Қарағанды облысының аумағында иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау Қағидалары

1. Жалпы ережелер

1. Қарағанды облысының аумағында иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау осы Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қарағанды облысының аумағында иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау тәртібін белгілейді, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттарында иттер және мысықтар ауруларына қарсы профилактикалық шараларды жүргізу тәртібін реттейді.

2. Қағидалар меншіктік нысанына қарамастан, иттерді және мысықтарды күтіп-ұстайтын барлық жеке және заңды тұлғаларға қатысты (бұдан әрі — иелері).

Ерекшелікті тек қызметтік иттері және питомниктері бар құқық қорғау органдарының мекемелері құрайды.

3. Қағидалар Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Ветеринария туралы» Заңдарына сәйкес әзірленген.

4. Осы Қағидалар Қарағанды облысының барлық аумағында әрекет етеді.

2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен анықтамалар

5. Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар – ветеринария саласында өкілетті мемлекеттік органмен бекітілген ветеринарлық нормативтер негізінде өткізілетін іс-шаралардың өткізілу тәртібін анықтайтын, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылатын, ветеринария саласында қызметті жүзеге асыратын нормативтік құқықтық акт.

6. Ветеринариялық iс-шаралар – иттер және мысықтардың ауруларының профилактикасын, оларды емдеудi немесе диагностикасын қоса алғанда, олардың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе оларды жоюға, жануарлар мен адамның денсаулығына қауiп төндiретiн аса қауiптi аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға, жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, бiрдейлендiру рәсiмiн қоса алғанда эпизоотияға қарсы ветеринариялық — санитариялық рәсiмдер кешенi.

7. Жергілікті атқарушы органның ветеринария бөлімшесі – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, аудан, қала әкімдігімен ветеринария саласындағы функцияларды жүзеге асыруға уәкіл етілген атқарушы орган.

8. Ит – төбет тұқымдас, сүтқоректі үй жануары.

9. Иттер мен мысықтарды серуендету – иттер мен мысықтардың тұрған жайдан сырт жерде немесе арнайы қарастырылған аумақта болуы.

10. Иттер мен мысықтардың иесі – жеке меншігінде немесе меншіктің басқа түрінде иттер және мысықтарға иелік етуші жеке немесе заңды тұлға.

11. Иттерді және мысықтарды аулау бойынша мамандандырылған бригада — қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулаумен шұғылданатын аудандық, қалалық ветеринариялық станциялардың мамандандырылған бригадалары.

12. Иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау – иттер мен мысықтардың иелерімен ветеринариялық-санитариялық нормаларды сақтай отырып, иттердің және мысықтардың толыққанды тіршілік қарекетін қамтамасыз ету үшін іске асырылатын әрекеттер.

13. Иттерді және мысықтарды серуендету орны — осы мақсатта жергілікті атқарушы органның шешімімен арнайы белгіленген жерге орналастырылған қоршалған алаң.

14. Қараусыз иттер мен мысықтар — иесін анықтау мүмкін емес, иесінен адасқан не болмаса қашып кеткен, иесі немесе жануарға жауапты адам тарапынан қараусыз жүрген, сондай-ақ олардың иесі меншік құқығынан бас тартқан иттер мен мысықтар.

15. Қоғамдық орындар – адамдар көп жиналған немесе көп жиналуы мүмкін орындар, оның ішінде бақтар, саябақтар және одан басқа азаматтардың демалыс орындары, жаға жайлар, стадиондар және т.б. орындар.

16. Қызметтік иттер – кинологиялық орталықтарда арнайы тестілеуден өткен, қызметтік мақсатқа пайдалану үшін үйретілген иттер.

17. Мысық – мысық тұқымдас, сүтқоректі үй жануары.

18. Ұйықтату – иттер мен мысықтарды әдейі жансыздандыру.

19. Экскременттер – ішкі ортаға шығаруға жататын, ағзаның тіршілік әрекетінің қалдықтар жиынтығы. Экскременттер мысалы тер, кіші және үлкен дәрет, құсық массалары болып табылады.

3. Иттер мен мысықтарды күтіп-ұстау шарттары

20. Иттер мен мысықтарды сатып алу, сату, басқа тұлғаға беру, сонымен қатар аудан және қала аумағында және аумағынан тыс жерлерге көліктің барлық түрлерімен тасымалдау, құтыру және өзге де жұқпалы ауруларға қарсы егілгені, жүргізілген зерттеулер мерзімі туралы белгісі бар ветеринариялық анықтамасы немесе ветеринариялық паспорты бар болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Иттер мен мысықтарды елді мекеннен тысқары жерлерге тасымалдау кезінде және елді мекенге басқа өңірлерден әкелген жағдайда, иелері жануардың денсаулығы және егу жұмыстарының жүргізілгендігі жөніндегі және жұқпалы ауруларға қарсы 12 айдан аспаған мерзімде не болмаса жолға шығардан 30 күн бұрын егілгендігі жөніндегі мәлімет толтырылған ветеринарлық куәлігі болуы тиіс.

21. 16 жасқа толған тұлға (иелердің ерекше жауапкершілігін қажет ететін иттердің түрлерінен басқа) иттің иесі бола алады.

Егер иттер мен мысықтарды ұстаушы заңды тұлға болса, онда ол жануарларды ұстау, қарау міндеті жүктелген тұлға тағайындауы қажет.

22. Санитариялық — гигиеналық, зоогигиеналық талаптар, ветеринариялық (ветеринариялық – санитариялық) ережелер және аталған Қағидалар сақталған кезде иттер мен мысықтарды келесі жерлерде ұстауға рұқсат етіледі:

1) бір отбасы орналасқан тұрғын жайларда;

2) бірнеше отбасы тұратын тұрғын жайларда пәтерде тұрып жатқан барлық тұрғындардың жазбаша келісімімен тек өзінің тұрғын жай аумағында;

3) кәсіпорындарда, мекемелерде, ұйымдарда, азаматтардың бақ өсіруімен айналысатын және коммерциялық емес саяжайлар бірлестіктерінде, демалыс базаларында иттер байлауда немесе вольерлерде, айналасындағыларды мазалауға мүмкіндік бермейтін және қауіп туғызбайтын жағдайда ұсталуға тиісті.

23. Көп пәтерлі тұрғын үйде, бір отбасы пәтерінде ірі және орта тұқымды екі иттен және үш мысықтан көп емес, үш айлық жасқа толмаған төлін ұстауына болады. Жастары үш айдан асқан иттер мен мысықтардың төлі жаңа иелерге, немесе аудандық және қалалық иесіз жануарларды аулап ұстаумен шұғылданатын жергілікті атқарушы органының ветеринариялық бөлімше бригадаларына өткізілуі тиіс.

24. Иттер мен мысықтарды көпшілік пайдаланатын орындарда (асүйлер, дәліздер, баспалдақ бөліктері, жертөлелер, шатыр астылары, лоджиялар, балкондар және басқа да қосалқы үй-жайларда) үй жанындағы аумақтарда (жеке тұрғын үй қоры үйлерінің жанындағы аумақтардан басқа), қонақ үйлерде, жатақхана дәліздерінде ұстауға жол берілмейді.

25. Иті немесе мысығы бар адамдарды қонақ үй әкімшілігінің келісімі бойынша, санитариялық-гигиеналық ережелер сақталған жағдайда, қонақ үйге орналастыруға рұқсат етіледі.

26. Иттер мен мысықтарды жекелеген тұрғын үй қорында, ғимараттарда, және оларға тиесілі аумақтарда жердің заңды иегерлерінің рұқсатымен немесе басқа да өкілетті тұлғалардың келісімімен ұстауға рұқсат етіледі. Иттер қоршауы жануарлардың қашып кетуіне мүмкіндік бермейтін, қоршалған аумақта, адамдар мен басқа жануарларға шабуыл жасай алмайтын жағдайда ұсталуға тиіс. Аумақта ит бар екені туралы кіреберісте иттің бейнесі салынған, «Ит күзетеді! Охраняется собакой!» деген жазба жазылған, көлемі 20 х 30 сантиметрден кем емес ескерту хабарламасы ілінуі қажет.

27. Елді мекеннің жеке тұрғын үй қорына жататын үйлерде санитариялық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптар сақталатын болса ірі және орта тұқымды бес иттен және он мысықтан көп емес, бес айлық жасқа толмаған төлін ұстауға рұқсат етіледі.

28. Иттер мен мысықтарды зообұрыштарда, балалар және жасөспірімдерге арналған мекемелердің «тірі бұрыштарында», жазғы және қысқы сауықтыру санаториялық — курорттық мекемелерінде санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринария қызметтерінің рұқсатымен ұстауға рұқсат етіледі.

29. Иттер мен мысықтар қоғамдық орындарда ертіп жүретін тұлғаларсыз болған жағдайда, дүкендердің, емдік мекемелердің, дәріханалардың, тұрмыстық қызмет көрсететін кәсіп орындардың жанында уақытша байлаулы қалдырылғандардан басқалары, бақылаусыз болып есептелінеді және жергілікті атқарушы органмен мемлекеттік сатып алулар жүргізу арқылы бақылаусыз иттер мен мысықтарды аулаудың тәртібі мен шарттары реттелетін шарт жасасқан тиісті ұйымдармен аулануы тиіс.

Қараусыз иттер мен мысықтарды аулау бойынша арнайы қызметтер жұмысшыларының қызметін техникалық қамтамасыз ету аулауды жүзеге асырушы ұйымға жүктеледі.

30. Қарағанды облысының аумағында иттердің төбелесін ұйымдастыруға, өткізуге және жануарларға қарсы қатыгез әрекеттер жасауға мүмкіншілік беретін басқа да іс-шараларды өткізуге жол берілмейді (қызметтегі, күзетке арналған иттердің жұмыс қабілеттілігін тексеру мақсатында, иттердің жарақат алмауын ескеретін, дұрыс тұқымдық сұрыптауға арналған арнайы ережелер бойынша тексерулерден басқа).

 

4. Иттер мен мысықтарды серуендету тәртібі

31. Иттер мен мысықтарды серуендету кезінде иелері төмендегідей талаптарды сақтауы тиіс:

1) иттерді тұмылдырықпен (иттердің сәндік түрлерінен басқа) және қысқа (1,5 метрге дейін) мойын жіппен, Ережедегі 36-тармақта көрсетілген орындардан басқа жерлерде, айналасындағыларға ешқандай мазасыздық, кедергілер келтірмейтіндей етіп ертіп жүруге және серуенге шығаруға болады;

2) иттерді тұмылдырықсыз және мойын жіпсіз тек арнайы қоршалған аумақтарда, жаттықтыру алаңдарында, жергілікті атқарушы органдары, пәтер иелері кооперативтері бекіткен еркін серуен алаңдарында алып жүруге болады;

3) иттердің иелері әрдайым иттің мойнында иттің лақап аты, түрі, иесінің мекен-жайы мен телефондары көрсетілген нөмірлі жетон бекітілген қарғыбау тағуы керек. Иесінің тілегі бойынша нөмірлі жетонда итке қатысты басқа да мәлімет көрсетілуі мүмкін;

4) иттерді тасымалдау қоғамдық көліктердің артқы алаңдарында, жолаушылардың мазасын алуға жол бермейтін жағдайда жүзеге асырылуы тиіс. Иттердің сәндік түрлерін және мысықтарды сөмкелерде, арнайы торларда (тасымалдауға арналған контейнерлерде) немесе қолда алып тасымалдауға болады. Науқас иттер мен мысықтарды қоғамдық көлікте тасымалдауға жол берілмейді;

5) иттер мен мысықтарды тұрғын үйлердің маңында серуендету кезінде иттердің иелері 23.00 мен 06.00 сағат аралығында тыныштықтың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

32. Объектілерге итпен келуге болмайтындығы туралы тиісті тыйым салу жазбалары болмаған кезде иттің иесіне өз итін қысқа мойын жіпте және тұмылдырықта халыққа қызмет ететін кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың жайларына ертіп әкелуге рұқсат етіледі. Итпен келуге тыйым салатын кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер нысандарға итті ертіп келуге тыйым салынатындығы туралы белгілерін орнатуы және иттерді байлап қалдыратын орындарды ғимаратқа кіре берісте жарақтауы қажет.

33. Итті қысқа мойын жіппен және тұмылдырықпен, өздігінен шешіліп кетпейтіндей, иесі ғимараттың ішінде уақытша болған мерзімге, егер де ит басқа тұлғаларға қауіп төнгізбейтін, қоғамдық тәріпті бұзбайтын, қозғалыстарға және өзіне зиян келмейтіндей жағдайда байлаулы қалдыруына болады. Осы кезде ит адамдардың және автокөліктердің өтуіне кедергі болмауы керек.

34. Ит қоғамдық орындарда қарғыбаусыз тек қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде ғана бола алады.

35. Көшелер мен тораптардың жанынан өткен кезде иттің иесі (итті серуендеуге шығарған тұлға) жол-көлік оқиғаларын және иттің өлуін болдырмау үшін мойын жібін қысқартып ұстауы тиіс.

36. Рұқсат етілмейді:

1) иттер мен мысықтарды рұқсат етілген немесе осы мақсатта бөлінген арнайы орындардан басқа, балалардың аулалық алаңдарында, спорт алаңдарында, мектепке дейінгі және оқу орындарының, емделу мекемелерінің аумақтарында, саябақтарда және тұрғындар жаппай демалатын өзге де орындарда, тыйым салатын белгілер орнатылған орындарда серуендетуге;

2) иттер мен мысықтарды жағажайларда серуендетуге, көпшілік шомылатын жерлерде жуындыруға, тоғандарда, фонтандарда, су айдындары мен бөгеттерде шомылдыруға;

3) көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттен басқа иттерді және мысықтарды қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына, азық-түлік дүкендерінің сауда жасау және өндірістік орындарына, мәдениет мекемелеріне әкелуге, ұстауға;

4) халық көп жиналатын орындарда және қоғамдық шаралар өткізілетін жерлерде адамдарды құтқаруға арналған тапсырманы орындау барысындағы, қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысатын, сондай-ақ көзі нашар көретін адамды жетектеуші иттерден басқа иттер мен мысықтармен бірге болуға тыйым салынады.

37. Ішімдік ішкен және есірткі шеккен күйде, қабілеті жоқ тұлғаларға және 14 жасқа толмаған балаларға иттер мен мысықтарды серуендетуге және олармен көпшілік жүретін орындарда, қоғамдық көлікте болуға рұқсат берілмейді.

 

5. Иттер мен мысықтардың иелері

38. Иттер мен мысықтардың толыққанды өмір сүруі үшін жағдай жасаған жеке және заңды тұлғалар олардың иесі болып табылады және олардың меншік құқығы заңмен қорғалады.

39. Адамдар мен жануарлардың денсаулығына аса қауіп келтіретін аурумен ауырды деп танылған жағдайда, иттер мен мысықтар Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» заңының 30 бабы, 1 тармағына және 10 бабы, 2 тармағы, 7 тармақшасына сәйкес аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық — санитариялық инспектордың шешімімен, немесе соттың шешімі болған жағдайда ғана иесінен алынып, жойылуы мүмкін. Егер де ит науқас емес деп танылса, онда ол иесіне қайтарылуы тиіс. Сонымен қатар, ит немесе мысық адамға жарақат келтірген жағдайларда, қауіп алғанда, адамға берілетін аурулардың немесе қауіпті аурулардың болуын тексеру үшін иелерінен алынуы мүмкін.

40. Иттер мен мысықтардың иелері төмендегі талаптарды орындауға міндетті:

1) иттер мен мысықтардың айналасындағыларды мазалауға әкеліп соқпайтын және қауіп төндірмейтін жүрісін қамтамасыз ету;

2) тұрғын үй-жайларда иттер мен мысықтардың паналайтын орындарының болмауын қамтамасыз ету;

3) тұрғын үй-жайларда шуды болдырмау бойынша шаралар қабылдау;

4) алаңдарды, кіреберістерді, сатылық торларды, лифтілерді, балалар алаңдарын, жолдарды, жаяусоқпақтарды, шағын гүлбақтарды, демалыс аумақтарын ластамау, ал ластанған жағдайда міндетті түрде жедел тазалауды жүзеге асыру (қағаз немесе полиэтилен пакеттерін пайдалану);

5) жануарларды түрлеріне қарай зоотехникалық, зоогигиеналық және ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес ұстау, қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтау;

6) иттер мен мысықтарды олардың биологиялық қажеттіліктеріне сай ұстау, оларға адамгершілікпен қарау, қараусыз қалдырмау, жануарларға қажетті көлемде тамақ пен ішетін су беру, қатал ұсталуына жол бермеу;

7) адам денсаулығына және өміріне қауіп төндіретін шабуыл жасаған жануарлардан қажетті қорғаныстан басқа иттер мен мысықтарға қатысты күш көрсетуге (ұрып-соғуға, жарақат салуға, өлтіруге) тыйым салынады;

8) аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелері мамандарының талаптары бойынша иттер мен мысықтарды бақылау үшін, диагностикалық зерттеу және емдеу, алдын-алу шараларын жүргізу үшін бөгетсіз беру;

9) иттер мен мысықтарды жыл сайын екі немесе үш айлық жасынан бастап аудандардың, қалалардың «Ветеринариялық станция» КМК немесе жергілікті атқарушы органы тізіліміндегі ветеринариялық клиникаларға жануардың ветеринарлық паспортында белгілей отырып байқау және құтырма мен басқа да инфекциялық ауруларға қарсы егу үшін әкелу;

10) ит және мысық адамға тістеп, жарақат салғанда:

11) алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жарақаттанған адамды емханаға жеткізу;

12) құтыру ауруын жоққа шығару үшін ветеринарлық маманның 10 күн бақылауында болу;

13) жарақаттанған адамға егу, қаралу үшін кеткен барлық шығындарды және де итпен мысыққа кеткен шығындарды өтеу;

14) жүйелі түрде, тоқсанына бір реттен кем емес иттер мен мысықтарды гельминттерге және тері паразиттеріне қарсы профилактикалық өңдеу;

15) иттер мен мысықтардың ауруының барлық жағдайларында немесе ауруға күдікті болғанда жедел түрде аудандардың, қалалардың «Ветеринариялық станция» КМК немесе жергілікті атқарушы органы тізіліміндегі ветеринариялық клиникаларға хабарласу, тексерістердің қорытындысы бойынша мамандардың ұсыныстарын мүлтіксіз сақтау;

16) иттер мен мысықтарды одан әрі ұстауға мүмкіндік болмаған жағдайда оны басқа тұлғаға, жануарларды қорғау ұйымына беру немесе ауданның, қаланың қараусыз қалған (қаңғыбас) иттер мен мысықтарды аулайтын және ұстайтын ұйымына тапсыру;

17) иттің, мысықтың өліп қалған жағдайларында немесе құтыру ауруына шалдығуға ұқсас белгілері болған жағдайда жедел түрде аудандардың, қалалардың «Ветеринариялық станция» КМК немесе жергілікті атқарушы органы тізіліміндегі ветеринариялық клиникаларға хабарлау және осы жануарлар ветеринариялық қызмет мамандарының келуіне дейін оқшаулау;

18) ит немесе мысық белгісіз себептермен өліп қалған жағдайларда ауданның, қаланың «Ветеринариялық станция» КМК немесе жергілікті атқарушы органы тізіліміндегі ветеринариялық клиникаларға өлудің себептерін анықтау үшін хабарласу.

41. Өліп қалған иттер мен мысықтардың өлігін лақтырып тастауға, елді мекендердің аумағына көміп тастауға рұқсат берілмейді.

Иттер мен мысықтардың өліктері қараусыз иттер мен мысықтарды аулау және өліктерін жинау бойынша аудандардың, қалалардың мамандандырылған бригадаларына тапсырылуы керек.

42. Ветеринарлық мамандарға олардың қызметтік міндеттерін орындау үшін көмек көрсету.

6. Иттер мен мысықтардың санына мониторинг жүргізу

43. Иттер және мысықтардың санына мониторинг жүргізу қадағалаусыз иттер мен мысықтардың санын азайту, адам өмірі мен денсаулығын қорғау, иттер мен мысықтар арқылы таралатын аурулардың алдын алу мақсатында жүргізіледі.

44. Иттер және мысықтардың саны олардың иелерінің бастамасы бойынша елді мекендердегі ветеринария мамандарымен піштіру немесе ұрықсыздандыру жолымен реттеледі, қараусыз иттер мен мысықтардың саны аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелерінің мамандандырылған бригадаларымен аулау жолымен реттеледі.

 

7. Қағидалардың орындалуын бақылау

45. Елді-мекендерде иттер мен мысықтарды күтіп ұстау Қағидаларының орындалуына бақылау жүргізуді Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

46. Аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдары қоршауларды, орындықтарды, тақтайшаларды, белгілерді, қоқыс ыдыстарын орната отырып иттер мен мысықтарды серуендету орындарын белгілейді, ол жерлердің тиісті санитарлық нормаларға сәйкес ұсталуын ұйымдастырады.

47. Өз құзырлары шегінде пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК):

1) аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелерінің сұрауы бойынша кооперативтерге қарайтын пәтерлердің, үйлердің иелерімен ұсталып отырған иттер мен мысықтардың саны туралы мәліметтер береді;

2) жертөлелерді, шатырларды және басқа да қосалқы үй — жайларды тұрғын үй қорын, техникалық пайдаланудың тәртіптері мен нормаларына сәйкес қараусыз жануарлардың кіріп кетуіне жол бермейтіндей жағдайда ұсталуын қамтамасыз етеді;

3) аудандардың, қалалардың атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелерінің мамандандырылған бригадаларына аумақтарындағы қараусыз иттер мен мысықтар туралы хабарлама береді;

4) ветеринарлық қызметтің мамандарына эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге көмек көрсетеді;

5) санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қадағалау мекемелеріне, ішкі істер органдарына осы қағидалардың бұзылу фактілері жөнінде хабарлайды.

48. Өз құзырлары шегінде ішкі істер органдары:

1) облыстың елді мекендерінде осы қағидалардың сақталуына бақылауды қамтамасыз етеді;

2) тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылығы, ветеринариялық, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мекемелеріне азаматтар, ұйымдар мен мекемелер тарапынан осы Қағидалардың сақталуына бақылау жасауға және сақталмаған кездерде әкімшілік жауапкершілікке тартуға қажетті көмек көрсетеді;

3) өздеріне берілген өкілеттік шегінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды қолданады.

49. Өз құзырлары шегінде жергілікті атқарушы органдардың ветеринария бөлімдері:

1) Қарағанды облысы аумағында эпизоотиялық қолайлықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіндегі аурулар мен энзоотиялық аурулардың алдын алу жөніндегі ветеринариялық шаралардың жүргізілуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

2) қараусыз иттер мен мысықтардың аулануын, иесі анықталған кезде қайтарып берілуін, иесі жоқ, ешкімге берілмеген қараусыз иттер мен мысықтардың 60 тәулік өткен соң инъекция енгізу арқылы өлтірілуін ұйымдастырады;

3) ветеринария мәселелері бойынша тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді.

50. Өз құзырлары шегінде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдары:

1) бекітілген мерзімде эпизоотияға қарсы іс-шаралардың өткізілуін ұйымдастырады және бақылайды;

2) қараусыз иттер мен мысықтарды аулау қызметтерінің жұмысын бақылайды;

3) иттер және мысықтар иелерімен ветеринариялық талаптар мен нормалардың сақталуын бақылайды;

4) заңнамамен бекітілген тәртіпте осы қағидаларды бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселелерін қарайды.

51. Ветеринария мамандары:

1) иттер мен мысықтардың жұқпалы ауруларға қарсы егіуді жүргізеді;

2) қараусыз иттер мен мысықтарды аулайтын қызметтерге жұмысты ұйымдастыру жөнінде көмек көрсетеді;

3) кинологиялық қызметтер атқаратын клубтарға және қоғамдарға, иттерді ұстайтын кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге ветеринарлық саладағы нысандар ретінде ветеринарлық тіркеу куәліктерін береді.

8. Иттер мен мысықтар иелерінің осы Қағидаларды бұзғандығы үшін жауапкершілігі

52. Осы Қағидаларды бұзғаны үшін иттер мен мысықтардың иелері Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 311 бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

9. Қорытынды ережелер

53. Иттер мен мысықтарды қараусыз жүрген үй жануарларын уақытша ұстау питомниктерге орналастыру және ұстау құқы питомниктер құрылған уақытта пайда болады.

Комментарии закрыты.