Ұстанымы жақсы ұстаздар

20131220-04-1Қазақ «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дейді. Биіктерді бағындырсақ, жетістіктерге жетсек қай-қайсымыз да ұстаздардың арқасы деп, ұстаздарға бас иеміз. Мемлекетімізде білім сапасына, ұстаздардың біліктілігіне аса ден қойылып келеді. Осы мақсатта көптеген жобалар, түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Мұғалімдердің білім дәрежесін, көптілділігін сынау мақсатында қалалық орталықтандырылған кітапханада «Тілдарын» қалалық олимпиада өткізілді. Ұстаздардың арасында өткен бұл шарада қала мектептерінен жеті үміткер бақ сынасты. Сайыс қатысушылардың біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасуларына үлкен мүмкіндік туғызды.

Қатысушылар төрт кезеңнен тұратын сынақтан өтті. Бірінші кезеңде үйге берілген тапсырманы бейнекөрініс арқылы баяндап, жан-жақтылықтарын көрсете білді. Екінші кезеңде қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тіліне қатысты сұрақтарға жазба түрінде орысша жауап берді. Жарыстың шарықтау шегі үшінші кезеңде анық байқалды. Үміткерлер қазақ мақал-мәтелдерін орыс, ағылшын тілдерінде баламасымен ұсынуға тиіс еді. Әрқайсы өз мүмкіндігінше көрермендерді қызықтыра жауап берді. Ал сайыстың соңғы бөлімінде Қазақстан аймақтарының тарихына тоқталып, егемендік алған жылдағы жетістіктер жайлы ағылшынша айтты.

Қазылар алқасының ортақ шешімі бойынша үздіктердің үздігі анықталды. Сайыс қорытындысын қалалық қазақ тілі қоғамының төрайымы Мәуия Бекмағанбетова жариялап, марапатпен қатар бағалы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, ұйымдастырушы кітапхана ұжымына алғысын білдірді.

Өзінің алғырлығын, білімпаздығын өзгелерге мойындата білген №25 орта мектеп мұғалімі Ю.Швецова I орынды жеңіп алды. Ал №2 орта мектеп мұғалімі Ә.Бұхарбаева II орынға лайық деп танылса, С.Сейфуллин атындағы гимназия мұғалімі С.Сәтенова, Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің мұғалімі М.Әбішева, №19 орта мектеп мұғалімі Г.Жүнісова III орынды өзара бөлісті. Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің мұғалімі М.Әуезбекова, №14 орта мектеп мұғалімі З.Оспанова алғыс хатпен марапатталды.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.