Досқа берік азамат

Көптің ішінде бір ерекше жаралған адам болады, ол бір асыл тастай, көптен дараланып тұрады. Осындай адамның бірі – Белғұжанов Еркін Рысқанұлы жөнінде сыр шерткім келіп отыр. Бұл азаматты кең байтақ еліміздің ішкі істер қызметкерлерінің біразы біледі.

Ерекеңді жаңаарқалықтар да, Балқаштың жігіттері де, қарағандылықтар да, Жезқазғанның азаматтары да, сонау Атырау мен керекуліктер де, Алматы мен ақтөбеліктер де «біздің Ерекең» – деп таласады. Дау жоқ, Ерекең – бәрімізге ортақ қуаныш, мақтанышымыз, Ел ағасы, ортақ Еріміз! Халық адамы солай болуы да керек қой.

Еркін Рысқанұлы еңбек жолын қарапайым жедел уәкіл қызметінен бастап, полиция генерал-майоры шенінде зейнеткерлікке шыққан абзал азамат. Еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет істеп, елдің құрметіне бөленіп, талайдың алғысын алған ел ағасы!

Ерекеңнің тікелей қоластында қызмет істегенім жоқ. Ол кісімен ұстазым Қуатбек Өтемұратұлы арқылы танысып, сыйласып кеттім. Ерекеңді көп жерде Ер-аға дейді, өте сәнді де мәнді ат. Ер-ағаңның бір үлкен қасиеті – ешқашан істеген жақсылығын, кейбіреудің сатқындығын айтпайды. Бәрі ішіне сыяды, үндемей күліп отыра береді. Үлкен лауазымды қызметте жүргенінде талай азаматтарға араша түскенін көзім көрді. Бір елдің азаматы Ерекең туралы маған былай деп еді: – «Бұрынғы басшылар келісімен қызметтегі жігіттерді судай сапыратын. Бұл ағаларың келіп біздің жергілікті жігіттердің көзі ашылып, бағымыз жанды». Ерекеңнің достыққа беріктігі соншалық, баяғы жас кезіндегі бірге қызметтес болған азаматтардың кейбіреуі «түйе қарап кетсе де» солардың балаларына қамқорлығын көрсетіп, жұбайларын қуаныштарынан қалдырмайды. Жыл он екі айда Ер-ағаң Атырау мен Ақтөбеде, Орал мен Керекуде, Жезқазған мен Балқашта, Алматы мен Жаңаарқаның арасын жол қылып, той-домалақ, қарулас азаматтардың басына іс түскенде, қайғыларына ортақ бола алатын, бір сөзбен айтқанда, «достың ыстығына бірге күйіп, суығына бірге тоңа білген» Ердің ері! Өз басымдағы бір жәйт, ұлым үйленетін болып Кереку жеріне құда түсе баратын болдық. Жат жер болған соң Ерекеңе телефон соғып, жолым түсіп баратынымды айтып, өтінішімді білдірдім. Алыс жолдан барамыз, бір дұрыс қонақ үй болса дедім. Ерекең жігіттерге тапсырса да жететін еді, бірақ, үлкен басымен бізді жолдан өзі қарсы алып, Пакизат жеңгемізге дәм дайындатып қойыпты. Мұндай сыйды кейде лауазымы жоғарылаған, «наны пісіп» тұрған туысың да істемейді. Сөзімді тастамай, ертеңгісін Ерекең мен жеңешеміз екеуі құдалық көшті бастап, көркін келтірді.

Жуырда Жезқазған өңірінде жап-жақсы қызмет атқарған бір азамат дүниеден өтті. Өмірдің бір қиын соқпағына түсіп қалған екен, ауруханаға жатып қалыпты, науқас екенін естіген Ерекең оны тауып алып қолынан келген көмегін берді. Бірақ, ауруы асқынып кеткен көрінеді, көп ұзамады. Жаңағы азаматтың екі ұлы бар екен, Еркін Рысқанұлы соларды тауып алып, шақыртып, ақылын айтып, әкелеріне топырақ салдырған-ды.

Ақтөбе жерінде дүниеге келіп, кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып, қазір зейнеткерлікке шыққан генерал ағамыз қазір балаларының қасында Астанада тұрып жатыр. Астанаға көшіп келген соң сол жердегі барлық жерлес жезқазғандықтарды жинап, бір бас қосу өткізді. Ондағысы, жат жерде жүрген азаматтар бір-біріне баяғы қызмет бабы уақытындай жақын жүріп, аралассын дегені. Ер ағамыз сөзін қорытындылай келіп: – Қуаныш-тойларыңнан қалып қойып жатсақ өкініші жоқ, ал, жерлес азаматтар өмірден озғанда оған топырақ салар әріптестер мен жерлестердің аз болғаны дұрыс емес, – деді. Бастысы, жерлестер қауымын құрып, онда төраға сайлап, зейнеткерлікте жүрген бар азаматтың телефондары жазылып, бір-бірімізге тіреу болайық, ел болайық дегенін жеткізді. Бұл үлкеннің, ағаның жұмысы!

Мұрат Қазамбаев, отставкадағы полиция полковнигі. Жезқазған қаласы.

Комментарии закрыты.