Жақсы іске жаның сүйсінеді

Сәтбаев қаласының ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі маусым айының 30-нда «Ең жақсы подъезд» атты қалалық конкурс жариялаған болатын. Жақында арнайы құрылған комиссия конкурстың қорытындысын шығарды.Көп пәтерлі үйлерді күтіп, таза ұстау жұмыстарына тұрғындарды тартуға, пәтер иелері кооперативі және тұрғын-үй коммуналдық цехтардың жұмыстарын жандандыруға, белсенділіктерін арттыруға бағытталған конкурсқа жекелеген тұрғындардан, ынталы топтардан бірнеше өтініш түсіп, сарапқа салынды.

Осылардың ішінде Комаров көшесіндегі №14 үйдің үшінші подъезі үздік деп танылды. Мұндағы 20 пәтердің барлығы дерлік байырғы тұрғындар. Конкурсты жеңіп алуда бірден бір үлесі бар, ұйымдастырушы 40 пәтер иесі Галина Михайлова екен. Бұл үйдің үлгілі атанып, ел аузына ілігулері бірінші рет емес. Бұрынғы бір жылдары әкім аппаратының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі «Үздік балкон», «Үздік аула», т.б. конкурстар өткізіп, жеңімпаздарды анықтағанда бұл үйдің озып шыққаны жайлы хабардар еткенбіз. Енді, міне, сол дәстүр қайта жаңғырып, бұл байқау тағы да жарияланған еді.

Ата Заңымыздың 15 жылдығына орайластырып арнайы құрылған комиссия байқаудың қорытындысы шығарды. Сейсенбі күні ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің маманы Ғ.Сүтбаев Комаров көшесі, 14 үйдің 3-подъезінің тұрғындарымен кездесіп, жеңістерімен құттықтады.

Десе дегендей, ауласының өзі алыстан шақырып, көз тартады. Дем алатын арқалы орындықтар, қоқыс салатын жәшігі, бәрі де мұнтаздай, жаңа орнатқандай. Сыртқа төселіп тасталған алашаның өзі тап-таза. Кіре берістен басталған тазалық 5-қабатқа дейін сақталған. Терезелерінде жеңіл шымылдық, алдына гүл қойылған. Баспалдақтарының өзі бір сәнмен боялып, өрнектелген.

– Бұл үйде 1968 жылдан бері тұрамын. Өзім зейнеткерлікке дейін 42 жыл комбинатқа қарасты тұрғын үй коммуналдық шаруашылығында сылақшы-сыршы болып жұмыс істедім. Осының бәрін бірлесіп жасаймыз, кезекпен жинаймыз, ұйымдастыру жағын өзім басқарамын. Барлық көршілер біркісідей қаржы шығарамыз да сылаймыз, сырлаймыз. Ең алдымен өзіміз үшін, балалар, немерелер үшін. Олар да үйренген, ештеңені бүлдірмейді, шашпайды. Кезектесіп жинаймыз, қараңызшы, қандай тамаша, – деп сүйсінеді жақсы іске ұйтқы болып, бақылауға алып отырған Галина апай.

Шындығында да, жақсы іске жаның қуанады. Неге үлгі алмасқа?! Неге жалғастырмасқа басқаларға?!

Байқауды жариялаудағы мақсат та осыны көздеген. Осындай үлгілі тұрғындардың істерін насихаттау, көтермелеу арқылы басқалардың да қызығушылығын, белсенділігін арттыру.

– Осы 2-3 күннің ішінде подъезге домофонды темір есік орнатып береміз. Бұл біздің үлгілі тұрғындарға сыйлығымыз, – дейді Ғалымжан Сүтбаев.

Әрине, мақтауға да тұрарлық, құптауға да боларлық жақсы іс. Өкініштісі – бүкіл қалада бір-ақ үй!

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.