Кеншілер қаласының екінші тынысы ашылады

Өткен жылдың соңын ала өңірімізге жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Бауыржан Әбдішев қанаттас жатқан қос қала мен оларға қоңсылас орналасқан елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысқан болатын.  Осы сапары барысында аймақ басшысы Жезқазған поселкесін, геологиялық барлау бекетін, Весовая, Крестовский елді мекендерін аралап, олардың келешегі жайында да кеңескен еді. Сол жолы қандай мәселелер көтерілді?

20140110-01-01

Жасыратыны жоқ, Сәтбаев қаласының келешегі, оған қоңсылас жатқан елді мекендердің тыныс-тіршілігі жайлы алыпқашпа әңгіме көп. Басқасын былай қойғанда көші-қон жайлы да әртүрлі пікірлер айтылып, жоғары жаққа дау туғызарлық ақпараттар берілді. Әсіресе, елді мекендердегі халықтың, пәтерлер мен коттедждердің саны дұрыс берілмеген жайттар да орын алды. Осының бәрін бір жүйеге келтіріп, оны облыста, одан әрі республикалық деңгейде қорғау қажет болды.

Осы мақсатта қала әкімі Әнуар Омардың бастамасымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы Жезқазған поселкесіндегі, Весовая, Крестовский және геологиялық барлау бекеті елді мекендерін басынан аяғына дейін аралап, тұрғындардың, тұрғын үйлер мен пәтерлердің, малдың санын нақтылап шықты. Тұрғын үйлер суретке түсіріліп, арнайы альбом жасалды. Оған  әр елді мекенге қатысты ақпараттар жазылып, әзірленді. Осылайша аймақтың толық, әрі нақты статистикалық есебі жинақталды. Яғни, бүгінгі күні жоғарыда аталған елді мекендердегі көп қабатты үйлерде орналасқан 2068 пәтер, 757 жеке коттедждер есепке алынды. Облыс әкімінің алдына осы мәселе қойылды. Жыл соңында өңірімізге келген аймақ басшысы қаламызбен қанаттас осы елді мекендерді аралап, көрді. Жағдайымен етене танысты. Соның нәтижесінде елді мекендерді көшіру мәселесі аймақты дамытуға арналған кешенді бағдарламаға енгізілді. Сең қозғалды. Енді көші-қон жұмысы қалай жүзеге асырылмақ?

Әрине, кем дегенде екі-үш ұрпақ алмасып үлгерген елді үйренген орыннан басқа жаққа қоныс аудару оңай емес. Оның үстіне кейбір тұрғындардың үйлерінің маңында шағын шаруашылығы бар. Оларын ешкім тастап кетпек емес. Үшіншіден, қала халқының санын азайтпас үшін мүмкіндігінше елді қалада ұстап қалуға тырысуымыз қажет. Міне, осылардың бәрі сараланып, сарапталды. Тұрғындарды өндірістік аймақтан көшіру үшін қала орталығынан  70 пәтерлік 30 бес қабатты үй және 379 екі басты коттедждер салу қажет. Оның үстіне, аталған аймақтардан қоныс аударатын тұрғындарды мүмкіндігінше бір ауданға шоғырландыру көзделіп отыр. Сол мақсатта орталықтан 600 орындық мектеп пен 320 орындық балалар бақшасы да салынатын болады.

– «Сабақты ине сәтімен» демей ме  қазақ. Көші-қон жұмысы аймағымызды дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаға еніп отыр. Жоғарыда аталған тұрғын үйлер мен ғимараттарды салу үшін мемлекет қазынасынан қомақты қаржы да қаралды.

Біздің жоба кешенді бағдарламаға енгенге дейін біз бір жылды алға салып, 2015 жылы құжаттарды дайындау қолға алынады деп келген едік. Енді құрылыс жұмыстары 2014 жылы басталады деп нақты айта аламыз. Қазір аталған аймақтардағы тұрғындардың құжаттары нақтыланып жатыр. Мемлекеттік сатып алу заң талаптарына сәйкес, түрлі конкурстарды өткізу, мердігерлерді таңдау жұмыстарын қоса есептегенде үстіміздегі жылдың екінші жарты жылдығынан кейін, ең бері дегенде жетінші айдың жетегімен құрылыс жұмыстары басталады деп отырмыз. Таяу үш жылдың ішінде тұрғын үйлер мен ғимараттар салынып бітіп, тұрғындар қоныс аударатын  болады. Ал, жаңа шағынауданды салу үшін қалалық емхананың аумағындағы бос жатқан жерді таңдадық. Бұл тұрғын үйлерге қажетті түрлі инфрақұрылымдарды тарту үшін жұмсалатын шығынды азайтпақ, – дейді қала әкімі Әнуар Омар.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.