Тәуелсіздік — мәңгілік құндылық

Өткен жұма күні Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынға еңбек ұжымдары, соғыс және еңбек ардагерлері, қаламыздың Құрметті азаматтары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, этно-мәдени орталықтардың өкілдері қатысты.

20131220-08-01-1

Салтанатты жиында қала әкімі Әнуар Омар жиналған жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтап, мәңгілік құндылық – Тәуелсіздігіміз жайлы келелі ой қозғады.

– Ата-бабамыз аңсаған азаттығымызды алдық, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Еліміз еңсе көтерді, халқымыз қатарға қосылды. Тәуелсіздіктің таңы атқан шақта еркін ел ерікті таңдауын жасап, тізгінді Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды. Жүрегі жұртым деп соққан Елбасымыз елін жарқын болашаққа бастады. Бүгінде ашық аспанымызда Азаттық әні әуелеп, тұғырымызда тәуелсіздік туының желбірегеніне жиырма екі жыл толып отыр! Бұрын ешкім білмеген егемен елімізді бүгінгі күні бүкіл әлем мойындады. Барынша дамыған елу елдің қатарына қосылған тәуелсіз Қазақстан дүние жүзіне тұрақтылық пен келісімнің, ынтымақ пен бірліктің ғажап үлгісін көрсетіп отыр, – деді қала басшысы.

20131220-08-01-020131220-08-01-320131220-08-01-2Бұдан соң әкім Әнуар Омар Президент Жарлығына сәйкес тоғыз бала тәрбиелеп өсірген Гүлаз Арсаева мен сегіз бала тәрбиелеп өсірген Оразкүл Сайдалиеваға «Алтын алқаны», төрт және одан да көп бала тәрбиелеп өсірген бір топ аналарға «Күміс алқаны» салтанатты түрде табыс етті.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруде зор үлесін қосқаны үшін қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ирина Беткер «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, №7 орта мектептің директоры Жеңіс Әлмағанбетов «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын алған болатын. Сол сияқты, азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан үлесі үшін қалалық «Диагностика» ӨК-нің директоры Бақытжамал Тюлюбекова Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау Министрінің Құрмет грамотасымен, Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ сәтбаевтықтар облыс және қала әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған болатын. Салтанатты жиында қала басшысы осы құрметті марапаттарды өз иелеріне тапсырды.

Ел Тәуелсіздігінің 22 жылдығына арналған салтанатты жиында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның Жезқазған аймағындағы әлеуметтік нысандардың қызметін бақылау бөлімінің басшысы Тоғызбай Тәжбенов жұртшылықты корпорация басшылары мен кеншілері атынан құттықтап, Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген бір топ кеншілерге «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директорының Құрмет грамотасын және ақшалай сыйлығын табыс етті.

Мерекелік салтанатта жұртшылықты қаламыздағы этно-мәдени орталықтардың өкілдері де құттықтады.

Салтанатты жиынның соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.