Жеті айдың есебі тыңдалды

Сейсенбі күні өткен Сәтбаев қалалық мәслихатының ХХІХ сессиясына депутат Қ.Әділбаев төрағалық етіп жүргізіп отырды. Сессияның жұмысына қала әкімі С.Т.Медебаев, әкімнің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары мен қаралған мәселелерге қатысты мекеме қызметкерлері қатысты.Күн тәртібіндегі «Қалалық полиция бөлімінің Сәтбаев қаласында құқықтық тәртіпті нығайту және жасөспірімдер арасындағы құқықтық тәртіп бұзушылық пен қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жұмысы туралы» қалалық ІІБ бастығының орынбасары А.Кәрімов баяндама жасады.

Сәтбаев қаласы ІІБ-нің УПП-да 25 учаскелік полиция инспекторы, оның ішінде 8 учаскелік полиция инспекторының көмекшілері учаскелік полиция инспекторы лауазымында және 6 учаскелік полиция инспекторының көмекшілері қызмет етеді. Алайда, қала аумағында қылмыстық жағдай күрделенген, жалпы қылмыстық істің өткен жылмен салыстырғанда өскендігі байқалады.

2010 жылдың 8 айында ІІБ-імен 4226 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған (2009 жылы – 3485). Оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынас саласында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуда ҚР ӘҚБТК-нің 79-1 бабымен 36 (2009 – 19), 79-5 бабымен 142 (2009 – 14), 333 бабымен 112 (2009 – 110) әкімшілік құқық бұзушылар анықталған.

Осы сұраққа байланысты депутат С.Орал көшеде сыра ішушілердің күннен күнге көбейіп бара жатқаны, көп үйлердің, шеткі подъездерінің әжетханаға айналып кеткені жайлы өзінің ғана емес көпшіліктің ойындағы біраз сауалдарды А.Кәрімовке жеткізді.

Депутат Ж.Күнеділов №5 орта мектепке қарсы орналасқан дүкеннің күні-түні арақ-шарап сататынын, кеше ғана «Жол картасы» бағдарламасы бойынша салынған Бабыр би саябағының қоқыс алаңына айналғанын айтып, құқық қорғау органдарынан шара қолдануды сұрады. Бар күшті орталыққа сала бермей, төменгі жаққа да 1 полиция постын орнатуға болмас па деген ойын айтты. Сондай-ақ, депутат З.Исмагулова қаланың басты-басты жерлеріне сырттан бақылайтын камералар қойылса деген ұсыныс берді. Бұл сұрақтарға депутаттар А.Кәрімовтен «барлығы қаржыға келіп тіреледі, кейбір мәселелерді облыстық Департамент шешеді, біз өз тарапымыздан айналысып жатырмыз» деген жауап алды.

Қалалық ішкі істер бөлімінің ақпараты назарға алынып, ішкі істер бөлімінің жұмысында кемшіліктер орын алғандығы, полиция жұмысына азаматтар тарапынан кейбір ескертулер бар екендігі атап өтілді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның, қамқоршылық органдарының қызметтерін бақылауды күшейту, «қиын» балаларды аула клубтарына, спорт секцияларына, үйірмелерге барынша тартуды қамтамасыз ету ұсынылды.

«2010-2012 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Сәтбаев қалалық мәслихатының 2009 жылғы 21 желтоқсандағы ХХІІІ сессиясының №275 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» екінші мәселеге орай «Сәтбаев қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» мемлекеттік мекемесі бастығының міндетін атқарушы М.Баповтың хабарламасы тыңдалды.

Сессиядағы басты сұрақтың бірі – «Сәтбаев қаласы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы жөніндегі есебі» болды. Қала әкімі С.Т.Медебаев осыған орай 2010 жылдың өткен 7 айындағы атқарылған жұмыстар жайында халық қалаулылары алдында есеп берді. «Өндіріс», «Инвестиция», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Ауылшаруашылығы», «Әлеуметтік сала», «Білім», «Денсаулық», «Ішкі саясат», т.б. бағыттар бойынша қала әкімі жеке-жеке толық баяндады.

Қалалық мәслихаттың шешімімен әкім С.Т.Медебаевтың есебі назарға алынды.

Сессияда одан әрі қала аумағында құрылыс салу қағидасын, тұрғын үй көмегін көрсету Ережесін және әкімдік жанындағы қала құрылысы Кеңесінің құрамын бекіту туралы, басқа да қаланың экономикалық-әлеуметтік мәселелеріне қатысты сұрақтар қаралып, өзгеріссіз, толықтырусыз тиісті шешімдер қабылданды.

Қалалық мәслихаттың келесі ХХХ сессиясының төрағасы болып депутат В.В.Юстус сайланды.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.