Акциялардың орындалу барысы тыңдалды

Республикалық «Мектепке жол» акциясын жүзеге асыру мақсатында қала бойынша ұйымдастыру комиссиясы құрылып, жұмыс жүргізілуде.

Тамыз айының соңғы күні қала әкімінің жанындағы «Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның» отырысы өтіп, осы жұмыстардың нәтижесі жайында ағымды есеп берілді. Бұл отырысты комиссия төрайымы, қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева өткізді.

Күн тәртібінде «Мектепке жол» акциясының өткізілуі жайында» және «№ 3 орта мектептегі жалпы оқу қорынан көп балалы, аз қамтылған отбастарына көмек көрсету туралы» сұрақтар қаралды. Бірінші сұраққа қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы Г.Ильясова жауап берді.

Тамыздың 1-де басталған бұл акция, қыркүйектің 30-на дейін созылады. Қала бойынша 1344 бала көмекті қажет етеді, қазіргі таңда соның 120-сына ғана көмек көрсетілген. Осының 50-і «Кел, балалар, оқылық!» акциясы аясында кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілді. Бұл – білім беру ұйымдары мен «Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бірлескен жұмыстарының нәтижесі. Ал, қалған 70 балаға көмек бюджеттен тыс қаражатқа көрсетілді. Оның ішінде тұрмысы төмен деген отбасының балалары – 38, көп балалы отбасы – 19, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар – 13. Осы балалардың мектепке баруына қаланың жеке кәсіпкерлері мен мектеп ұжымдары өз үлестерін қосты.

Екінші сұраққа байланысты № 3 орта мектеп директоры М.Байбекова сөйлеп, акция барысындағы шараларға тоқталды. Мектептегі көмекті қажет ететін 75 баланың 51-і мектеп заттарымен толық қамтамасыз етілгенін хабарлады.

Отырысын қорытындылай келе М.Мәдиева «Мектепке жол» акциясының көрсеткіштерінің төмен екендігін, бұл жұмысқа барлық мектеп басшылары мен әлеуметтік педагогтардың белсенді түрде қатысуы керектігін тапсырды.

Республика болып атсалысып, бір де бір оқушының әлеуметтік себептермен мектепке бара алмай қалуының алдын алуды көздеген акция әлі де жалғаса береді деп күтілуде. Ал, оқу жылы болса, басталып кетті.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.