Әкім ауылдарды аралады

Өткен жұма күні Жезқазған қаласының әкімі Серік Шайдаров қаламен қоңсылас жатқан Кеңгір селолық округіне қарасты Теректі ауылы мен Түйемойнақ станцияларында болып, ондағы елдің тыныс-тіршілігімен етене танысып қайтты.

Қасына әкімдіктің жауапты мамандарын ерткен әкім атбасын әуелі Теректі ауылындағы  бастауыш мектепке тіреді. Бұл мектеп өткен жылы қайта жаңғыртылып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілген болатын. Сондай-ақ, ауылдағы жалпы білім беретін №6 мектептің жағдайы да жаман емес. Мұнда 62 оқушы дәріс алып жатыр. Оқушыларға барлық жағдай жасалған. Компьютерлік сынып жабдықталып, төрт үйірме жұмыс істейді. Тек, ауылдан 2 шақырым қашықтықта тұратын 40 оқушының қатынап оқуы алаңдаушылық тудыруда.

Ауыл тұрғындарымен болған жүздесуде жұртшылық қолдарындағы малдың ауруға шалдығуына байланысты егіп-емдейтін арнайы ветеринар маманның керектігін алға тартты.  Жиында сондай-ақ, ауыл көшелерін жарықтандыру мен ауылішілік жолдың жағдайы да сөз болды. Әкім тұрғындар тарапынан туындаған сауалдарға байыппен жауап берді.

Жалпы, Теректі ауылында 92 үй түтін түтетіп отыр екен. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында бірнеше адам жұмысқа тартылып, қалаға қоныс аударған. Мұның сыртында 20 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

Бұдан соң әкім Серік Шайдаров қаладан 120 шақырым қашықтықта жатқан Түйемойнақ станциясына келді.

Теректіге қарағанда Түйемойнақ станциясының әлеуеті көп төмен. Мұнда ұзақ жылдардан бері қордаланып қалған, шешімін күткен мәселелер жетерлік. Ауылдың әрі мектебі, әрі мәдениет үйі саналатын ауыл мектебінде болған кездесуде ауыл тұрғындары осы мәселелерді алға тартты.

Олардың айтуынша, ауылда мектептің материалдық базасы еш сын көтермейді. Мұнда қарапайым ойын алаңы да салынбаған. Интернет желісін былай қойғанда, телефон байланысының өзі дұрыс жолға қойылмаған. Бүгінде кең етек алған ұялы телефон байланысы бұл ауылға әлі жетпепті. Ауылдағы 28 үйде тұратын 154 адам осындай заманауи жетістіктерден кенже қалып отыр.

Әкім аталған мәселелердің өз деңгейінде шешім табатынын айта келіп, тиісті мекемелердің басшыларына нақтылы тапсырмалар берді.

Ауыл жұртшылығы ел ішін аралып, олардың жағдайымен танысып жүрген қала басшысына алғыстарын білдірді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.