Келелі кеңестер мен нақтылы тапсырмалар берілді

Жылан жылының соңында Сәтбаев қаласы әкімі жанындағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі консультативтік-кеңес беру органының кеңейтілген отырысы болып өтті.

20140117-03-02

Жастар бастамашылдығы орталығының 2014-2016 жылдарға арналған тұжырымдамасы, осы орталық жанындағы жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобын құру, кеңестің 2014 жылға арналған жоспарын бекіту жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі кеңес отырысында талқыланды. Кеңес мүшелері үстіміздегі жылы атқарылған жұмысты таразылады.

Жастар саясатын жүзеге асыру кеңесінің отырысында бірінші кезекте дамудың өзекті міндеттері, жастарды әлеуметтік қолдау, орталық қызметін қайта құру, волентерлік қызметті дамыту сынды өзекті мәселелер талқыланды. Айту керек, бұл бағыттар жастар саясаты жөніндегі жаңа тұжырымдамада негізгі басымдық ретінде айқындалған.

Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар осы мәселелерге ерекше тоқталды.

– Жастар өмірінен орын алатын өзекті мәселелерге жаңа тұжырымдамада үлкен мән берілген. Бұл ретте біздің ортақ міндетіміз – жас дарындарды іздеп, олардың өсуіне жағдай жасауымыз қажет. Өнерлі жастарымыз, спортшылар, білім сайыстарына қатысып жүрген балалармен тығыз жұмыс жасап, оларға қажетті көмек көрсетілуі тиіс, – деді қала басшысы.

Отырыста жастар арасындағы дәстүрлі емес ағымдардың алдын алу мәселесі де әңгімеге арқау болды.

– Жастар бастамашылдығы орталығы тек мерекелік іс-шараларда ғана көрініп, басқа күндері бұйығы отырмағаны жөн. Сіздер әрбір күні белсенділік танытып, түрлі игілікті істерге бастамашы болуларыңыз қажет. Жаңадан құрылатын жұмыс тобына кіретін азаматтар да сондай істерге лайықты жандар болғаны жөн. Осы жағына баса назар аударыңыздар, – деп қорытындылады қала әкімі Әнуар Омар кеңес отырысын.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.