Съезд мәселелерін талқылады

Үстіміздегі жылдың 20 қарашасында Астана қаласында Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезі өтті. Бұл алқалы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажет. Жоғарғы соттың абыройы – еліміздің, жалпы биліктің абыройы. Біз «Қазақстан – 2050» Стратегиясын негізге ала отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз керек» деген болатын.

Съезде Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларын халыққа жеткізу мақсатында Сәтбаев қалалық сотының судьясы Ж.Данияров жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізді.

Басқосу барысында судья сот жүйесі үшін съезде қабылданған маңызды шешімдерге, қазіргі заманғы талаптарға сай келетін сот төрелігі жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған тапсырмаларға тоқталды.

– Съезде сот төрелігінің тәуелсіздігі, сот құрылысын, құқық қорғау механизмдерін жетілдіруде соттардың рөлі, ашықтығы мен қолжетімділігі, сондай-ақ, судья кадрларының кәсіби және адамгершілік деңгейін, жалпы, сот имиджін арттыру, судьялар қоғамдастығы органдарын дамытудың перспективалары т.б. мәселелер кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, съезде мамандандырылған соттардың жұмысын жандандыру, олардың материалдық-техникалық базасын көтеру, сот қызметінде заманауи озық технологияларды тиімді қолдану мәселелері де сөз болды. Жиналыста Елбасымыз азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайтын болғандықтан, Қазақстанның сот қауымдастығының алдында халыққа қызмет етудің биік белестері тұрғандығын да атап өтті. Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың сот жүйесінің қуатты дамуына айрықша көңіл бөлуі, судьялар корпусына ерекше ықылас танытуы, аталмыш съезге қатысып, ұтымды ұсыныстар мен салиқалы ойлар қосуы – сот саласындағы өзекті проблемаларды кәсіби деңгейде шешуге зор ықпал ететіні сөзсіз, – деді судья Ж.Данияров.

Мемлекет басшысының Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасының ең негізгі түйіні – әлемнің өркендеп өскен 30 елінің қатарына кіру. Меже қылған бұл белестерге жету барлық саладағы игілікті істердің дамып, жетілуін көздейді. Сондықтан еліміздің сот жүйесі де басқа мемлекеттердің сот жүйесімен бірдей болуы шарт. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел, әрі толық орындалуы – кез келген елдің кемел болмысының көрінісі.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.