының тәрбиешілерінің қолынан шыққан туындылардың негізінде көрме ұйымдастырылды. Оны тамашалаған жұртшылық балалардың шығармашылығына оң бағаларын беріп жатты.

Жиналған көпшілік жас дарындардың басын қосқан мұндай орталықтың шығармашылық кешінен мол әсер алып тарқасты.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.