Кәсіпкерлер қауымдастығы есеп берді

20140110-02-03Жыл айырығында қаламыздағы «Сәтбаев қаласының кәсіпкерлер Ассоциациясы» Қоғамдық бірлестігі өздерінің бір жыл бойы атқарған жұмыстары жөнінде есеп беріп, болашақ жоспарларымен бөлісті. «Алтын орда» мейрамханасында өткен осы кездесуге қала әкімі Әнуар Омар бастаған жергілікті билік өкілдері қатысты.

Жиынды «Сәтбаев қаласының кәсіпкерлер Ассоциациясы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алаш Тұрлұбек ашып, құрамына 130-дан астам шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері кіретін ұйымның биылғы жылы атқарған жұмыстарына тоқталды.

Жалпы, бүгінде қаламыздағы кәсіпкерлер ұйымының белсенді мүшелері қалалық деңгейде өтетін барлық іс-шараларға жан-жақты атсалысып, түрлі қайырымдылық акцияларына қатысып жүр. Кәсіпкерлерге құқықтық-кеңестік көмек көрсетіп, іскер қауымның мүддесін қорғауда кәсіпкерлер қауымдастығының маңызы зор, – деді өз сөзінде Алаш Мырқалұлы.

Алқалы жиында сөз алған Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар кәсіпкерлерді жаңа жыл мерекесімен құттықтай келе, олардың қоғам өмірінде алатын орнына тоқталды.

– Сіздер қала тұрғындарын қажетті тауар, қызмет, жұмыс түрлерімен қамтамасыз ете отырып, жалпы қаламыздың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне өз үлестеріңізді қосудасыздар, – дей келе, қала басшысы бірқатар кәсіпкерлерді шағын және орта бизнесті қалыптастыру және дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапаттады. Осы кездесу барысында кәсіпкерлер қауымдастығы өз араларындағы жылдың ең үздік кәсіпкерін анықтады. «Ең үздік кәсіпкер – 2013» атағына қаламыздың жеке кәсіпкері Әбутәліп Инсебаев ие болды.

Кездесуде сондай-ақ, Станислав Дзюбенко, Жақия Күнеділов, Надежда Галямова сынды кәсіпкерлер сөз сөйлеп, өздерін мазалаған мәселелерді ортаға салды.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.