Ұлттық өнер өркен жайды

20140117-03-03Жақында тұсаукесер рәсімі өткен қаладағы аймақтық ұлттық өнер орталығы туралы газетімізде жазылған болатын. Орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында мәдени-сауықтыру орталығының жетекшісі Бақытжан Жайлаубаевпен әңгімелескен едік.

– Орталықтың алдағы жоспары жайлы айтсаңыз.

– Ұлттық өнер орталығы деген атауға ие болғандықтан, ұлтымыздың аса бағалы құндылықтарын дәріптейтіні белгілі. Бұл жоба қала әкімі Ә.Омардың бастамасымен қолға алынды. 11 қарашадан бастап ұжым жұмысын бастап кетті. Ендігі мақсатымыз – алға қойған жоспарды жүзеге асыру. Ең алдымен үйренемін деп келушілердің ынтасын арттыру, маман даярлап шығару. Кез-келген адам бос уақытын тиімді пайдаланса, бойындағы талантын қосымша ұштаса артық болмайды. Біраз уақыт тәжірибеден өткен соң үйреткенімізді түрлі байқауларда сынап көрмек ойдамыз. Жақсы нәтиже көрсетіп жатсақ, еңбектің жемісі деген сөз. Бірақ, біз үшін осы орталықтың ашылуының өзі жетістік.

Сабақ кестесін үйірмеге жазылғандардың уақытына байланысты белгілейміз. Қатысушылар ұстаздарымен келісіп, өздеріне қолайлы етіп жасайды. Сабақ әзірше Кеншілер сарайы мен Халыққа қызмет көрсету орталығында өткізілуде. Жезқазғандағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде филиал ашсақ деген ойдамыз.

– Дәріс беретін ұстаздардың саны жеткілікті ме?

– Бұл жобаға өз ісінің білгір мамандары шақыртылады. Мұнда ақындар мектебі, шешендік өнер, жыршы, термеші, күй, ағаш шеберлігі, тоқыма-ою, дәстүрлі ән, қобыз, ұсталық пен зергерлік үйірмелері ашылды. Аталмыш үйірмелердің екеуі ғана әзірге тұралап тұр. Себебі, қобыз бен ұсталық-зергерліктен сабақ өткізетін мамандар табылмады. Барлық жерге сұраныс түсірдік. Білікті мамандар келер деп үміттенеміз.

– Жергілікті айтыс ақындарына қосымша сабақ беру үшін ұсыныс жасағандарыңызды білеміз. Келісімдерін берді ме?

– Иә. Төлеген Жаманов, Мұқаш Сейтқазинов, Света Жұмкина, Жамбыл Көпбосыновқа ұсыныс жасадық. Университет жүйесі сияқты бұл кісілер де бір мезгіл дәріс беріп, білгендерін жастарға үйретіп кетсе нұр үстіне нұр емес пе?! Тараптардан нақты келісім келмеді. Бірақ, мұның барлығы уақытша деп ойлаймыз. Қала әкімі Әнуар Серікбайұлы да айтыс өнерінен сабақ берсем деген ниетте.

– Үйірмеге жазылу белгілі бір тәртіпке бағына ма? Жазылу ақылы ма?

– Ешқандай қатып қалған қағида жоқ. Орталыққа келушілердің жас ерек-шеліктеріне де шектеу қойылмайды. Ұжымды әр аймақтан жиналған жастар толықтырып отыр. Алдын 3 курс студенттері бастаса, ең жасы 5-сынып оқушылары. Алайда, мұнда тек оқушы мен студент жастар ғана емес, мекеме қызметкерлері де келе алады. Жазылу жағына келетін болсақ, барлығы тегін. Бұл мәдени-сауықтыру орталығы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жанынан ашылған аймақтық ұлттық өнер орталығы болғандықтан, әкім тікелей қолға алған жоба. Мемлекет қаржыландырады.

– Орталық үйірмеге қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген бе?

– Жоқ. Қолдан келгенше барымен жабдықтадық. Мұғалімдер өздеріндегі барын қолданып жатыр. Жылдың басынан бастап толық қамтамасыз етіледі.

– Жалпы орталықтың дәрежесі қандай? Орталықты аяқтап шыққан соң оқыды деген құжат беріле ме?

– Оқыды деген құжат мәселесіне келетін болсақ, ол да бүгінгі күннің шешілмеген мәселесіне жатады. Ал, сертификат табыстауға бар күшімізді салып жатырмыз.

Сұхбаттасқан Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.