Кеудесі алтын сандық еді…

Нұрыш аға қайтыс болыпты. Қаламыздағы кеудесі алтын сандықтай қазына қарттарымыздың бірі еді. Газетіміздің оқырманы, жанашыры және белсенді авторларының бірі болатын. Жарықтық көзі тірісінде аймағымызға қатысты небір шежіре-әңгімелерді шертіп отыратын.

Нұрыш Сейітұлымен ең алғаш «Шарайнаның» редакциясында жолықтық. Ол кезде Нұрекеңнің сексеннің сеңгіріне шыққан кезі еді. Орта бойлы, дембелшең келген ақсақалды сексенде деуге аузың бармайтын. Тың, әрі ширақ. Әңгімеге де ағып тұр. Бейнебір зерделі әңгімелердің зерлі сандығы дерсіз.

Нұрекең еңбекке 16 жасында араласыпты. Кешегі ел басына күн туған отты жылдарда Қарсақбайдағы ФЗО-да оқып, слесарь мамандығын алған соң ол Байқоңыр көмір шахтасында ағылшынның газбен жұмыс істейтін моторының машинисіне көмекші болып жұмыс істейді. Бұл машина негізінен шахтаға электр қуатын береді екен. Жұмыстың жауапкершілігі айтпаса да белгілі…

Айтып отырса Нұрекеңнің өмір жолы өз алдына бір дастан. Жастайынан зерек болып өскен ол 16-17 жасында-ақ «Алпамыс», «Көрғұлы», «Қалқаман – Мамыр», «Мамыр – Сара», «Назымбек» сияқты дастандар мен Исаның «Құралай сұлу», Сәбиттің «Сұлушаш» сияқты поэмаларын жатқа білген. Ауыл адамдарының сұрауы бойынша ұзақ кештерде сол жырларды нақышына келтіре жырлап та берген. Осынысына қарап оны бес-ақ кластық білімі бар деп айту қиын. Ал, шынында Нұрыш ақсақал мектеп табалдырығын 11 жасында бір-ақ аттаған. Бір кезде өз әкесі Сейіт ұйымдастырған «Байқоңыр» серіктестігінен ұжымшарға айналған ауылда (кейінгі «Пионер» бөлімшесі) соғыс басталғанша 5 сынып қана бітірген. Бірақ, ол осымен ғана қалып қоймай, қолына түскен кітаптарды оқып, зердесіне тоқып отырған.

Нұрыш аға қай жерде жүрсе де көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болған. Кең тынысты қоңыр дауысымен әдемі әндер де орындап отырған. Осы қабілеттерінің арқасында Нұрыш Сейітұлы төрт жылдан артық халық ақыны Болман Қожабаевтың хатшысы болып істеген. Ол 1947 жылы Бүкілодақтық еңбек резервтері көркемөнерпаздарының төртінші байқауына қатысып, хордың ән бастаушысы, яғни, солист ретінде Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында ән шырқаған.

Нұрекең 1950-1952 жылдары Ақмола қаласындағы құрылыс техникумын оқып бітірген екен. Сол оқуда жүріп жан жары Гүлсім шешеймен табысып, жұптары жарасып, отау құрған. Құрылыс шебері мамандығын алған Нұрыш Сейітұлы Жезқазған кен басқармасының ФЗО мектебіне ұстаз, ал Гүлсім Фазылжанқызы зертхана қызметкері болып орналасқан. Кейін Нұрекең геологиялық-барлау партиясында, №45 және №65 шахталарда ауысым шебері болып 20 жыл еңбек етіпті. Елу жыл отасып 2001 жылы қайтыс болған зайыбы Гүлсім екеуінен Гүлдана, Болат, Мұрат, Сара, Ғабит, Хамит есімді балалар ержетіп, ел қатарына қосылды. Олардың барлығы балалы-шағалы, немерелі азаматтар.

Нұрыш ағамен болған сол жолғы сұхбаттан кейін газетімізде «Тасқа басылғанның бәрі тарих емес немесе Аманкелді батырдың зайыбы Балым туралы ақиқат» атты мақала жарық көрді. Осы мақала көптеген тарихи деректерге жан бітіріп, көтерілген мәселе туралы көптеген материалдар табылды. Осы мақала негізінде Нұрекеңнің немере інісі Сәттібек Қорғанбеков 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Киров ауылына арнайы сапар шегіп, Балым апаның баласы Рахым ақсақалдың (2012 жылдың мамырында қайтыс болды) үйінде болып, балалары және немерелерімен кездесіп қайтқан. Бұл жерде айтпағымыз – Нұрекеңнің берген деректерінің дәлме-дәл келуі.

Жалпы, Нұрыш аға талай ақын-жазушылармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, жақсы-жайсаңдармен кездесіп, өзінің зердесіндегі ой-пікірлерін жеткізе алатын және баспасөз беттерінде өзінің танымдық-творчестволық материалдарын өз кезегінде жариялап жүретін.

Соның ішіндегі көлемдісі де, көркемі – ұлы атасы «Уәйіс ер қара қылды қақ жарғандай…», «Уәйіс дегенше, … барыс десеңші» атанған Уәйіс Байжанұлы туралы Ұлы өңір – Ұлытаудың тарихын жаңа белеске көтеруші аяулы ақын, жазушы, тарихшы Қуаныш Ахметовтің Уәйіс Байжанұлы туралы мақалаларына тарихи деректер мен ақпараттардың топтамасын беруі еді. Бұл материалдар өз кезегінде Қуаныштың тарихи кітаптарынан лайықты орнын алғанын айта кеткеніміз дұрыс.

Сонымен қатар, өзінің немере інісі, белгілі қаржыгер Сәттібек Қорғанбеков «Уәйіс би, Уәйіс батыр, Уәйіс болыс» кітабын жинақтау барысында көптеген деректер осы «Саққұлақ атамыз» – Нұрекеңнен алынғанын айтып жүреді.

Иманды болғыр Нұрекеңнің бойына сіңген бір қасиеті – әлдекімдер сияқты «мен білемін», «мені неге баспайсыңдар?» деп өзеуреген жан емес. Ұмытпасам, 2005 жыл болуы керек, редакцияның сол кездегі хатшы-референті Сәуле Оспанова «Мынаны саған берсін деп әлгінде бір жігіт әкеп тастады. Адресі жазылмаған. Өзің ашып білерсің», – деп қолыма қомақты конвертті ұстатып кетті.

Шынында да, сыртында бір белгі жоқ. Ашып қарасам, хат Нұрыш ағадан болып шықты. Үш бірдей соғыстың ардагері Хамит Мұхитов жайлы естелігін жазып жіберіпті. Бұған дейін жүздесіп, сұхбаттасып жүрген ағамыздың бұлайша хат жазуы мені қатты таң қалдырды. Дереу телефон соқтым.

– Мұныңыз қалай, Нұр-аға? Айшылық жерде жүргендей «айттым сәлем» деп хат жолдағаныңызға жол болсын, – дедім.

Жарықтық Нұрекең кеңкілдеп күліп алды. Сөйтті де:

– Үлкейгенде адам қорғаншақ болады екен. Өз аяғыммен баруға «мына бір мылжың шалдан құтыла алмадық-ау», деп ойларсыңдар. Хат жазуым содан, – деді.

– Ағасы-ау, «мылжың шалыңыз не» айтып отырған? Енді бір он-он бес жылда өздеріңіздей қазына қарттарды жарық күні шам алып іздесек те таппай қаларымыз, – дедім мен де…

Арада бір қыдыру уақыт өткенде Нұрыш ағаның өзі телефон соқты.

– Жас болса келіп қалды, шырақ. Іште әлі айтылмай жатқан сырлар көп. Уақытың болса бір соғып кетсең. Біраз әңгіме айтылар еді, – деп өтініш білдірді.

Әттең. Күйбең тіршіліктің күйімен жүріп уақыттың қалай өте шыққанын да байқамаппыз. «Кеудесі алтын сандық» қазына қартымыз да келместің кемесіне мініп үлгеріпті. Зерделі қария өткен жылдың желтоқсанында 88 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын, Нұр-аға!

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.