Пәтер кілттерін тапсырды

20131220-08-02-1Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнінде Комаров көшесі 9 «А» мекенжайы бойынша орналасқан көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыстау рәсіміне мемлекеттік мекеме басшылары, қуаныш иелерінің туған-туыстары мен қала тұрғындары қатысты.

Жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаған соң, қала әкімі Әнуар Омар 34 пәтерлі жалдық-коммуналдық тұрғын үйдің кілттерін иелеріне тапсырды. Мердігер компания атынан сөз алған «Самға» ЖШС директорының міндетін атқарушы Қанат Құлмағанбетов сәтбаевтықтарды қоныс тойымен құттықтап, отбастарына қуаныш пен бақыт тіледі. Одан әрі жаңа баспанаға ие болғандардың бірі зейнеткер, тыл ардагері Пішенбай Бәділбеков сөз алып, қала әкімшілігіне ризашылығын білдірді.

20131220-08-02-220131220-08-02-3Бірнеше жылдар бұрын бой көтеріп, бос тұрған жатақхана ғимараты «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізілді. Мұндағы бір бөлмелі 9 пәтер, екі бөлмелі – 10 және үш бөлмелі – 15 пәтер әр түрлі санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Олардың ішінде жетім балалар, зейнеткерлер мен мүгедектер, көп балалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ мемлекеттік мекеме қызметкерлері де бар. Осы күні өзгелермен бірге қоныс тойын қала тұрғыны Айман Ахметова да тойлады.

–  Бүгін мен үшін ең бақытты күн. Жалғызбасты ана ретінде кезекке 2006 жылы тұрған едім. Екі қызым бар. Енді, міне, көптен күткен пәтерімізге қол жеткіздік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған бұл бағдарламаның, Тәуелсіздігіміздің арқасында осындай қуанышқа бөленіп отырмыз, – дейді 2 бөлмелі пәтердің иесі Айман Ахметова.

Лента кесу рәсімінен кейін әкім Әнуар Омар, орынбасары Марал Мәдиева, мәслихат хатшысы Серік Имамбай бастаған бір топ мекеме басшылары пәтерлерді аралап, жұмыстың сапасына оң бағаларын берді. Мереке күні баспаналы болған тұрғындар жаңа пәтерлерінде қос қуаныш – Тәуелсіздік күні мен қоныс тойын бірге тойлады.

– Қазіргі таңда Сәтбаев қаласында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бойынша жас отбасылар үшін 2014-2015 жылдар аралығында 4 қабатты 16 пәтерлі тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, екі 56 пәтерлі 4 қабатты тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жалпы, қалалық әкімдікте мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 1017 азамат тұр, – деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалымжан Сүтбаев.

Марал Шахаева.Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.