Мемлекеттік тілден сынақ тапсырды

20140117-02-02Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін жүзеге асыру мақсатында  Сәтбаев қаласының 105 мемлекеттік қызметкері «Қазтест» жүйесі бойынша сынақ тапсырды.

№16 орта мектептің қабырғасында ұйымдастырылған бағалау сынағында Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасарлары, аппарат жетекшілері, жергілікті және өңірлік мекеме басшылары мен мамандарына екі жарым сағат ішінде 150 сұраққа жауап беру міндеттелді. 3 бөліктен тұрған тапсырмалар мемлекеттік қызметкерлердің тыңдап түсіну, оқыған материалды ұғыну және қазақ тілінің лексика-грамматикалық құрылымдарын күнделікті өмірде қолдана білу дәрежесін  анықтады.

Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Сағат Ниязованың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін қаншалықты білетіндіктерін анықтауға бағытталған мұндай бағалау сынағы облысымызда осымен екінші жыл қатарынан өтіп отыр. Былтыр облыстық әкімдікке қарайтын басқармалар, орыстілді аудан-қалалардың 1700-ге жуық мемлекеттік қызметшілері тестілеуден өтсе,   биыл үстіміздегі жылдың 13-22 қаңтар аралығында Сәтбаев, Жезқазған  қалаларымен қатар, Қаражал, Балқаш, Приозерск, Қарағанды қалаларының 1200-ден астам мемлекеттік қызметкерлері  сынақтан өтеді. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау мақсатындағы бағалау сынағының қорытындысы екі аптадан кейін белгілі болады және тест тапсырған тұлғалардың  лауазымына не болмаса жалақысына еш әсер етпейді.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі. Суретті түсірген М.ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.