Алаш азаматы

Сәтбаев шаһарының тарихындағы биылғы жылдың басты оқиғасы – кеншілер қаласының 40 жылдық мерейтойы болды. Қала болып қалыптасқан алғашқы жылдары жаңа құрылыс нысандарымен қоса, тұрғындардың өнерге, руханиятқа деген құлшынысын қолдау мақсатында да игілікті істер атқарылды. Сол жылдары облыс, қала басшылығында болған қазақтың азаматтарының сіңірген еңбектерінің өзі бір төбе. Оны біз қала тарихына қатысты естеліктерден білеміз.

Бұл естелік осыдан бірер жыл бұрын жазылған. Оның авторы – Ұлы Отан соғысының ардагері, «Отан» және І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің иегері, Ұлытау, Ақтоғай аудандарының және Жезқазған қаласының Құрметті азаматы – Қалкен Мәкенбайұлы. Қалкен аға кезінде бұрынғы Жезқазған облысының мәдениет басқармасын басқарып, аймақтың мәдени, рухани салаларының өсіп-өркенденуіне зор үлес қосқан азамат. Білікті басшының Сәтбаев қаласына да сіңірген еңбегі мол. Қалкен Мәкенбайұлы кезінде жаңадан құрылған кеншілер қаласының басшылығында болған Аханов Мұзараф ағамен қоян-қолтық еңбек атқарып, қаланың мәдениет саласының қалыптасуына қызмет атқарды.

Қазіргі кезде Қалкен аға қатарымызда болмаса да, ол кісінің Мұзараф аға туралы пікірлері бізге қымбат та бағалы екенін ескеріп, назарларыңызға Қалкен Мәкенбайұлының естелігін ұсынып отырмыз.

Адамзат өркениетіне ХХІ ғасырдың басында саф алтындай жарқырап, Тәуелсіздік Туын берік ұстаған қазақ халқы келіп қосылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде ұлтаралық татулық, саяси тұрақтылық қамтамасыз етілді. Осы озық идеяны халық арасында кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап жүрген ардагер ақсақалдарымыз да аз емес. Солардың арасынан замандасым Мұзараф Ахановты ерекше атап өткім келеді.

«Бірлігі мықты ел

арыстандай айбарлы болады,

Бірлігі күшті ағайын

жолбарыстай қайратты келеді.

Халық пен ханның бірлігі

берік болса

Ырзығы мол, айдын шалқар көлдей толады» деген халық мақалын басшылыққа алған Мұзағаң әрқашан да халық бірлігін жоғары қояды.

Мұзараф әлемге әйгілі бес қасиетті ғибратты: асыл ана, туған жер, ана тілі, ата дәстүр, ел тарихын пір тұтқан зиялы жан.

Менің Мұзараф Аханұлымен таныс болғаныма 35 жыл болыпты. Содан бері әрі сыйлас, әрі пікірлеспіз.

Мұзағаң Сәтбаев қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, кейіннен халық депутаттары қалалық атқару комитетінің төрағасы болып жүрген кезде қаланың рухани дүниесіне байланысты мәселелерді ақылдаса, бірлесе жүріп шешуге тура келді. Ол кезде мен облыстық мәдениет басқармасының бастығы едім.

1973 жылы облыс жаңа құрылып жатқан кез болатын. Сол жылы мамырда күн тәртібіне Жезқазған мәдени-ағарту училищесін ашу мәселесі қойылды. Мәскеуден училище ашуға әлі ерте, үй-жайы жоқ, оқытушылармен қамтамасыз етілмеген деген хабар жетті. Сол кездегі облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Жылқыбай Аралбаев екеуіміз мәселені шешу үшін Мәскеуге ұштық.

Училищені ашу жөніндегі жарлықты КСРО Орта және жоғары оқу орындары министрі шығаратын. Сондықтан, Министр Елютиннің қабылдауында болдық. Министр училищеге қажетті үй-жайдың, студенттерге арналған жатақхана мен мұғалімдерге арналған баспананың және училищеге сай музыкалық құрал-жабдықтардың жоқтығын алға тартты. Әсіресе, хореография бөлімшесін ашуға қарсылық білдірді. «Бұл салада сабақ беретін мұғалімдер Қазақстанда жоқтың қасы, тіпті Қарағандының өзінде би бөлімі жоқ», – деп түйіндеді. «Ал, сіздерде бәрі тыңнан басталғалы тұр емес пе?», – деп нығыздай түсті.

Аралбаев та ұшқыр қыранша оқталып: «Министр жолдас, Сіз екеуімізді партия осы жұмысқа неге қойды? Халықтың мүддесіне сай келетін мәселені шешсін деп пе, әлде әр түрлі сылтау айтып, болдырмау тәсілін іздесін деді ме? Жезқазған аймағында 50 мыңдай металлург-кенші еңбек етеді, олардың жүз мыңдай баласы бар. Сонда сол өрендерге рухани білім бермей, маскүнем, жұмыссыз баскесерлер жасамақсыз ба? Қай таңдауын алғыңыз келеді? Әлде сіздің ұстанған жолыңызды КПСС Орталық Комитетіне жеткізуім керек пе?», – деп тоқтады. Бетіне қаны ойнап шыққан министр қалам ұстаған қолы дірілдеп, алдындағы қатынас хатқа «Решить положительно, подготовьте приказ», – деп қол қойып жіберді де: «Ал, жолдас секретарь, риза болыңыз, жақсы күндерде кездесейік», – деп қолын ұсынды. Жарты сағатта жарлық та дайын болды.

Сабасына түскен Жықаң жарлықты алғаннан кейін: «Қалкен, жағдай қалай болды?» – деп маған қарады. Мен: «Бәрі дұрыс болды, бірақ сіз министрге қатты кеткен сияқтысыз», – дедім. «Жарайды, бұларға осылай бір жағынан күш көрсетпесең, мәселеңді дұрыс шешпейді. Ендігі салмақ екеуімізге түседі. Қалаға барған соң Ошақбай Асылбековке (қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы) өзім айтамын. Ал, сен Ғазиз Омаров пен Мұзараф Ахановқа барып көмек сұра. Екеуі де намысы бар, ұлтқа жаны ашитын азаматтар ғой», – деп ойын түйді.

Мәдени-ағарту училищесі Никольский поселкесінде орналасатын болды. Бұрын екі қабатты екі үй бөлінсе, енді мектепке арналған қосымша екі үй, жатақханаға бір үй, айналасы бес үй бөлінді. Ол үйлерді қысқа мерзімде жөндеп бітіру үшін Ғазекең мен Мұзекең ақылдасып, арнайы құрылыс бригадасын бөлді.

Жықаңмен бірге Қазақстан Оқу және мәдениет министрлерінде болып, қаражатпен, оқытушылармен қамтамасыз ету мәселелерін шештік. Би бөліміне Мәскеу қаласынан Жар Капесов деген балетмейстер арнайы шақырылды. Хабаровск, Улан-Удэ, Алматы, Шымкент қалаларынан жоғары білімді, арнайы мамандығы бар мұғалімдерге қолқа салынды. Мұзараф Аханұлының тікелей көмегімен Мәскеу қаласындағы Щепкин атындағы өнер оқу орнына Жезқазған кен-металлургия комбинатынан арнайы стипендия тағайындатып, балетмейстер оқуына Әлпеш атты қыз жіберілді. Мұзағаң қалалық атқару комитетінің төрағасы болған кезде қаланың рухани өсуіне жете зер салып, маңыз беріп отырды. Кітапханалар жаңа үйлерге орналасты. Училище ұстаздары үймен қамтамасыз етілді.

Жезқазған облысы көне тарихи ескерткіштерге бай екендігі ескеріліп, ескерткіштерді жөндеу шеберханасын ашу қажеттігі туындады. Оны да Сәтбаев қаласына орналастыру керек деп шешілді. Бірақ, сол кездегі қалалық партия комитетінің хатшысы қарсылық білдіреді. Сылтауы – шеберхана ашылса, мазарларды жөндеу жұмысы көбейіп кетеді. Құрылысқа арналған кірпіш, цемент мазар салуға пайдаланылады. Тарихи ескерткіштерді есепке алу, қажеттісін жөндеу тізіміне енгізу үшін жаңадан шеберхана ашу жөнінде Мұзараф Аханов хатшының қарсылығына қарамастан тиісті шешім қабылдады. Арнайы үй-жер бөлініп берілді. «Жақсылықты жақтасаң, жанынан жауыздық бой көтереді» дегендей, Алашахан, Жошыхан мазарларына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, елдің ол жаққа толассыз барып жатқанын естіген бір басшы бір жиында: «Аханов пен Мәкенбаев енді өлілерге қызмет жасап жатыр», – деп соғыпты.

Мұзағаң қайырымдылық, адалдық, адамгершілік қасиеттерді бойына жинаған жан. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін, ұйымдастырушылық қабілеті зор, өресі биік, талғамы терең азамат. Жан жары Шабал да зерделілігі мен білімділігі ұштасқан парасат иесі. Рухани жан дүниесі бай адамдар жемісі мол мәуелі баққа ұқсайды. Шабал мен Мұзараф кіндігінен тараған қырандарын қияға самғатқан үлгілі отбасы. Өмірдің мәні де осында емес пе?!

Комментарии закрыты.