Көшелер қардан тазартылуда

Биыл қалада қар өткен жылдармен салыстырғанда ерте жауды. Желтоқсан айының соңғы күндеріндегі боран мен қалың түскен қар қалалықтарды біршама әбігерге түсірген еді. Осының нәтижесінде қала ішіндегі көлік қатынасы біршама қиындаған болатын. Әйтсе де, қысқа қапысыз қамдықтың нәтижесінде бұл қиындықтар ойдағыдай шешіліп, тазалық жолға қойылды.

Қала көшелерін қардан тазарту жұмыстары қаңтардың алғашқы күндері де жоғары қарқынмен жүргізілді. Көшелер мен жаяу жолдарды қардан тазалау жұмыстары қазіргі күннің өзінде тоқтаусыз жүріп жатыр.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі берген мәліметке сүйенер болсақ, қалада көшелерді қардан тазарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен, көшелерді қардан  тазалау, тау болып үйілген қарды тасымалдау әлі де жалғасып жатыр. Бұл іске 17 арнайы жабдықталған техника, 10 жүк көліктері жұмылдырылған.

Қала көшелерін қардан тазалау ісі негізінен «Тазалық – 2020» ЖШС арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде бұл мекеме қаланың үш басты көшелерін қардан тазарту ісімен айналысуда.

– Бүгінгі күні біздің мекемеден арнайы жабдықталған 3 ЗиЛ автокөлігі, 1 қар тиегіш техника, 2 КамАЗ автокөлігі, 16 адам жұмыс істеп жатыр. Олар үш бригадаға бөлінген. Бір бригада Абай көшесін, енді бір бригада – Сәтбаев даңғылын, үшінші бригада Комаров көшесінің жолдарын қардан тазалауда.Мұның сыртында 1 автогрейдер қаламен қоңсылас жатқан елді мекендердің жолын күреп жүр, – дейді «Тазалық – 2020» ЖШС-ның жол учаскесі бөлімінің басшысы Майра Бекова.

Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде қала ішіндегі жолдар қазіргі күні толықтай аршылып бітуге таяу. Дегенмен, күн аралатып жауған қар демалуға мұрша берер емес. Қар жауған күндері «Тазалықтың» техникалары таңғы сағат бестен бастап жұмысқа кіріседі.

Қала көшелерін қардан тазарту жұмысына  «Қазақмыс» корпорациясына қарасты жол құрылысы мекемесінің техникалары да көмектесуде. Мұның сыртында қаладағы тазалық бейсенбілігіне бұрынғыдай шағын аудан кеңесі де қолұшын беретін болады. Кеншілер қаласы осылайша қар құрсауынан босатылуда. Қазіргі күні қала іші мен қалааралық  жолдар бойынша қоғамдық көлік қатынасында еш кедергі жоқ.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.