«Оңтүстіктің» тартуы мол

20131213-10-01-120131213-10-01-220131213-10-01-3«Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің Оңтүстік Жезқазған кеніші – қай жылдарда болмасын еңбек биігінен көрініп, табыстың тай қазанын тасытып жатқан өндіріс ошағы. Олар биыл да сол дағдыларынан жаңылған жоқ. Әдеттегідей жылды мерзімінен бұрын қорытындылап, келер жылдың еңбек күнтізбесінің парақтарын ерте ашты. Бүгінде «оңтүстіктің» кеншілері он төртінші жылдың есебіне еңбек етуде. Осылайша олар еліміздің мерейлі мерекесі – Тәуелсіздік күніне толымды тартулармен келді.

20131213-10-01-4Жуырда біз «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы Жезқазған филиалы белсенділерінің ұйымдастыруымен Оңтүстік Жезқазған кенішінің орталығы – №65 шахтыда болып, кеніштің озат бригадаларымен жүздескен едік. Бізді қарсы алған «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағының Оңтүстік кеніштегі ұйым төрағасы Абзал Жаңабергенов әуелі кеніштің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.

– Ең бірінші, елге жария ете мақтанарымыз – Оңтүстік кеніш еңбеккерлерінің жылдық межелерін мерзімінен бұрын орындап шыққандығы. Осылайша еліміздің басты мемлекеттік мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнін лайықты тартуларымен қарсы алып отыр. «Қазақмыс» корпорациясы бойынша өндірілген кеннің 35 процентін беретін оңтүстіктіктер 2013 жылдың жоспарын 11 қазанда, мерзімінен бұрын орындап шықты. Кеніш бойынша жалпы өндірілген кен көлемі 105, кендегі металл 135, проходкалау 102 процентке орындалды. Бұл бағытта біздің кенішке қарасты №№65, 65-бис және №45-шахтылардағы жекелеген бригадалар бәсекелестікте биіктерден көрініп, тұтас кеніштің мерейін үстем етті. Біз оларды әркез мақтан етеміз, – дей келіп, төраға жүзден жүйрік шыққан озаттарды тізбектеп шықты.

Кәсіподақ төрағасының айтуынша, кеніштің бас шахтысы – №65 шахтының №7 учаскесіне қарасты Сергей Рычаговтың проходкашылары қараша айының жоспарын 102 процентке орындаса, жылдық жоспарды 11 айда 101 процентке орындап, келер жылдың еңбек күнтізбесін ерте бастаған. Сондай-ақ, осы учаскенің Сағдат Махмудов пен Мақсұт Татенов басқаратын проходкашылар бригадалары жылдық жоспарларын 11 айда 100 процентке орындап, алдыңғы лектен көрінуде.

Жылды мерзімінен бұрын қорытындылағандар көшінде №65-бис шахтысының кен өндірушілері де бар. Солардың ішінде №21 учаскенің Абзал Дүйсенбаев басқаратын бригадасы кен қопаруды 104,4 процентке орындаса, кен құрамындағы металды 115 процентке орындап отыр. Ал, Дархан Алмаховтың жігіттері бұл көрсеткішті 101,7 және 132 процент етіп орындаған. Бұл көштің бел ортасында Қабиден Қарабаев жетекшілік ететін бригаданың кеншілері де келеді. Олар кен көлемін 103,2 процентке, кен құрамындағы металды 115,9 процентке орындап отыр. Сондай-ақ, №26-учаскенің Нұрлан Амантаев басқаратын проходкашылар бригадасы да кеніштің кен коржынын толытуға өздерінің сүбелі үлестерін қосты. Олар қараша айының жоспарын 102 процентке орындап, жылдық жоспарларын 11 айда мерзімінен бұрын 101 процентпен қорытындылады.

Бәйге жолындағы бәсекелестіктің бел ортасында №45-шахтының жігіттері де жүр. Олардың көшін №2 учаскенің Бақытжан Исмағұлов басқаратын кеншілер бригадасы бастап келеді. Олар жылдық жоспарларын кен көлемі бойынша 105, кен құрамындағы металл бойынша 128 процентке орындап шықты. Сондай-ақ, №1-учаскенің Абдулла Төлеубаев басқаратын кеншілер бригадасы кен көлемін 104,8 процентке, кен құрамындағы металды 110 процентке, Болатқан Балшықбаевтың жігіттері кен көлемін 100, кен құрамындағы металды 120 процентке орындап, мерзімдерінен бұрын рапорт берді.

– Кеншілер арасында осындай еңбек бәсекесін қалыптастырып, олардың озық шыққандарын ынталандыру бағытында «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы жанды жұмыстар жүргізіп келеді. Өздеріңізге мәлім, Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында еңбек адамдарына қауіпсіз жұмыс істеуге жағдай жасау, ынталандыру бірінші кезектегі мәселе, оларды ұйымдастыру кәсіподақтардың тікелей жұмысы екенін айта келіп кәсіподақ ұйымдарының беделін көтеруде де бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осы мақсатта біздің «КәсіпҚазақмыс» кәсіподағы «Қазақмыс» корпорациясының басшыларымен бірлесіп, үлкен істерге мұрындық болуда. Әсіресе, осындай еңбек көрігі қызған шақта біз кеншілердің ортасынан табылып, дем беріп, қанаттандырып отырмыз, – дейді кәсіподақ төрағасы Абзал Жаңабергенов бізбен әңгімесінде.

Орайы келген тұста біз меже биігінен көрінген кеншілермен де жүздесіп, пікірлесіп қалуға асықтық. Алғашқы болып жолыққанымыз №65-бис шахтысының №26 учаскесінің басшысы Медет Мұқанов болды.

– Біздің учаскеде екі бригада – Амантаев пен Әбілдиновтың бригадасы еңбек етеді. Айлық жоспарымыз 130 қума метр. Жоспарды ай сайын орындап келеміз. Өткен 2012 жылды да мерзімінен бұрын қорытындылап, корпорация бойынша бірінші орынды жеңіп алған едік. Биыл да сол үрдістен көрініп отырмыз. Тоқсандық жоспарды орындауда да алдыңғы лектен көріндік. Жылды да мерзімінен бұрын орындап, корпорация бойынша бірінші орында тұрмыз. Осының бәрі учаскедегі жігіттердің арқасы, – дейді учаске басшысы. Бұдан соң біз осы учаскенің проходкашылар бригадирі Нұрлан Амантаевты әңгімеге тарттық. Сөзден гөрі іске мығым жігіт мақтанғанды да аса ұната қоймайтын болып шықты. Және оның жақсы бір қасиеті бригадасындағы жігіттердің ешқайсын бөле-жарып қарамайтындығы болды.

– Бригадада тоғыз жігіт еңбек етеміз. Айлық жоспарымыз – 130 қума метр проходкалау. Жігіттердің жұмыла жұмыс істеуінің арқасында жылдық жоспарымызды мерзімінен бұрын орындап шықтық. Жігіттерге рахмет, – дейді бригадир.

Өзі жайында да сараңдық танытты. Бар сұрап білгеніміз, оның жиырма жылдан бері осы кеніште еңбек етіп келе жатқаны болды. Алғаш еңбек жолын бұрғылаушы болып бастапты.

Келесі болып сұхбаттасқанымыз 65 шахтының №7 учаскесінің проходкашылар бригадасының бригадирі Сергей Рычагов болды. 2006 жылдан бері осы шахтыда проходкашы болып келген Сергей еңбек жолын КИП-та бастаған екен. Сол жылдардағы білікті кеншілер Болат Байсаринов, Ғани Әжібаевтан тәлім алған ол кейін бригадирлікке дейін көтерілген Өзі де соңынан ерген жас мамандарға білгенін үйретіп жүр.

– Біздің бригадада 11 адам еңбек етеді. Бір-бірімізді қас-қабағымыздан түсіне білгендіктен, жұмысымызды да біркісідей атқарып келеміз. Соның нәтижесінде озаттар сапынан орын алып, өз деңгейімізді ұстап жүрміз.

Әрине, біздің алаңсыз жұмыс істеуімізге кеніш басшылары мен кәсіподақ ұйымы барлық жағдайларды жасауда. Кәсіподақ тарапынан түрлі қамқорлықтар көріп келеміз. Сауықтыру, демалыс шаралары еш ұмыт қалған емес. Кейде жұмыс бабымен болған дау-дамайларда да кәсіподақ көмек қолын созады, – дейді Сергей ағынан жарылып.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.