Жырдан Маржан Тіздірген

20131220-02-1Осыдан жиырма екі жыл бұрын Алаш жұрты бөркін көкке атып, қуаныштан көзіне жас алды. Сайын даласы бар қазақ елінде азаттықтың ақ таңы арайлап атты. Елбасы сөзімен айтқанда, Ұлы Даланы мекен еткен ата-бабаларымыздың асыл арманы орындалды. Жиырма екі жылдың ішінде елімізді әлем танып, тереземіз өзгелермен теңесті. Бабалар мұратын арқалап, қазақты жаңару жолына бастаған Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісін ел халқы көріп отыр.

Тұғырына қонған Тәуелсіздік мерекесін тойлау бақыты бүгінгі ұрпаққа нәсіп етілді. Қасық қаным, шыбын жаным – ұлтымның намысы деген кешегі боздақтар – Желтоқсан көтерілісінің құрбандары осы даңғыл жолды салып берді.

Тәуелсіздік тойын әспеттеп, оның ұлылығын ұлықтау мақсатында мереке күні қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапханада «Тәуелсіздікті жырлаймыз» поэзия сағаты өтті.

Кешке қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева, аймағымызға танымал ақындармен қатар, жас буынның арасынан Тәуелсіздіктің жетістігін жырға қосып жүрген жас ақындар, Желтоқсан оқиғасының куәгерлері, білім ошақтарының басшылары және жалпы жырсүйер қауым қатысты.

Поэзия сағатын жүргізген ақын, №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Дәуренбек Бұланбаев бостандықтың бозарып атқан таңы қазақ халқының маңдайына оңайлықпен келмегенін айта келе, ақындарымыз Мұса Тілеуов пен Жақсылық Омаровқа, Өмірбек Сартовқа және журналист Абдолла Дастановқа сөз кезегін берді. Кешке қатысқан қонақтар Тәуелсіздікке арнаған жыр-шумақтарын тарту етсе, Абдолла Дастанов азаттықтың ақ таңы үшін жан қиған Қайрат Рысқұлбековке осыдан 22 жыл бұрын арнаған өлеңін оқып берді.

Жас буын ақындар да ағаларының жырларын жалғап жатты. Аймақтық ұлттық өнер орталығының құрамындағы жазба ақындар үйірмесінің қатысушылары Камила Каденова, Кәусар Имантаева, Назым Нұрсапа және Шырайлым Аханова Желтоқсан жайындағы жырларымен бөліссе, №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп жанынан құрылған «Жырбұлақ» үйірмесінің шәкірттері Әлішер Әліқұлов, Сәндігүл Арыстанова, Дәулет Сейтпеков Тәуелсіздік жайында толғауларын ұсынды.

Тоталитарлық жүйенің құрсауынан шығып, дербес елге айналуымыздың басты оқиғасында Желтоқсан көтерілісі бірінші тілге тиек етіледі. Себебі, ұлттық мүдде деп бұлқынған қазақ жастарының дүмпуінен кейін арада 5 жыл өткен соң Тәуелсіздік тұғырына қонды.

Осы кеште жұртшылықтың қатарында сол оқиғаның кәугерлері Таубай Сеилов, Кенжетай Кенжина, Света Шынәділова болды.

– Ызғарлы желтоқсанның қазақ қоғамына салып кеткен орны толмас шығыны өте көп болды. Бірі – ұлынан, бірі қызынан айырылды. Олар ұлтының намысы үшін бір ұран астына бірігіп, елін бостандыққа жетеледі. Қыршынынан қиылған сол боздақтардың арман-мұраты бүгін жүзеге асты. Осы отырған жастар сол өр рухты аға-апаларын мақтан тұтып, Тәуелсіздіктің киелі ұғым екенін түсінуі қажет, – деді оқиға куәгерінің бірі Таубай Сеилов.

Поэзия арқылы Тәуелсіздіктің теңдессіз асыл байлық екенін жастарға түсіндіруді мұрат еткен кеш соңында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш ақындарға сыйлық тапсырып, шығармашылық табыстар тіледі.

Поэзиялық сағатқа жиналған көпшілік Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еркіндігіміз ғұмырлы болсын деген тілек айтып тарқасты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.