Өткенсіз келешек жоқ

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деп атап көрсеткен болатын. Биыл Қазақстан Республикасының «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заңына 15 жыл толды.

Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағаты 13.12.1990 жылдың №111/13 Жезқазған облысының халық депутаттар Кеңесі мен Атқарушы комитетінің шешіміне байланысты 17.01.1991 жылғы №3/18 Сәтбаев қаласының халық депутаттар Кеңесі мен Атқарушы комитетінің шешіміне сәйкес жеке құрамы бойынша мұрағат шаруашылық есеп бөлімшесі болып құрылған.

Қазіргі уақытта мұрағатта 163 қор – 70000 мыңға жуық сақтау бірлігі жинақталған. Мұрағат қорында 1930 жылдардан бастап араб, латын тілінде жазылған құжаттар сақталған.

Мұрағатта қалалық мекемелердің, оның ішінде әкімшілік, қалалық мәслихат, білім, денсаулық сақтау мекемелерінің құжаттары сақталған. Жабылған өнеркәсіп, оқу мекемелерінің, үй құрылыс комбинаты, «Казмедьстрой» тресінің құжаттары, Никольск қалалық сауда мекемесі, Жезқазған мәдени-ағарту училищесі, Жезқазған тау-кен техникумы және де басқа кәсіпорындардың құжаттары жинақталған.

Мемлекеттік сақтау қорына құжаттардың түсуі жыл сайын өсіп, азаматтардың әлеуметтік-құқықтық сұрақтары бойынша өтініштері көбейді. Бір жылда 2000-нан астам өтініштер жеке және заңды тұлғалардан Ресей, Украина, Беларусь, Израиль, Германия сияқты көрші елдерден түседі.

Мұрағат қала өміріндегі тарихи-мәдени оқиғаларды бейнетаспаға, суретке түсіріп,  құжаттар қорын жинақтайды.

Мұрағат құжаттарды қабылдап, жинақтап қана қоймай, оның пайдалануыменде айналысады. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске арнап «Ешкім де ұмытылмайды, ешкім де ұмытпайды», «Жеңіс туын желбіреткендер», Жеңістің 65 жылдығына «Жүрек толғауы», «Ауғанстан жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 20 жыл», «Ауған жауынгерлері», «Сәтбаев қаласы – 20 жылдық белес» атты жинақтар шығарды. «Сәтбаев қаласының көшелері», «Сәтбаев қаласы – 40 жылдық белес» атты кітаптар жарыққа шықты.

1999 жылдан мұрағат өңірге еңбегі сіңген азаматтардың жеке құжаттарын қабылдауды бастады.

Мұрағатта Ұлы Отан соғысының ардагерлері: Байбосынов Шермұханбет, Сүлейменов Бірман, Қалиев Қожа, Аманжолов Ақбар, «Социалистік Еңбек ерлері» Лукинский Федор, Баймағамбетов Демберген, Кентаев Казымхан қорлары, Қазақстан Республиксының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын-импровизатор Шынболат Ділдебаев, академик Әсер Иманғалиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Зинаида Чумакова, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Мәуия Бекмағанбетованың жеке қорлары ашылған.  Мұрағатты жинау, сақтау және оны үздіксіз пайдалану мәселелері ғылым мен мәдениет қауымдастығы тарапынан әрқашанда қызығушылық танытып келеді.

Мемлекетіміз мұрағаттар мен мұрағаттық құжаттарды қазақ халықының бай, әрі кең көлемдегі мәдени игілігінің құрамдас және ажырамас бөлігі ретінде қарастырып, сол проблеманы шешуді өз міндетіне алып отыр. Осы бағытты Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы Заңы айқындайды.

Мұрағат құжаттарын жинау, сақтау және пайдаланудың келер ұрпаққа маңызы зор екендігін естен  шығармауымыз керек. Тарихи деректер арқылы біздің қандай жетістікке жеткеніміз, елдің дамуы үшін қандай игі шараларды жүзеге асырғанымыз айқындалады.

Қалалық мұрағатты әр жылы басқарған басшылар – 1991 жылдан 1993 жылға дейін Тояқбаева Айсұлу Қабырқызы, 1993 жылдан Кислицына Ольга Алексеевна, 1994 жылдан Банникова Александра Анатольевна, 2002 жылдан бастап Төлендина Айгүл Қосманқызы мұрағат жұмысын жаңартуға өз үлестерін қосты.

Қазіргі уақытта мұрағатшы мамандығының қоғамдық маңызы артып келеді, олар халқымыздың құжаттық мұрасын сақтап қалу жолында еңбек етеді. Себебі,  өткен тарихы болмаса елдің болашағы да  бұлдыр болмақ.

А.Сырманова, Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағатының мұрағатшысы.

Комментарии закрыты.