«Ризашылық мерекесі» қуанышқа кенелтті

Жақында Жезқазған кентіндегі Отбасы түріндегі балалар үйінде «Ризашылық мерекесі» тойланды. Мейрам тиісті деңгейде өтіп, атына сай балаларды ризашылыққа, көл-көсір қуанышқа бөледі.

20131213-12-02

Мейрам күнгі күн тәртібі де өте ерекше болды. Таңертең басталған мереке кешке дейін жалғасып, тәрбиеленушілерге қуанышты көңі-күй сыйлады.

«Бөбек» қорының төрайымы Сара Алпысқызының бастамасымен енгізілген мейрам әдеттегідей мерекелік таңғы астан басталды. Ас ішетін бөлме де бұл күні ерекше безендіріліп, әдемі әуенге толды. Мерекелік дастарханнан соң балақайлар арнайы келген қонақтарды қарсы алды. Өрендеріміз ән мен биден шашу шашып, меймандарды өнерлерімен тәнті етті. Каратэ, бокс, грек-рим күресі сияқты спорт секцияларында жаттығып жүрген жастарымыз тамаша спорттық шоу көрсетті.

Өз кезегінде мерекемен арнайы құттықтап келген қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева бастаған қонақтар тәрбиеленушілерге ризашылықтарын білдіріп, алып келген сыйлықтарын үлестірді.

«Нұр Отан» партиясының өкілдері мұздатқыш камера сыйласа, қала әкімдігі қызметкерлері спорттық бұйымдар тарту етті. Қашан да қам көңіл балаларға қамқорлық көрсетіп жүрген кәсіпкерлер де аянып қалмады. Жеке кәсіпкерлер Тынгышева, Дәулетбаева, Айдарханова құрғақ бассейн, жұмсақ ойыншықтар сыйлап, тәттілер мен жеміс-жидектер ұсынды.

Сый-сияпат арқалай келген меймандарға директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.Ахметова алғысын жеткізді.

– «Ризашылық мерекесі» соңғы жылдары ғана тойланып жүр. Алайда, балалардың асыға күтетін күніне айналды. Осы мейрамда олар ерекше қамқорлық, жанашырлыққа бөленіп жатады. Бүгін де игі дәстүрден айнымай, балақайларды сыйлықтармен қуантып жатырсыздар. Жақсылықтарыңыз алдарыңыздан шығып, еңбектеріңіз жемісті болсын, – деп ағынан жарылды.

Сыйлықтарға кенелткен тамаша мереке қызығын украин, татар мәдени орталықтарының өкілдері ұйымдастырған концерттік бағдарлама қыздыра түсті.

Түскі астан соң да мереке қызықтары толастамады. Балаларды Весовая елді-мекенінің музыка мектебінің өнерпаздары құттықтап, өнерлерін ортаға салды.

Бұдан соң «Ризашылық мерекесі» кенттегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жалғасын тапты. Ән, би өрнегімен басталған мейрам спорттық шараларға ұласты. Тәрбиеленушілер шахмат, дойбыдан өткен жарыстарға қызыға қатысып жатты. Спорттық сайыстар да балаларға керемет көңіл-күй сыйлады.

Бір күнге созылған мерекеден алған әсерлерімен балалар дастархан басында, кешкі ас үстінде бөлісті. Жүздері бал-бұл жанған жеткіншектер мереке күнгі жарқын сәттер жайлы жарыса айтып жатты. Балаларды ризашылыққа бөлеген мейрамның басталуы қандай қызықты болса, соңы да сондай әсерлі болды. Ортаға шырағдандарға толы торт әкелініп, барлығына бірдей үлестірілді.

Менің балалар үйінде еңбек етіп жүргеніме 20 жылдан асты. Ұжымымыз ұйымшыл, қандай мереке болса да тиісті деңгейде өткізуге ұмтыламыз. Балаларымыз да сүйсінуге тұрарлық. Шетінен дарынды да өнерлі. Баршамызды қуанышқа кенелткен «Ризашылық мерекесін» де барлық сән-салтанатымен өткіздік. Осы мейрамды барынша көңілді өткізуге атсалысқан барша жомарт азаматтарға алғысымыз шексіз.

А.Бекхожина, 2-отбасының тәрбиешісі.

Комментарии закрыты.