Ынтымақты паш еткен отырыс

Ата-бабаларымыз арман еткен Тәуелсіздіктің арқасында бейбіт өмірде мамыражай өмір сүріп жатырмыз. Тәуелсіздік күнін қалай тойласақ та артық емес.

Айтулы мереке қарсаңында Сәтбаев мәдени-сауық орталығының тілдерді оқыту әдістемелік кабинетінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Егемендігімізді құрметтеуге, қастерлеуге шақыратын бұл мерекелік бас қосудың қонақтары ретінде этно-мәдени ұлттық орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Тәуелсіздігімізді тәу еткен, бейбітшілікті әндеткен заманда арнайы келген қонақтардың әу демеске хақылары жоқ еді. Украин орталығынан Роман, Ольга Бурдалар, орыс орталығынан М.Нальгиева, Г.Погорелова, «Қазақ тілі» қоғамынан С.Бимұратова ыстық ықыластарымен сөз сөйлеп, өз ана тілдерінде ән шырқап берді.

Әдемі кештің нүктесін мәдени-сауық орталығының көркемдік жетекшісі Д.Төлегенов қойды. Ол жас буынның атынан сөз сөйлеп, Тәуелсіздік туралы өзіндік көзқарасын білдірді. Кеңестік кезеңнің тәрбиесін алған, көзкөрген аға буын өкілдеріне алғысын айтты.

М.Мұқатова.

Комментарии закрыты.