Балаларды құттықтады

20131220-02-3«Тәуелсіздік – ел бақыты, ертеңі» тақырыбында Тәуелсіздіктің 22 жылдығына арналып мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде көмек беру әлеуметтік орталығында мерекелік концерт өтті.

Жаңа тарихтың бетін ашқан егемендіктің асыл құндылықтарын жас буынға насихаттай отырып, орталықта тәрбиеленіп жүрген балалардың дарынын ашу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева қатысып, олардың шығармашылық қабілеттерін, өнерін тамашалады.

Мұндағы балалар өздерінің мерекелік көңіл-күйлерін ән мен бимен жеткізіп, өлеңдерін оқыды.

Балғын балалық шағынан денсаулықтарының сыр бергендеріне қарамастан, олар мерекеде мәз-мейрам болысып, өздерін құттықтай келген аға-апаларына дән риза.

Марал Сағынайқызы балаларды мерекемен құттықтап, тәуелсіздік жылдарында еліміз жеткен жетістіктерді айта келе, Елбасының балаларға жасап отырған қамқорлығы шексіз екендігін тілге тиек етті.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев қоғамның әр мүшесін өз назарынан тыс қалдырып отырған жоқ. Әсіресе, еліміздің ертеңгі үміті болар мына сендердей балғындарға қамқорлығы ерекше, – дей келе, Көк Туы аспанмен астасып, қыраны көкте қалықтаған қазақ елінің айбыны арта берсін деген тілегін арнады М.Мәдиева.

Тәуелсіздік тойының асыл құндылығын дәріптеген концерттің соңында барлық балаларға жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің атынан сыйлықтар тапсырылды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.