Жоғарғы соттың абыройы — биліктің абыройы

Араға 4 жыл салып өтетін Қазақстан судьяларының VI съезінде еліміздің сот жүйесінің маңызды мәселелері көтеріліп, шешуші бағыттарға негіз болған сындарлы пікірлер айтылды. Ортаға салынған мәселелерді арнайы съезд жұмысына қатысқан Елбасы Н.Ә.Назарбаев қалт жібермей тыңдап, «Қазіргі уақытта біз саяси бағыттар мен міндеттерімізді айқындаудамыз. Тәуелсіз және әділ сот – құқықтық мемлекеттің тұғыры. Онсыз әлемнің бір де бір елі, соның ішінде ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалды, азаматтардың өмір сүруінің жоғарғы деңгейін қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан, сот реформасы жөніндегі жұмысты еселеу қажет. Мен судьялардың VI съезінің басты міндеті осы деп білемін», – деді.

«Билік айту оңай, біліп айту қиын» деген қазақ халқының дана сөзімен өз пікірін сабақтаған Елбасы қоғам назарында жүрген мәселелердің барлығына тоқталып, сот жүйесінің одан әрі даму бағыттарын айқындап берді. Атап айтқанда, сотқа деген халықтың сенімінің азаюына себеп болып отырған істерді қарау мерзімінің айларға созылып кетуі мен үкім-шешімдердің жиі бұзылуы сияқты күрмеуі қиын мәселелердің шешілуіне баса назар аударды. Осы мәселелердің туындауына негізгі себептердің бірі- судьялардың жүктемелерінің межелі шамадан шығып кетуі. Осы тұрғыда Елбасы Үкіметке судьялар санын 450, сот хатшыларын 450 және сот жасауылдарын 60 адамға көбейту туралы тапсырма берді.

Президенттің сот жүйесін дамытудағы сүбелі ұсыныстары мен пәрменді бағыттарын қолдай отырып, алға қойылған мақсаттарды өз деңгейімізде тұжырымдап, оны жүзеге асыруға атсалысу әрбір судьяның, сот қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі екеніне назар аударғым келеді.

С.Сағатов, ҚР Судьяларының VI съезіне қатысушы, Ұлытау аудандық сотының төрағасы.

Комментарии закрыты.