Мұрағат — тарих айнасы

Осындай тақырыпта Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағатында «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15 жылдығына арналған семинар-кеңес өтіп, оған ведомстволық мұрағаты құрылған мекемелердің іс жүргізушілері қатысты.

20140117-03-01

Ведомстволық мұрағаттарға қойылатын талаптармен таныстыру, құжаттарды рәсімдеу, сақтау, есепке алу мен пайдалану қағидалары бойынша әдістемелік көмек беру – семинардың мақсаты болды.

Басқосуды ашып, жүргізген мұрағатшы Айжан Сырманова жиналғандарға мұрағаттың қызметі жайлы айтып, ведомстволық мұрағат жұмысының маңыздылығына тоқталды.

– Құжаттаманы басқару мен жеке құрам құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету, есепке алу, пайдалану, құжаттарды мемлекеттік мұрағаттарға тұрақты сақтауға тапсыру және олардың заңсыз жойылуын болдырмау мақсатында ведомстволық мұрағаттар құру – бүгінгі күннің басты міндеті. Мұрағатта тек тарихи деректік құжаттар сақталып қоймайды, сонымен қатар, қоғамның саяси-әлеуметтік, экономикалық бағыттары жөнінде құнды құжаттары да сақталады. Сондықтан да мекемелер мен кәсіпорындарда, оқу орындарында іс қағаздарын бекітілген номенклатура негізінде ұқыпты, нақтылы, дәлелді жазып, жыл соңында құжаттарды сараптап, жүйелеп, сол мекеменің ведомстволық мұрағатына өткізу керек, – деді А.Сырманова.

Одан әрі сөз алған мұрағат директорының орынбасары Мереке Маженова істердің өңделуі, рәсімделуі, тізімдерді құрастыру жайын баяндап, көпшілікті мұрағат қоймасында жинақталған құжаттармен таныстырды. Семинарға қатысушылар өз тарапынан жұмыс барысында туындайтын кедергілермен бөлісіп, өздерін толғандырған сұрақтарға қанағаттанарлық жауаптар алды.

Жиын соңында олар мұрағат ұжымының өткізген іс-шаралары, конференциялары мен дөңгелек үстелден түсірілген сурет көрмесін тамашалады.

Марал Шахаева. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.