Ұстаз — ұлылықтың өлшемі

20140110-04-01Қазақ балаға ат қоярда ерекше мән берген.  Сонау 1953 жылы Ақмола облысының Қима ауылына аты белгілі болған Бабыр әкейдің отбасында көзі моншақтай қыз дүниеге келеді. Бәтима ана мен Бабыр әкей Тәңірден сұрап жүріп көргендегі жалғыз қызықтарының есімін Мереке қояды. Сондағы екеуінің жалғыздарының өмірі мерекелі болып, айналасына шуағын шашып жүрсін деп ырымдағандары болар. Бүгінде ата-ананың сол сенімін Мереке ақтады. Айналасына мейірім-шуағын шашып, үнемі күліп жүретін ұлағатты ұстаз атанды. Ол кісінің мұндай жайма-шуақ мінезін есімімен байланыстырып жататындар да көп. Сол жайдарлы жан алпыс белестің алаңына атшалдырды. Ақырын жүріп, анық басқан Мереке Бабырқызы Байбекова ұлағатты ұстаздардың қатарында.

Ұлылықтың өлшемі саналатын ұстаздықтың қыр-сырын меңгерген, шәкірт тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасы бар жар­қын жанмен мерейтойында жүздесіп, өмір өткелдері жайында әңгіме қозғаған болатынбыз.

Қима ауылында бастауыш сыныпқа барғанда Мерекеге  ағайын, тума-туыстар, ата-анасы үйдің жалғызы болған соң  көп сенім артты. Әсіресе, ауылда беделі бар әкесі Бабыр қызының зеректігін, алғырлығын аңғарып, «түбінде осы қызымның айналасында балалары көп болып, елінің алғысына бөленеді. Мен соған кәміл сенемін» деп Мерекені қолдап, қуанышына баладай қуанып отыратын.

Өмір ағысы Байбековтар отбасын Жезқазған аймағына алып келеді. Бұл 1965 жыл болатын. Қалада өндіріс ісі дамыған кезең, балғын қызға бәрі таңсық болатын. Жезқазған қала­сындағы №1 орыс тілді мектепте оқып жүріп, сондағы мұғалімдердің сабақ бергенін іштей ұнатып, еліктеп өседі. Және солардай болуға ұмтылыс жасайды. Бойжеткеннің ұмтылысы осы салаға жетеледі.  1975 жылы Жезқазған гуманитарлық-педагогикалық институттың орыс тілі мен әдебиеті мамандығына сырт­тай оқуға түседі. Сол кезде республикаға аты шығып тұрған Рудник кентіндегі №7 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастайды.

– Қасиетті Ұлытауға келге­німде небары 13 жаста болатынмын. Әкем Бабыр мен анам Бәтима үйдің ұлы да, қызы да мен болғандықтан тұмсықтыға шоқытпай, қанат­тыға қақтырмай өсірді.  Әуел бастан-ақ ұстаздықты жаныма жақын тұттым. Өзіме сабақ берген ұстаздарға еліктедім.  Институтқа барарда көп ойланбастан ұстаздық жолды таңдадым. Сөйтіп, бес жыл институтта сырттай оқи жүріп, мектепте бастауыш сыныпта сабақ бердім. №7 орта мектепте 1984 жылға дейін еңбек еттім. Осы білім ордасында шыңдалудан өттім. Алдыңғы қатарлы ұстаздардан тәлім алып, тәжірибелеріне сүйене отырып, өз әдісіммен жұмыс жасадым. Әсіресе, қаланың Құрметті азаматы, жақында ғана «Құрмет» орденінің иегері атанған Шабал Бейсенбекқызы, Зинаида Суркова біз сияқты  жас мамандарға үлгі болатын.

Ал, 1984 жылдан бастап қалалық білім бөлімінде әдіскер болдым. Ол кезде бөлімді Иннесса Синицких басқаратын. Өте талапшыл, өз ісінің білгір маманы болды. Бір жылдан кейін мені әдістемелік кабинеттің меңгерушісі етіп тағайындады.

Ол кезде әдістемелік кабинеттің негізгі міндеті – мұғалімдердің шығармашылық есебін ұйымдастыру, жыл мұғалімі сайысын өткізу, педагогикалық тәжірибе алмасу болатын. «Жыл мұғалімі» байқауы тек қалалық деңгеймен ғана шектелмейтін. Облыстың, республиканың озық мұғалімдері байқауға түсіп, өздерінің білім-біліктерімен алмасатын. Осы байқаудың республикалық жеңімпазы ретінде Үмітжан Кенбаеваны ерекшелеп айтқым келеді. Сол кабинетте бірге үзеңгі қағысып еңбек еткен Тамара Пугач, Людмила Лукьянова, Алексей Тефиков өз ісіне берілген жандар еді.

Менің ұстаздық өмірімде ерекше бір орын алған жағдай – қаладағы №3 орта мектептің бой көтеру сәті болатын. 1997 жылы қалаға басшылық жасаған Серік Төрегелдиннің бұйрығымен 1 тамызда №3 орта мектепті ашу жөнінде шешім шықты. Ауылдан қалаға қоныс аударушылардың санының артып, қолданыстағы мектептерге балалар сыймағандықтан, оқу жылының басталуына бір ай қалғанда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару керек болды. Әуелі мұғалімдерді жұмысқа алып,   оқушыларды түгендедік. Қаланың басқа мектептерінен парта, орындық тасып, қолымыздан келгенінше мектеп ішін сәндеуге тырыстық.

Небары бір ай ішінде, яғни бірінші қыркүйек күнгі есеп бойынша мектепке 1000 оқушы келді. Сөйтіп, ашылу салтанатын өткіздік. Қобалжу басым болды сол сәтте. Өйткені, «мектептің болашағы қалай болмақ» деген ой тұратын.  Күндізгі оқитын 1000 оқушыға 100 мұғалім сабақ берді. Ол кезде кешкі мектеп болатын. Онда  200 бала дәріс алды.  Оларға Владимир Сливцов басшылық жасап жүрді. Мектеп ашылғанда 30 жас маман келді.

Ашылған уақытта бастауыш сыныптар 3 ауысымда оқыды.  Қиындықтың қиямет-қайымын сол кездегі әріптестеріммен қатар ақылдасып шешіп отырдық.  Сол жылдардан бері қарай бір мектепте шәкірт тәрбиелеу ісінде көп еңбек сіңірген  Сайран Жакупов, Жұпар Қуанбекова, Гүлнар Құрманбаева, Бақыт Құланбаева, Айгүл Бахтаева сол кездегі жас мамандар, қазір ізімізді басқан Шолпан Адамиянова және т.б.мамандар болды.

Менің  40 жылдық еңбек жолымның 16 жылы осы мектепте өтті. Бұл мектеп мен үшін өте ыстық. Өз үйімдей. Өйткені, бұл білім ошағы талайдың мықты білім саласының маманы болуына бірден-бір себепкер болды. Мамандықтың шеберханасы болған бұл ұядан №12 орта мектептің басшысы Рысты Ілиясова, №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің басшысы Гүлмира Жаппасова, Жезқазған қаласындағы №21 орта мектептің директоры Ақжан Аманжолова, бүгінде облыстық   білім басқармасында қызмет етіп жүрген Гүлнар Шалқарбекова түлеп ұшты. Қалалық білім бөлімінде еңбек етіп жүргендердің өзі бір төбе.  Шәкірттеріміз де осал емес.

2004 жылы мектепте орыс сыныбының саны азаюына байланысты, таза қазақ тіліндегі мектеп болып қайта құрылдық.  Көрген қиындықтың бәрі артта қалды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың білім саласына деген қамқорлығының арқасында мектепте барлық сынып бөлмелері заманға сай жабдықталды.  Мектеп жанынан 2009 жылдан бастап даярлық сыныптары және шағын орталық құрылып, жұмыс жасауда.

Бір әттеген-айымыз бар. Ол – бала санының аздығы. Қазір мектепте 350 бала білім алады. Шағынаудан бойынша кейбір көшелер біздің мектепке қарағандарымен, ата-аналар балаларын басқа мектепке береді. Осы жағы  бала санының түсіп кетуіне әсер етіп отыр.

Бар ғұмырымызды білім саласына арнап, шәкірт тәрбиеледік. Адам армансыз болмайды ғой. Арманым – тәрбиелеп өсірген шәкірттерім мен мамандыққа баулыған жас мамандар ел мүддесі үшін аянбай тер төксе екен. Бір өкініштісі, қазіргі оқуды бітіріп келетін жас мамандардың білімі өте төменгі деңгейде. Олармен жұмыс жасауда «Жас маман» мектебі жұмыс жасайды. Ниеті бар маман үйреніп кетеді де, мамандығының қырына қаныға алмайтындары шығып кетіп жатады. Осы жағдай өте қатты ойландырады. Білім – өмір шырағы, ұстаз – сол шырақты өшірмей, жандандырып, шәкіртінің бойына білім нәрін құятын асыл жан. Осыны жастар жете түсінулері қажет.  Мағжан ақын сенген қазақ жастары ұлтын ұлы жолға жетелеуде ұлы міндеттерді атқара алатындай ұлтжанды тұлға болса екен деп іштей тілеп отырамын.

Білім деген алып теңіздің толқынында тербеліп, мектеп деген кеменің кемеңгері болу – әркімге бұйыра бермейтін бақ. Менің мақаламның кейіпкері  алпыстың асқарына шыққан Мереке Бабырқызы бақытына орай өзі басқарып отырған білім ошағында кемеңгер ұстаз атанды. Ол – отбасында ақ жаулықты ана, асыл жар. Жолдасы Марат ағай екеуі Ләззат есімді қыздың қызығын қызықтап, еліміздің тыныштығына тілеулес болып отыр.

Жас буынды тәрбиелеу ісіндегі Мереке Бабырқызының еңбегі «Білім беру ісінің үздігі» және «Әдіскер ұстаз» атақтарымен бағаланды.

Әкенің асыл үмітін ақтаған ол  бүгінде ел құрмет тұтатын  тұлғаға айналды.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.