Діни экстремизм — қоғамның жегі құрты

20140117-05-01Ғаламдық жаһандану кейбір жағдайларда қоғамның қалыптасқан қағидаларына кері әсерін тигізіп, адам санасында керітартпа психологиялық әдет қалыптастырып отыр. Ата-бабамыз ұстанып келген Ислам дінінің асыл тармағы Имам ағзам Әбу Ханифа мазһабын адасушылық жол деп, қазақ дәстүрін теріске шығаруды көздеп, алаауыздықты тұтатушы мұндай іс-әрекеттің артында тұтас бір мемлекеттің дамуына тежеу боларлық әрекет тұр.

Еліміздің кейбір қалаларында орын алған лаңкестік әрекеттердің қатысушыларының қатарында қаракөз қазақ баласының жүруі өте ойланарлық жағдай. Қоғамның жегі құртына айналып отырған діни экстремизмнің алдын алуда қайтпек керек, жастарымызды осы топтардан қалай аман алып қаламыз деген сауал әрбір азаматты ойландыруы қажет. Осы бағытта облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығы қалалардағы білім ошақтарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алып отыр. Орталықтың Қазақстан Республикасы ішкі істер Министрлігімен бірлескен семинар-тренингі біздің қалада да өтіп, онда экстремизм мен терроризмнің шығуын зерттеп жүрген мамандар, ішкі істер саласының қызметкерлері мен облыстық білім басқармасының өкілдері екі күн бойы діни экстремизмнің алдын алу шараларын күшейте түсу мәселесін талқылады.

Осы іс-шара аясында білім ошақтарындағы дінтану, психология, тарих, әлеуметтану пәнінің мұғалімдері ІІМ-не қарасты Берімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, терролог, полиция полковнигі Жүсіп Айыпұлы Шалабаевтың дәрісін тыңдады. Қоғамдағы түйткілді ахуалды зерттеп жүрген маман өз баяндамасында бұл іс-әрекеттердің бәрі жастардың санасын улаудан басталатынын ерекше атап өтті.

– Деструктивтік діни бағыттағы ұйымдардың қауіп-қатеріне көз жұма қарауға болмайды. Бұл ұйымдарды біз кезінде зайырлы мемлекеттік бағыт ұстанған соң босаңсытып жібердік. 1990-2000 жылдары қайта құрылу кезеңін пайдаланған кейбір пысықай діннің атын жамылушы топтар барлық елге еніп кетті. Соның ішінде сәләфиттік, уахабиттік бағыттар кең тарады. Біз бұл бағыттарды жамандап не болмаса оларға бір күш қолдануды мақсат тұтпаймыз. Біздің көздегеніміз – ел арасында бұл бағыттардың дәстүрлі дінімізге сай келмейтінін түсіндіру. Дәстүрлі бағыт болмағандықтан қоғамда қақтығыстар орын алуда. Олардың осы іс-әрекетіне тосқауыл салмасақ үлкен қақтығыстардың бұрқ етіп көтеріліп кетуі де бек мүмкін. Баршаңыз білесіз, Қазақстанда террористік әрекеттер орын алды. Осы әрекеттердің шығуын зерттеп қарар болсақ, оның басы-қасында сәләфиттік идеология жатыр. Бұл бағыттардың идеологиясы біздің ұстанып отырған дәстүрлі дініміздің тармағына сай келмейді. Ал, осы әрекеттердің қатысушылары кім деген сауалға келсек, өзіміздің қазақ бауырлар. Әрекеттері үшін түрмеге кесіліп жатқан да қазақ баласы. Қазіргі мәлімет бойынша лаңкестік әрекетке қатысқан 500 жас жігіт өз жазаларын өтеуде. Олардың жасы 18-38 жас аралығында. Топтардың қатарына енген жастардың бетін бері бұру өте қиын. Олардың қайта қатарға қосылуына ешкім кепіл бере алмайды. Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-аналар балаларын тәрбиелеуде Ислам дінінің қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен астасып жатқанын түсіндірсе дейміз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «біздің мақсатымыз – өркениетті қоғам құру» деп әр Жолдауында атап отырады. Ал, өркениетті қоғамның құндылығы оның бай салт-дәстүрі, діні. Осы құндылықтарымызды қоғамның әрбір мүшесі бағалай білсе.

Ішкі істер министрлігінің мұндай түсіндіру жұмыстары сәуір айында басталған болатын. Кенді қалаға келгенге дейін республиканың 10 қаласында болып, азаматтық қоғаммен ашық диалогтық алаң құрдық. Әр өңірде күн тәртібінен түспей отырған мәселе төңірегінде қызу талқылаулар өтті. Әсіресе, Батыс өңірде бұл мәселе көп талқылауды қажет етіп отыр. Соңғы жылдары өкінішке орай, Жезқазған-Сәтбаев қалаларының да жастары белгісіз бағытқа бет бұра бастады. Қоғам болып, бірігіп, осы мәселеге тойтарыс берсек, ел ішінде алауыздық тудырушы топтардың мысын басуға болады, – деп сөзін түйіндеді терролог маман Ж.Шалабаев.

Екі күнге созылған семинар аясында Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының ұстаздар қауымы дін төңірегінде туындаған мәселелерді мамандармен біріге талқылап, тәжірибе алмасты.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.