Спорт құралдарын тарту етті

20131227-02-05Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Сәтбаев қаласының мәдени-сауықтыру спорт орталығына қарасты «Барыс» аула клубының жасөспірімдері зор қуанышқа кенелді. «Казкоммерцбанк» АҚ Жезқазған филиалының директоры Салим Тукенов «Құс жолы» қайырымдылық қорының «Менің қалам үшін» әлеуметтік жобасы аясында аула клубының балаларына спорттық құрал-жабдықтар сыйлады.

Оның ішінде түрлі тренажерлар, зілтемірлермен қоса, орындықтар және т.б., жалпы құны 400 мың теңгенің спорттық тауарлары бар.

– Бүгінгі күні салауатты өмір салтын халық арасында насихаттауға мемлекет тарапынан ерекше мән беріліп, бұл бағытта ауқымды жұмыстар жасалуда. Оған банктер, кәсіпкерлік сектор, үкіметтік емес ұйымдар әрқашан қолдау көрсетуде. Біздің банк те қоғамдық маңызы бар бастамаларды қолдап, тұрғындардың әлеуметтік әлеуетін жақсарту үшін осындай игі іс жасап отыр. Жас ұрпақ дене шынықтырумен айналыссын, шымырлансын, бос уақыттарын тиімді пайдалансын деген ниетпен осы спорттық құралдарды сыйладық. Бұл жабдықтар ұзақ уақыт бойы жастардың денсаулығына пайдалы қызмет етеді деген үміттеміз, – деді филиал директоры Салим Тукенов.

Сәтбаев қаласының әкімшілігі атынан сөз алған әкім орынбасарының міндетін атқарушы Серік Оразбаев демеушілік көрсеткен «Казкоммерцбанк» АҚ ұжымына алғысын айтып, еңбектеріне жеміс тіледі. Мұндай үлкен сыйлыққа риза болған «Барыс» аула клубының спортшылары да қуаныштарын жасырмай, қонақтарға жылы лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, «Құс жолы» қайырымдылық қоры 2004 жылы «Казкоммерцбанк» АҚ-ның топ-менеджерлерімен корпоративті әлеуметтік жауапкершілікті жүзеге асыру мақсатында құрылған болатын. Қор бюджеті таза түсім есебінен аударылған қаржыдан, сондай-ақ, банк қызметкерлері, серіктестері мен клиенттері қатарынан жасалған ерікті жанашырлық жәрдемнен тұрады. Қордың өзінің нақты қайырымдылық стратегиясы және оны барлық республика бойынша «Казкоммерцбанктің» филиалдары арқылы жүзеге асыру принциптері бар.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.