Аймақты қамтитын фабрика

20140110-02-02Жылан жылының соңында Кеңгір ауылындағы құс өсірумен айналысатын «Capital Projects LTD» ЖШС іске қосылды. Бұл кәсіпорынның Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен оларға қоңсылас жатқан елді мекендер тұрғындары үшін пайдасы зор болмақ.

Аймағымыз үшін маңызы зор айшықты шараға Жезқазған қаласының әкімі Серік Шайдаров қатысып, кәсіпорынның тұсауын салтанатты түрде кесті.

– Еліміз бойынша үлкен қолдауға ие болған және елге тигізер пайдасы ұшан-теңіз жобалардың біздің қаламызда да жүзеге асырылып жатқанын мақтана айта аламыз. Сондай ілкімді істердің нәтижесінде қаламызда құс фабрикасы іске қосылып, ел оның игілігін көретін болады. Қазірдің өзінде мұнда жүзге жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Келешекте оның қатары өсе түсетін болады. Екінші жағынан аймағымызда құс етіне деген сұраныс та өз шешімін табады. Осындай елге игілігін тигізетін жобаға сәттілік тілеймін, – деп түйіндеді қала әкімі өз сөзін.

Қазақстанның Индустрияландыру картасына енген құс фабрикасын салу үшін «Қазагрофинанс» акционерлік қоғамы 6 проценттік жеңілдікпен 1 млн. теңгеден астам несие берді. Жобаның мақсаты – жұмыртқа және тауық еті өнімдерін өндіру. Құны 1,2 млрд теңгені құрайтын жобаның қуаттылығы жылына 18 млн инкубаторлық жұмыртқаларды шығару екен. Бүгінгі күні құс фабрикасында жалпы есеппен 30 мың құс бар.

Сәтті іске асырылған жоба аймағымыздың құс етінен тапшылық көрмеуіне және жергілікті тұрғындарға қосымша жұмыс орны ашылып, отандық өндірістің үлес-салмағын көбейтуге оң ықпалын тигізетін болады. Бүгінгі күні мұнда асыл тұқымды аналық құс өсіретін екі, балапандар бағатын арнайы екі орын жабдықталды. Сондай-ақ, инкубатор және зертхана, жұмыртқа сақтайтын қойма да салынған.

Құс фабрикасы басшыларының айтуынша, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының құс өсіруге ниетті кәсіпкерлері осы жерден асыл тұқымды балапандар сатып алып өсіріп, өз шаруашылықтарын кеңейтулеріне мүмкіндіктері бар. Сөйтіп, олардың өздері құс етіне, жұмыртқа өндіруге қол жеткізулеріне болады.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.