Шаңырақтың киесі

Ішкі бөлмеден «терезені аш» деген әлсіз дауыс естілді. Бұл тар төсекке таңылып, жаны қиналған Бейжамал ананың дауысы болатын. Арғы бөлмеде сабақ оқып отырған ұлы Әлімжан дауысты естіп, солай қарай жүрді. Терезені ашып, анасының аузына қасықпен су тамызып, басын ыңғайлап жатқызды.

Екі жыл бұрын жабысқан кесел ана жанын әбден қинап, құр сүлдесін қалдырған. Қаржының тапшылығынан қалалық емханалардан әрі аса алмаған Бейжамалдың дерті күн санап ұлғая түскен. Дәрігерлер бұл кеселді «тамақ іше алмайтын ауру» деп анықтаған. Жолдасы Ғалымжанның жол апатынан қаза болғанына да 4 жылға айналды.

Дертті ананың қуанышы да, үйдегі дәрігері де, бары да, нары да осы ұлы Әлімжан. Анасы қиналған кезде ауылдың шетіндегі медбибі Ғалияны шақыртып, ине еккізеді. Кейде дәрі алатын ақша да болмай қалатын.

Осылай күндер өтіп жатты. Бейжамал қайтадан демі тарылып, денесі бірде тоңып, бірде ысып азаптанды. Жанында ешкім жоқ. Көзі бақырайып бір нүктеге қадалып қалған. Көзінен ыстық жас парлап жатыр. Шіркін-ай, ана не ойлап жатыр екен?

Құлыншағының өзін көріп қиналғанын, күнде жанарында мұң жүретінін, баланың өз бөлмесінде оңашада жылап алатынын ана жүрегі сезетін. Оның үстіне ағайын-туыстың арасындағы бір-біріне деген араздықты ойлап қиналады. Себебі, бір атадан туып, бір ауылда тұратын Сәлім деген інісі ағасы Ғалымжан өмірден өткелі бері халдарын сұрап бір келмегенін ойласа, дерт үстіне дерт қосылады. Бауырдан безініп, тас жүрек болған Сәлімнің тым болмаса жеңгесі ауырып жатқанын ести тұрып, есіктен бас сұқпағаны Әлімжанның да жүрегіне қатты бататын. Әсіресе, ағасы мен жеңгесінен іргесін аулақ салған Сәлімнің Ғалымжан дүние салғаннан кейінгі бір жағымсыз қылығы көз алдында көлбеңдей береді.

Ғалымжанның қырқы болмай жатып әлімжеттік көрсетіп, қорадағы малдың бәрін алдына салып айдап кетіп, бір қашарды сауын етіңдер деп масқаралағаны есіне түсіп, көз жасын тоқтата алмады.

Баланың ойын «Әлімтай» деген Бейжамалдың дауысы бұзып жіберді. Көз жасын сүртіп, Әлімжан анасының қасына барды.

– Бері отыршы, – деп Бейжамал ұлының қолын ұстап, маңдайынан мауқы басылғанша иіскеп, бірдеңе айтуға оқталды.

– Құлыным, қуанышым, мені де, сені де тағдыр сынаққа салып жатыр. Жетім өсіп, менің көрмеген күнім жоқ. Нағашыларымның қолында бой жетіп, Ғалымжанды жолықтырғанда екеуміз ұзақ ғұмыр кешеміз ғой деп ойлаушы едім, одан да қапияда айырылып қалдым. Менің бар сенерім сенсің. Халімді өзің көріп жүрсің. Егер мен дүниеден өтер болсам, жылама. Басыңа қиын күн түссе де біреудің есігін қағып, жалынба. Әкең нағыз ер жігіт әрі білімді болатын. Сен соның ізін қууға тиіссің. Намысшыл бол. Білім ал, оқы, балам, – деген сөздерді үзіп-үзіп айтты да талықсып кетті.

Анасының сұрланған кейпін көрген Әлімжан жүрегі тоқтап қалды ма деп кеудесіне басын қойды. Жүректің соғысы жиілей түскенін сезген ол жалма-жан телефонды ала сала Ғалияға қоңырау шалып, тез келуін өтінді.

Бірақ, әбден дендеген сырқат әлсіз жүректің соғуын біржола тоқтатты….

Әрі қарай не болғаны Әлімжанның есінде жоқ.

Кеш қарайған шақ. Әлімжан оянса үй толы адам, алыстағы нағашылары да жетіпті. Кезек-кезек келіп Әлімжанды құшақтарына алып, бала жүрегін жұбатқандай болады.

Әлімжан келіп-кетіп жатқан адамдардың арасынан Сәлімді іздеді. Көрінбеді…

Бейжамалдың қырқын бергеннен кейін, алыстан келген ағайындар Әлімжанға өздерімен бірге кетуді сұрады.

– Жоқ, ағайындар, мен бұл үйден кетсем әкемнің шаңырағының ортасына түскені, есігінің жабылғаны ғой. Не көрсем де осында көрем. Анам өлер шағында ешкімге жалтақтама деген болатын. Оның үстіне бұл үйдің шатырына қарлығаш ұя салады. Мен оны бұзып, обалына қалғым келмейді, – деген 18 жастағы баланың жауабына нағашысы риза болған.

– Ей, шіркін, дүние-ай, кімді аяды дейсің?! Сен осыншама қиындық көре тұрсаң да әкең мен анаңның ошағының отын сөндіргім келмейді дейсің. Мен мұныңа толық қосыламын. Бірақ, денсаулығыңды ойла, өзіңді күт, – деп, баланың айтқанына мойынсұнған бойы қимайстықпен ауылына жүріп кетті.

Әлімжанның жан сырын түсінер сыныптас достары анасы кеткен соң бір үйдің баласындай шаруашылығын жұмыла істеп, қыз балалары үй ішінің шаруасын атқарып кетіп жүрді. Соның бірі – Гаухар. Ол басқа қыздардай емес, ерекше ықыласпен, жанашырлықпен қарайтын. Олар келмегенде 8 жылдан бері шаңыраққа ұя басқан қарлығаш Әлімжанның сырлас досы болатын.

Арада бірнеше күн өтті. Көшеде кетіп бара жатып «Әй, осы ана Ғалымжан мен Бейжамалдың жалғыздары даңғарадай үйде қу басы қақиып жүрген көрінеді. Буыны қатпаған балаға әбден обал болды-ау. Бір әкеден туған ана Сәлімге не жоқ? Жарайды, әйелін қойшы, жүрегі тас болып қатқан жан ғой ол. Мүмкін осы ауылдан бауыр басар біреу табылар», – деген бір топ әйелдердің сөзін естіген Сәлім іштей күбірлеп үйіне қарай бет алды.

Әлгі сөздерді ой елегінен өткізіп, бауырын өздеріне көшіріп алуға көндірмекке бел шешеді.

Кешқұрым сабағын оқып отырып «Әлімжан, Әлімжан» деген дауысты естіп, сыртқа шықса, әкесінің егізіндей жанды көріп аң-таң қалды. Амандасарын не амандаспасын білмей, амалсыз таянды.

Бұл сол – Сәлім еді. Әлімжанды құшақтай алған Сәлім баладан кешірім сұрап, осы уақытқа дейін хабарласпай кеткен себебі әйелінің шайпау мінезі екенін айтып әлек.

– Жарайды, бәрін кештім, үйге жүріңіз, – деген Әлімжан Сәлімді үйге бастап кірді. Үйге кіріп, құран оқып, аздаған ақшаны Әлімжанға ұсынып тұрып: – Балам, ер жеттің. Тағдырдың жазуымен ағам мен жеңгем өмірден өтті. Сен енді біздің үйге жүр. Жалғыз өзің құса боларсың, – деп Сәлім үйден шығып кетті. Ертеңіне келіп Әлімжанды көшіріп әкетті. Сөйтіп, Әлімжан көптен көрмеген әкесінің інісінің үйіне келді. Әйелі Мәрия қабағын бермей, әкелген заттарды ішке кіргіздірмеді. – Сарайда тұрсын, шешесінің ауруы жұғар, – деген сөздерді айтып қалды. Бұл сөзді бала естімеді.

Әлімжан Сәлімнің үйіне келгелі бері құлдан бетер қора тазалап, еден жуады. Мұны көрген Сәлім ұяттан өртеніп кете жаздайды. Әттең, әйелден асып кете алмады.

Бір күні қора тазалап жүрген Әлімжанды Мәрия шақырып алып – Әй, жетім, биыл мектеп бітіресің. Сабаққа дайындалуың керек емес пе, мына түріңмен сен емтиханнан өте алмайсың, біздің қызды көрдің бе, күндіз-түні оқып, сабаққа дайындалады. Сен хирург болам дейсің, ол үшін оқу керек. Бар да жуынып, шайынып, сабаққа дайындал, – деп, зілді дауыспен жанашырлық танытқандай болды. Сабаққа ден қойып, зеректігімен қалыс қалған сабақтарын меңгеріп алып, басқаларынан бір саты жоғары жүрді.

Күз өтіп, қыраулатқан қыс келді. Сабақтан кейін Сәлімнің үйін жинап, малын жайлап құрдай жорғалап жүр еді. Арасында өз үйіне барып, қарлығаштың ұясын көктемгі балапан басуына дайындап қойып жүрді. Кейде сонда қонып та қалатын. Әлімжан қыстың тез өтіп, жан жадыратар көктемнің келуін асыға күтіп жүр. Себебі, мына жүрген үйі де, адамдары да қыстай қаһарлы әрі сұсты.

Бір күні үйде жалғыз қалғанда Сәлімдердің бөлмесіндегі сандықтың үстінде шашылып жатқан қағаздардың арасынан «Ғалымға» деген сыртында жазуы бар бір парақты тауып алды. Бұл Марияның Ғалымжанға жазған хаты екен. – Мен сені сүйген едім, бірақ, сен менің махаббатымды бағалаусыз қалдырдың. Сен ана Бейжамалмен бақытты болмассың. Сенің інің – менің құлым, – деген сөздерді оқығанда неге Ғалымжан мен оның отбасына қас екендігі белгілі болды.

Күн артынан күн өтіп, көктемнің жылы лебі сезілді. Бір күні Әлімжан сабақтан келіп шай ішіп отырғанда Мәрия: Сен неге қораның ішіндегі қорданы үймегенсің, қу жетім неме, үйден қуып шығамын, – деп дүрсе қоя берді. Бұған риза болған Сәлімнің ақымақтау ұлы Кәкен Әлімжанға күле қарап, «қу жетім, бар жұмысыңды істе, саған оқудың не керегі бар», – деп Әлімжанға дүрсе қоя берді. Әлімжан үйден шығып кетті. Қайда барарын білмей бір сәт тұрды да өз үйіне қарай аяңдады.

Үйдің жанына келе бере, гүрілдеген трактордың дауысын естіп тұрып қалды. «Бұз, бұз енді бұл үй кімге керек дейсің?» – деген Сәлімді көрді. Өз әке-шешесінің шаңырағын күл-талқан еткен ақшақұмар Сәлімнің бұл жерді бір кәсіпкерге дүкен салуға сатып жатқанын естігенде Әлімжан Сәлімнің үйіне қарай жүгіріп, бөлмесіне кіріп жатып қалды. Түстік аста дастархан басына келмеген Әлімжанға Сәлімнің ұлы Кәкен: – Әй, мына тамақты іш, – деп итке беретін жуындыдай үлкен кесемен сорпа әкеліп берді. Сылдыр су, қатқан нанды көрген кезде кекетіп-мұқатқанын естіген Әлімжан Кәкеннің жағасынан ұстай алып, жұдырықпен бір-екі салып қалды. Қан-қан болып, бөлмеден шыққан ұлын көрген Сәлім Әлімжанды үйден қуып шықты. Өмірден баз кешкендей болып, жаны түршіккен Әлімжан мұң толған жанарымен ешкімге кездеспеуге тырысып, ауыл шетіндегі тоғайды бетке алып жүре берді…

Тоғайда екі-үш күн жүріп, арып-ашқан Әлімжанды бірге оқитын достары іздеп тауып, жақын маңдағы Гаухардың үйіне әкеліп жатқызды. Бұған бәйек болып жүрген Гаухар мен анасы Бәтима. Бойын жазып, еңсесін тіктеген Әлімжан Гаухардың ерекше ықыласынан өзіне деген сезімінің бар екенін сезді. Бір апта өтер-өтпестен мектепте соңғы қоңырау соғылды. Барлығы ерекше сезімде, қуаныштың құшағында. Әлімжан да соларға ұқсап күлімсіреп, жадырап жүрейін десе де ата-анасына деген сағынышы мен олардың осы қызығын көре алмай кеткендігі еңсесін түсіре берді.

Жоғарғы медициналық оқу орнының студенті атануға Гаухар екеуі бірге дайындалып, емтиханнан сүрінбей өтті. Әлімжан «Алтын белгіні» тақса, Гаухар ерекше үлгідегі аттестатпен арман қуып Астанаға жол тартты.

Екеуі де медицина саласында жеті жыл білім алып, елордадағы озық медициналық орталықтардың біріне жас маман болып орналасты.

Арада он үш жыл өткен соң ауылға оралған Әлімжан мен Гаухардың бақытты, тату-тәтті отбасы екендігін тас мүсіндегі әке-шешелері көріп риза болғандай. Әлімжан ұлы Айсұлтанды басынан сипап: – Мына суреттегі атаң мен әжең. Олар қалың ұйқыда. Біраз жыл болды оқу дедік, жұмыс дедік мұнда ат ізін салмай кеттік. Қарашы, ауыл да құлазып қалыпты. Есіңде болсын, менің түлеп ұшқан ауылым осы, – деп қара «Джипке» беттеді. Қорымнан түсе бере бұрынғы үйінің бос қалған орнын көрген Әлімжан соға кетуді жөн көрді. Шаңырағының аумағын өрт шарпығанға ұқсайды. Осы маңайдағы Абыл ақсақалды көріп қалып, амандық-саулық сұрасқан Әлімжан үйдің орнына не болғанынан сыр суыртпақтады. – Е, қарағым, былтыр бұл жерді қалың өрт басып, дүкен иесімен қоса өртеніп кетті. Өзінің көзін әбден шел басып еді. Қаладан әкелген тауарын қарапайым халыққа көтермелеп сатып, елдің қарғысы тиген шығар. Қазір адамда қанағат пен мейірімділік жоғалды ғой. Осылай, қарағым, – деді ақсақал.

Өз үйінің орнынан ұзай бере Сәлімнің үйінің дарбазасының алдында отырған қара шалды көріп, солай қарай бұрылды. Жұтынып тұрған қара «Джипты» көрген Сәлім шалдың зәре-құты қалмай, қипақтай басып, үйге қарай беттеді. Әлімжандар да үйге кіріп, Сәлімді құшағына басып, амандық-саулығын сұрасып, қаладан ала келген азын-аулақ дәрі-дәрмектерін, азық-түліктерін беріп жатты. Төргі үйге беттей бере Әлімжанның көзіне мүгедектің арбасына таңылған әйел адамның аянышты түрі түсті. Бұл сол Мәрия. Жақын келіп, қолын алды. Сөйлеуге тіл жоқ. Тек көз жасын көл қылып төге береді. Сәлім мен Мәрияның кезінде талай жерді шаңдатқан дәурені өтіп, бүгінде жарымжан болып қалған.

Олардан шет айналып кетейін десе, әкесінің жалғыз бауыры ғой. Оның үстіне Гаухар да «ақылыңа сал, бұлардың енді бізден басқа ешкімі жоқ. Ертең олай-бұлай болса, көмусіз қалмай ма. Өздері де түсініп отырған шығар. Кешейік олардың қателігін» деп Әлімжанға ақылын айтты.

Дәл осы сапарында Әлімжан мен Сәлім бірін-бірі түсініп, бірі әкелік ниетін, бірі балалық пейілін көрсетті.

Ал, бұлардың мұндай адам төзгісіз ауыр жағдайға ұшырап, ұлдарының мезгілсіз өмірден өтуіне қарлығаш балапан басқан үйдің күл-талқан болғанынан деп ойлады Әлімжан…

Шаңырақтың киесі деген осы болар.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.