Балаларды қуантты

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі және Прокуратура қызметкерлерінің күніне орайластырып Сәтбаев қалалық прокуратурасы түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. Солардың бірі – Жезқазған кентіндегі «Балалық шақ» отбасы түріндегі балалар үйінде өткізілген қайырымдылық шарасы.

20131213-12-01

Бүлдіршіндердің көңілін көтеріп, күндерін қуанышты ету үшін Сәтбаев қаласының прокуроры Серік Назарбеков бастаған прокуратура ұжымы балаларға түрлі сыйлықтар мен тәттілер тарту етті.

–             Біз еліміздің болашағы – балалардың барлығының бақытты болғанын тілейміз және оларға қолдан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз. Сол үшін де аянбай қызмет етіп, құқықтарыңызды әрдайым қорғаудамыз. Бүгінгі күні жастардың жақсы білім алып, білікті маман болуға, өзі қалаған салада қызмет етуге барлық жағдай жасалған. Сондықтан, сендерге айтарым – осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, білім мен тәрбиені қатар игеріңдер, – деді қала прокуроры Серік Тілеубайұлы.

Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға базарлық жасап, қуаныш сыйлаған ағаларына тәрбиеленушілер де өз тарапынан алғыстарын жеткізді. Балалар үйі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мапруза Ахметова келген қонақтарға игі істері үшін ризашылығын білдіріп, еңбектеріне жеміс тіледі.

Отбасы түріндегі балалар үйінде бүгінгі күні 48 бала тәрбиеленуде, оның 80 пайызының әке-шешелері бар. Бірақ, олар – балаларынан бас тартқандар, ата-ана құқығынан айырылғандар. Өкінішке орай, тастанды балалардың көбісі өзіміздің қазақтың балалары. Отбасы түріндегі балалар үйі осындай жетімдерге жан жылуын сыйлап, олардың тұлға ретінде қалыптасуына, өзара қарым-қатынас жасауына және әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсетіп отыр.

Сый-сияпаттарын таратқаннан кейін қонақтар балалар үйін аралап, тәрбиеленушілердің тыныс-тіршілігімен танысты. Қала прокуроры қолға алған бұл игі бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табатындығын айтты.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.