Елімізді әлемге танытқан бағдарлама

20131227-14-01Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан «Болашақ» халықаралық стипендиясы осы жылы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткен болатын. Дарынды жастарға шетелдің ең үздік жоғары оқу орындарында дәріс алуға және кәсіби шебер маман атануға мүмкіндік беретін бұл бағдарлама аясында 10 мыңнан астам студент озық білім алды. Солардың бірі – халықаралық деңгейдегі сапалы білімді игеріп, ел игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген білікті маман, талапты азамат, жерлесіміз Мұрат Құрманов. Малайзия елінің алдыңғы қатарлы оқу ордасында білімнен сусындаған Мұрат бүгінде Астана қаласында «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жобаларды жоспарлау департаментінің бас инженері болып жұмыс істейді.

– Мен өзім көз жеткізгендей, біздің елімізде талантты жастарға әлемнің беделді университеттерінде білімдерін тереңдетіп, біліктіліктерін шыңдауға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Оның айқын дәлелі ретінде Елбасының бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасын айтуға болады. Бұл бағдарлама студенттерге өз мамандығын заманауи технологиялар мен әдістемелер арқылы терең меңгеруге, табысты жетістіктерге жетуге, жаңа белестерді бағындыруға жол ашады.

Сәтбаев қаласының Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде оқып жүргенде алғашқы рет «Болашақ» халықаралық стипендиясы туралы естіген едім. Мектепті 2005 жылы үздік аттестатпен бітіргеннен кейін Астана қаласындағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына мемлекеттік гранд бойынша оқуға түстім. Бос уақытымда ағылшын тілінің курстарына үзбей барып жүрдім. 2007 жылы «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алуға құжат тапсырып, бағымды сынап көруге бел будым. Барлық емтихандардан мүдірмей өткен соң, үкімет есебінен шетелде оқудың мүмкіндігін иеленіп, Малайзия еліне оқуға аттандым. Онда Малайзия Техникалық Университетінде құрылыс мамандығы бойынша білім алып, сол елдің осы салада жеткен жетістіктерімен таныстым. Бұл мұсылман елінде білім беру жүйесіне айрықша маңыз беріледі. Халқы ағылшын тілінде сөйлейді. «Болашақ» бағдарламасының тағы бір артықшылығы – өзінің студенттерін шет мемлекеттердің кез келген емес, «Гарвард» секілді тек ең үздік университеттерінде оқытады. Білім ордасындағы сапа деңгейінің осындай жоғарылығы өз кезегінде студенттер алдына үлкен талаптар қояды. Малайзиядағы оқу жүйесі кредиттік технология негізінде құрылғандықтан, әрбір азамат мамандығына сәйкес қалаған пәндерді оқып, ұстаздарды таңдай алады. Сонымен қатар, оқу барысында университетте ұйымдастырылған түрлі байқауларға да белсене қатыстым. Өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқының салт-дәстүрлері, тілі мен мәдениеті, әндері мен өнері жайлы айтып, оларды қазіргі Қазақстанның өркениетімен таныстырдым. Оқу-әдістемелік базасы және инфрақұрылымы дамыған Малайзия мемлекетінде 4 жылғы оқуымды үздік бітіріп шықтым. Елге оралғаннан кейін Елордамызда «НАО Холдинг Кәсіпқор» атты ұлттық компаниясында құрылыс саласында бір жарым жыл бас менеджер қызметін атқардым. Бүгінгі күні отбасын құрып, сүйікті жарым Аида екеуміз кішкентайымыздың қызығын көрудеміз.

Мен үшін «Болашақтың» түлегі атану зор мақтаныш. Бұл бағдарлама менің жоғары білімді маман ретінде қалыптасуыма үлкен септігін тигізді. Жас ұрпақтың білімін жоғарылатып қана қоймай, патриоттық сезімін оятып, туған жерге деген сүйіспеншілігін де арттыра түсетін Президенттік бағдарлама өз жемісін беріп жатыр деп есептеймін. Әр түрлі салада еңбек етіп жатқан «болашақтықтар» қазіргі кезде еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне етене араласып, шетелдік озық тәжірибелер мен инновацияларды ел экономикасына енгізуде. Мемлекет басшысы өз кезегінде «Болашақ» түлектеріне зор міндет, жауапкершілік жүктеп отыр. Сондықтан біз, шетелде білім алған зиялы жастар, Елбасымыздың барлық бастамаларын қолдап, оны іске асыруда аянбай жұмыс жасап, еліміздің жарқын болашағына лайықты үлесімізді қосуымыз керек, – дейді «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі, мақтан тұтар жерлесіміз Мұрат Құрманов.

«Болашақ» бағдарламасының 20 жылдығына арналған мерейтойлық форумда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің алдымызда жаңа мұраттар тұр. Ең бастысы – дүниежүзіндегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру. Бұл – орасан зор, ғаламат міндет. Осындай мақсаттарды ел игілігі үшін жүзеге асыруда білімді жастар қолдау көрсетуі тиіс» деген болатын. Сол себептен, Қазақстанды әлемге танытқан Елбасының «Болашақ» бағдарламасы білікті, өз ісінің нағыз мамандарын дайындауда алар орны ерекше.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.