Білімнің бағы – Әліппе

20131227-20-01Бар ғылым, білімнің бастауында тұрған Әліппе адам санасының жетіліп, оңы мен солын тануға жол ашады. Қазақ әліпбиінің негізін салған Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, Әліппе – бар білімнің негізі. Осы білім бұлағынан әріп танып, сөздің мағынасын ұғынғаннан кейін жас буын қолына Ана тілі оқулығын алады. Жақында Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектептің 1 «А» сынып оқушылары қасиетті Әліппе оқулығымен қоштасып, білімнің даңғыл жолына бет алды.

Нұржамал Ахметованың жетекшілігіндегі бұл сыныптағы оқушылар білімнің басы Әліппемен қоштасу сәтінде ұстаздарының үйреткен білімін, өнерін ортаға салды. Бірі Әліппе жайында, енді бірі ата-ана, ұстаз, туған жер, Отан, Елбасы жайында төрт ай ішінде үйренген өлең, тақпақтарын оқыды.

Тек әріпті танып, жазуды ғана меңгеріп қоймағандықтарын дәлелдеген білімқұмар балақандар «Шалқан» ертегісін қойып, ата-аналарын, келген қонақтарды қуантып, қылықтарымен қыран-топан күлкіге бөлеп жатты.

– Әр баланың білімге, өнерге деген ізденістерін аша түсу үшін ата-аналармен біріге еңбек етіп, жас буынды дұрыс бағытта тәрибелеп, саналарын сергек етіп қалыптастыруға бар күшімізді салып отырмыз. Бала үшін білімнің алғашқы іргетасы мықты болуы оның қабырғасының бекіп, мығымдала түсуіне себепкер болады ғой. Біз, бастауыш сынып ұстаздары, осыны ескеріп, тәрбиелеп отырған шәкірттерімізді білімнің озық үлгілерімен сусындатуға тырысып келеміз, – дейді осы сыныптың жетекшісі Нұржамал Сабырқызы.

Ұлағатты ұстаздан білімнің алғашқы нәріне сусындап, таза бұлақтан білім кәусарын бойларына жиып келе жатқан жас буынның ата-аналары ертеңгілік барысында балаларының алғашқы ұстазына алғыстарын білдіріп, еңбегіне табыс тіледі.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.