Сот пен БАҚ жүздесті

Қарағанды облыстық соты төрағасының «Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты нығайту» жөніндегі өкіміне сәйкес, Сәтбаев қалалық сотында баспасөз мәслихаты өткізілді. Жергілікті «СТА» телеарнасы мен «Шарайна» газетінің өкілдері қатысқан кездесуді қалалық соттың төрағасы Руслан Қалиасқарұлы Мұқатаев жүргізді.Мәслихаттың жұмысына Сәтбаев қалалық сотының судьялары Ж.Ө.Кишенов, Е.А.Қуанышев, Г.М.Байгенжинова қатысып отырды. Журналистердің сұрағына жауап бермес бұрын Р.Мұқатаев үстіміздегі жылдың 8 айында Сәтбаев қалалық сотында қаралған азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істердің қорытындысы жөнінде баяндады.

Биылғы жылдың алғашқы 8 айында сотқа барлығы 2016 азаматтық арыз-шағым түскен, оның 1266-сы бойынша шешім шығарылды. 197 қылмыстық іс түсіп, оның 208 тұлғаға қатыстысы аяқталып қаралды, 120 тұлғаға қатысты іс бойынша үкім шығарылды, 57 қылмыстық іс сот қаулысымен қысқартылды. Барлығы 91 тұлға сотталды, оның ішінде әйелдер саны 17, кәмелетке толмағандар саны – 10. Осы мерзімде барлығы 610 әкімшілік іс қаралған. Ата-ана құқығын айыру жөнінде барлығы 14 талар арыз түссе, оның 12-сі қаралып, тиісті шешім шығарылды.

Өткен жылмен салыстыра отырып жасалған қорытындыда көп көрсеткіштердің төмендегені айқындалды.

Сот төрағасы мен судьяларға журналистер тарапынан сот жұмысына қатысты бірқатар сұрақтар қойылды. Сотта қаралатын істерде қандай қылмыс түрі басым, сот шешімін жүзеге асыруда сот орындаушылары өз міндеттеріне қалай қарайды, «Ашық есік күндеріне» халық неге аз келеді, жеке детектив қызметін енгізуге қалай қарайсыздар, т.б. сұрақтарға журналистер толық жауап алынды.

Сотқа түсетін талап-арыздардың басым көпшілігі, яғни 45 %-ы банктерден алған несиелерді төлемеуге байланысты болса, 2-ші орында ұрлықтың ашық түрі келеді екен.

Соттың міндеті тек қана әділ билік жасау, ал оны орындау 2 айдың ішінде кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл жолда көбінесе адамдардың әлеуметтік тұрмыс жағдайларына байланысты шешімнің орындалуы созбайлауға салынып кететінін атап көрсетті судья Ж.Кишенов.

– Аптасына екі рет менің жеке қабылдауым болады, келушілер үзілмейді. Ал, енді «Ашық есік күні» арызданушылар теледидарға түсіп қаламыз деп тартына ма, келіп отырып кірмей кетеді, – деп түсіндірді Р.Мұқатаев.

– Ресейде бірнеше жылдан бері оң нәтиже беріп келе жатқан жеке детектив қызметін енгізуден біз ұтпасақ ұтылмаймыз. ІІБ ардагерлерінің мол тәжірибелерін пайдаланар едік. Бірақ, мұның екінші жағы да бар, кейбіреулер бас пайдасына қолданып кетуі де мүмкін, – дейді судья.

Жүздесу барысында «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтың төңірегінде де әңгімелер өрбіді. – Сот беделі – сот шешімдерінің әділдігіне, судьялардың кәсіби біліктілігіне, судьяның ұстанған ұстанымы мен жеке басының қасиеттеріне байланысты болмақ. Жалпы, сот билігін жүзеге асыратын судья тәртіптің ең биік өлшемдерін бекітіп, сот беделіне кір келтіретін кез келген әрекеттерден аулақ болуымыз керек. Әділдікті іздеген әрбір жүгініске судья ізгілікпен қарап, әділ билік айтудың үлгісін қалыптастыруға міндетті. Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағида бар. Сондықтан, мемлекетімізде ұлттық сот жүйесін тек әділдікке негізделіп, заңға ғана бағынатын заман талаптарына сай қалыптастыруымыз қажет. Құқық жоқ жерде бостандық та, демократия да жоқ, – деп қорытты мәслихатты сот төрағасы.

Сот жүйесінің жұмысын жан-жақты, объективті түрде халық арасына таратуда, соттың мәртебесін көтеруде бұқаралық ақпарат құралдарымен арадағы әріптестіктің маңызы зор. Сот жұмысының ашықтығы мен әділдігін насихаттауда, жұртшылыққа сот процестері жайлы да шынайы ақпараттар жеткізіп отыруда БАҚ-пен арадағы осындай қарым-қатынас уақыт талабынан туындаған, екі жаққа да пайдалы шара деп білеміз.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.