Оқушыларды ҰБТ-ға психологиялық жағынан дайындау

20140117-04-02Ұлттық бірыңғай тестілеу – оқушылар үшін ең маңызды кезең. Себебі, ҰБТ оқушылардың орта білімін жалпы бағалау көрсеткіші болып саналады. Бір ұпайдың жетпей қалуынан оқушылар мемлекеттік оқу грантынан, көп жағдайда жоғарғы оқу орнына ақылы түрде оқуға түсу мүмкіндігінен айырылады. Оқушылар үшін өздеріне қажетті ұпай санын жинай алмау үлкен психологиялық дағдарыс болып табылады.

Жалпы, жыл аяғындағы ҰБТ-ға дайындық көп жағдайда балаларды жағымсыз психологиялық соққыға әкелуде. Оқушылардың ҰБТ жағдайындағы жеке басының психологиялық күй-жайы оларды күйзеліске соқтыруы мүмкін. Кейде тестті жақсы, ойдағыдай орындап, қажетті ұпайын жинаған жағдайдың өзінде жоғарғы көрсеткіш иегерлері біраз уақытқа дейін психологиялық жағымсыз күйді бастан өткізеді. Мұның себебін балалардың қарқынды дайындалуымен байланысты болатын уақыт кестесінің қысымдығымен, жеке бастарындағы уайымдауларымен, жыл бойы бастан кешірген ҰБТ-ға деген қорқыныш, үрей сезімдерімен, алынған тесттің нәтижесінде ұзақ уақытқа дейін сенбеуінен туындайтын «түсініксіз» сенімдерімен және т.б. психологиялық ерекшеліктерімен түсіндіруге болады. Ал, нәтижелері теріске шыққан оқушылардың психологиялық жай-күйлері мүлдем нашарлайды деуге болады.

ҰБТ-ның мақсаты мен міндеттерін басшылыққа алған Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің ұжымы оқушыларды ҰБТ-ға дайындауда жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Солардың бірі – оқушыларды ҰБТ тапсыруға психологиялық тұрғыдан дайындау шаралары. Тестті тапсыруға ешкім арнайы үйретпейді, бірақ, осындай психологиялық білім өте пайдалы. Психологиялық білім тестке дайындау тиімділігін арттырып, тест кезінде тапсырушының өзін ойдағыдай ұстауға көмектесіп қана қоймай, ой жұмысы дағдыларын дамытуға, маңызды кездерде жұмысқа жұмылдыруға, эмоцияларын қолға алуға көмектеседі. Осыған орай 11 «А» сынып оқушылары арасында тест тапсыру процесін психологиялық дайындықпен қамтамасыз ету мәселесін талқылай отырып, оның үш кезеңі атап өтілді. Мысалы, тестке дайындық, тест алдындағы оқу материалдарын зерделеу, баланың тест алдындағы мінез-құлқы мен нақты тест кезіндегі мінез-құлқы туралы тренингтер өткізілді. Сынып оқушыларымен бірлесе отырып, олардың өзін-өзі реттеу, өзін-өзі бақылау дағдысын оқыту, өзіне деген сенімділігін арттыру мақсатында практикалық сабақтар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, стресске қарсы тұру жолдары, эмоцияны басқаруға мини-лекциялар оқылып, рөлдік ойындар ойнатылды. «Мен өзімді мақтаймын», «Шынымды айтсам…», «Өз жұлдызыңды тап», т.б. тренингтер мен жаттығулар, кіші топтағы пікірсайыстар өтті. Осындай жаттығуларды орындату барысында оқушы бойында жақсы дағды қалыптастыру көзделді. Мектебімізде құрылған «Оқушыларды психологиялық дайындау» бағдарламасы бойынша ата-аналармен, педагогикалық ұжыммен байланысты тұрғыда бірнеше жұмыс түрлері жүзеге асырылуда. Жеке тұлғаның психикалық денсаулығын сақтау, қорғау үшін мектебімізде арнайы бұрыштар жасалып, олар ақпараттармен толық қамтамасыз етілген. Оқушыларға ҰБТ кезінде тапсырмаларды қалай орындау керектігі жайындағы ұсыныстар назардан тыс қалған емес. Бұл ұсыныстар оқушы психикасының жайлылығына өзіндік әсерін тигізбек.

Мектебімізде оқушыларға білім, тәрбие беру жұмыстары ата-аналармен бірлік тауып, үйлесімді жүргізілуде. Олай болса, берілген тәлім-тәрбие, оқу-білім нәтижелі болмақ. Ата-ана үшін баланың бақытын көруден, ұстаз үшін еңбегінің жемісін көруден артық бақыт жоқ.

Г.Мұқанова, Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің 11 «А» сыныбының сынып жетекшісі.

Комментарии закрыты.