Өшсе пенде өшер, өнер өлмес

Тәуелсіздігіміз орнағалы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ұлттық өнеріміздің жауһарлары қайта түлеп, салт-дәстүріміз жаңғырды. Кенді қаламызда да қазақтың ұлттық өнерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын келешек жастарға түсіндіру тұрғысындағы жұмыстар өз деңгейінде деп айтуға толық негіз бар. Оған дәлел – жақында ғана қалада ашылған аймақтық ұлттық өнер орталығы.

Ашылғанына бір ай толған бұл өнер орталығы ең алғашқы шығармашылық кешін ел Тәуелсіздігінің 22 жылдығына тарту етті.

Ш.Ділдебаев атындағы мұражайға жиналған көпшілік «Сарыарқа самалы» халық шығармашылығы фестивалі аясында «Нағыз қазақ – домбыра» ән-күй кешінің куәгері болды.

Жас ұрпақтың қазақ өнеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, халық шығармашылығын жаңғыртуды мақсат тұтқан кешті белгілі ақын, орталықтағы айтыс үйірмесінің жетекшісі Бағдат Байжантаев ашып, жүргізіп отырды.

Қазақ – өнерді ерекше құрмет тұтатын халық. Күйдің де, бидің де, әннің де құдіретін жете түсініп, жаратқан берген дарынды өнермен өрген кешегі алып тұлғалардың шығармашылығы сан ғасырға рухани азық болып қалды, қала да бермек.

Ұлттық ән мен күйден мерекеге тарту жасалған кештің әлқиссасын күйшілер бастады. Олар Дина Нұрпеиісованың «Науысқы» күйін, сирек орындалатын «Сау күрең» халық күйін, күй құдіретін аса шеберлікпен жеткізген Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін орындап, мұражай ішін күмбірге бөледі.

Ал, дәстүрлі ән орындаушылар халық әндері «Сары бидай», «Бұлбұлым», Мұхиттың «Көкайдай», Абайдың «Сегіз аяғын» құйқылжыта шырқады.

Жаһандану үрдісіне бейім тұратын қазіргі қазақ жастары төл өнерді, соның ішінде домбыраны әлемге насихаттаудың соңғы жылдары әртүрлі іс-шараларын өткізіп келеді. Соның бірі – Қытай еліндегі бауырластарымыздың ішінен 10495 домбырашы бір мезетте «Кеңес» күйін орындап, әлемдегі ерекше жандардың есімі жазылатын Гиннестің рекордтар кітабына енгені.

Бүгінгі таңда «Домбыра пати» деп аталып жүрген домбыра шерту сайысы еліміздің әр аумағында өткенін жұртшылық жақсы біледі. Кешті «Домбра пати» сайысының үлгісінде Нұрғиса Тілендиевтың «Әлқисса» күйін шерткен жас күйшілер Ержан Мұқышев пен Махмұт Оразалиннің өнері тәмамдады.

Осы кеш барысында жиналған көпшілікке Армия Есеновтың жетекшілігіндегі ағаш шебері және зергерлік бұйымдар үйірмесінің, сонымен қатар, тоқыма-ою шебері үйірмесіне жетекшілік ететін Лиза Бөлекбаеваның шәкірттері дайындаған қол өнер бұйымдары ұсынылды.

«Өшсе пенде өшер, өнер өлмес» деген сөз қалған екен бұрынғылардан. Ұлттық тамырымыз қайта жалғанып, мәдени-рухани қазықтан нәр алудамыз. Сол үшін Тәуелсіздікке мың тағзым.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.